Оңай табысқа алданып қалмаңыз

Цифрлық технологияның қарқынды дамуы бізге көптеген мүмкіндікпен қатар, түрлі қауіптерді де көлденең тартуда. Сондай қауіптердің бірі – дропперлер. Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбаеваның айтуынша, құқықтық тілде дроптарды «ақша мулдары», ал, ағылшын сленгінде бұл сөз «ақымақ», «есірткі тасымалдаушы» және «алаяқтар алдаған адам» деген мағынаны білдіреді екен. 

– Дропперлер – банк карталарын немесе жеке деректерін басқа біреулерге беріп, заңсыз қаржы операцияларын жасауға көмектесетін тұлғалар. Мұндай топтардың қатарын көбіне студенттер, шетелдік мигранттар, жұмыссыздар мен баспанасыздар, зейнеткерлер мен үй шаруасындағы әйелдер, нашақорлыққа немесе алкогольге тәуелді адамдар құрайды. Әсіресе, 18 бен 25 жас аралығындағы жастарға оңай жолмен табыс табуға болатын ұсыныстар жиі түсіп жатады. Біздің мақсат – алаяқтар қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру үшін қандай айла-тәсілдерді қолданатынын жеткізу, – деді департамент өкілі.

Аға жедел уәкілдің сөзіне сүйенсек, дропперлер өз әрекеттеріне қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Атап айтқанда, «қолма-қол ақшаға айналдырушылар» – өз картасынан қылмыстық жолмен алынған ақшаны шешіп, оны алаяқтарға тапсыратындар; «транзиттік аударым жасаушылар» – алаяқтар көрсеткен реквизиттер бойынша ақша аударатындар; «құйып берушілер немесе қаражат аударушылар» – басқа дропперлерден ақшаны қолма-қол алып, оны өз картасына салып, транзитшілерге жіберушілер; «универсалдар» – барлық әрекеттерді орындай алатын дроптар. Дропперлердің «кәсіби қызметі» шамамен 3 айдан 18 айға дейін жалғасады екен. Ал, оның картасы арқылы күніне 20-ға жуық транзакция жүруі мүмкін.

«Darknet» деп аталатын желіде мұндай жұмысты өз еркімен іздейтіндер де кездеседі екен. Алайда, кейбір адамдар жұмыс туралы әртүрлі ұсыныстарға арбалып, дроппер болып кеткендерін өздері де аңғармай қалатын көрінеді. Оларды қалай ажыратуға болады? Негізгі белгілері төмендегідей болып келеді: бастапқыда сізден бірнеше банк картасын өз атыңызға немесе сенімхат арқылы ашуды сұрайды; жеке куәлігіңіз және басқа да жеке деректеріңізді алып, сіздің атыңыздан жалған кәсіпорын ашады; сізге криптобиржаларда, мобильді банкингте немесе электрондық төлем сервистерінде аккаунт ашуды ұсынады; бірнеше SIM-картаны ресімдеуді сұрайды; жалақысы жоғары жұмыс ұсынылады, бірақ сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз немесе мамандығыңыз талап етілмейді; жұмыс тек онлайн түрде жүреді; аз күшпен жоғары табысқа жету туралы уәде беріледі.

– Жеңіл әрі оңай келетін табысқа алданып қалмаған жөн. Себебі, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ал, заңды білмеу ешкімді де жауапкершіліктен босатпайды. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 190 және 28-баптарына сәйкес, алаяқтыққа қатысқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жақында қабылданған заңнамаға сәйкес, дропперлікке жеке қылмыстық бап енгізілді. Дроптар – 5 жылға дейін, ал, оларды ұйымдастырушылар – 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар банктік шоттары бұғатталып, банк немесе ірі қаржы ұйымдарында жұмыс істеуге шектеу қойылады. Тіпті, шетелге де шыға алмай қалуыңыз мүмкін, – деді Гүлзия Қарсыбаева.

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts