Полиция мен халық арасында ашық диалог орнай бастады

Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығы Ішкі істер саласына қажетті мамандар даярлайды. Оқу орталығының басшысы, полиция полковнигі Асылбек Алиев бұл оқу орнының 1974 жылы ашылғанын айтады.

«Бастапқыда Кеңестер Одағы құрамындағы бес одақтас республиканың, яғни Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан мен Ресейдің бірқатар облыстарына жедел уәкілдер мен ондағы түзету мекемелеріне отряд басшыларын дайындайтын Орта Азиядағы арнаулы орта мектеп ретінде құрылды. Осы жылдар ішінде оқу орны құқық қорғау қызметкерлерін даярлауда, олардың біліктілігін арттыруда үлкен тәжірибе жинақтады» дейді полковник Асылбек Алиев облыстық Оңтүстік Қазақстан газетіне берген сұхбатында.

Бұл білім ордасы еліміз егемендік алар тұста Шымкент арнайы милиция мектебі, содан кейін Үкіметтің 1995 жылғы 19 мамырдағы №721 қаулысымен Ішкі істер министрлігінің Шымкент заң колледжі, ал, 2011 жылы білім беру жүйелерін реформалауға байланысты Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығы болып қайта құрылған. 2000 жылы 7 сәуірде оқу ордасына қазақтың біртуар ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілген.

Аталмыш оқу орны учаскелік инспекторлардан бастап орта басшы құрам, қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына үміткерлер бастапқы кәсіби даярлық курстарынан, біліктілігін көтеру үшін қайта даярлау курстарынан өтеді. Бұл жерде жылына екі мыңға тарта тыңдаушы сертификат алып шығады. Олар бастапқы даярлық курстарында екі ай оқыса, оларды қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстары екі аптаға созылады.

Ал журналист Дәулет Тұрсынұлының «Қоғамда полицияның жағымсыз образы қалыптасқаны жасырын емес. Оның себебі неде? Орталықта тыңдаушыларға кәсіби білім беруден бөлек, рухани, идеологиялық тәрбие беру мәселесі қаншалықты жолға қойылған?» деген сұрағына полковник былай жауап береді.

«Меніңше, полицияның жағымсыз образын қалыптастырудың әртүрлі себебі бар. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, полиция қызметкерлерінің арасында теріс мінезді, жаман әдетке үйір адамдар жоқ деп айта алмаймыз. Ондай фактілер ішкі істер саласынан басқа салаларда да кездеседі. Қазір жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты да полиция мен халықтың арасында жағымды диалог орнату. Қисық жүргісі келген адамды түзу жолға салу қандай қиын болса, қылмыс жасаған немесе құқық бұзған адам өзінің әрекетіне тосқауыл болған адамды ешқашан жақсы демейді. Сондықтан да тәртіп сақшыларының атына жағымсыз пікірлер жиі айтылып жатады. Мысалы, полиция біреуді ұстап қамаса, істің ақ-қарасын, тергеудің қорытындысын күтпей-ақ полицияны жамандаған пікірлер қарша борайды. Тәртіп сақшысына берілетін бағаны жағымсыз пікір жазатындардың деңгейіне де қарап саралау керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң мен тәртіпке негізделген идеологиялық бастамасының арқасында бүгінде полиция мен халық арасында ашық диалог орнай бастады.

Әрине, Оқу орталығында ең бірінші мәдениеттілік пен әдептілікке айрықша назар аударылады. Мәселен, орталық қызметкерлері қоғамның полиция қызметкерлеріне деген сенімін қалыптастыруға бағытталған түрлі  жобаларды әзірлеп, табысты жүзеге асыруда. Мұндағы мақсат – сыпайы қарым-қатынас арқылы полицияның ашықтығын көрсету, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара ынтымақтастық орнату.

Тыңдаушыларға рухани тәрбие беру жұмысы жайлы айтар болсақ, Оқу орталығында музей, генералдар кабинеті, қызмет барысында қаза болған түлектеріміздің құрметіне қойылған тақталар бар. Әрбір ауысым сайынғы кураторлық сағаттарда, мерекелерде, іс-шараларда тыңдаушыларға оларды жете таныстырып отырамыз. Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлының ескерткіші мен қызмет барысында қаза болған полиция қызметкерлеріне арналған тақталар мен бұрыштарға гүл шоқтарын қойып, олардың ерлік істерін еске аламыз. Орталық ішінен Қазақстан полициясының қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға арнап аудиториялар аштық. Тыңдаушыларға арналған жоспарлы сабақтар милиция генералдары Қ.Қалменов, Ж.Сұлтанов, полиция генерал-майоры Т.Қабденов, сондай-ақ өзінің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Халық Қаһарманы Ғ.Байтасов, оқу орнының түлегі Т.Шералиев атындағы арнайы жабдықталған кабинеттерде өтеді. Олардың осы саладағы еңбек жолдары, мамандыққа деген адалдықтары бүгінгі жас мамандарға шамшырақ іспетті. Мәселен, Жеңісбай Сұлтанов, Талап Қабденов ағаларымыз Оқу орталығындағы әрбір жаңа бастамаға жол сілтеп, қолдау білдіріп, тыңдаушылардың сапалы біліммен бірге тәлімді тәрбие алуына ұйытқы болып жүреді. Бұл бүгінгі ізбасар-әріптестеріміздің алдыңғы буын ағаларымыздан үлгі-өнеге алуына жол ашады.

Сондай-ақ, «Қазір полиция қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсамақ болғандарды да өлімнен арашалап жатады. Мұндай қауіпті қадамдарға бару үшін де тәрбие мен білімнен бөлек, білікті болу да аса маңызды шығар» деген тілшінің сауалына полковник Асылбек Алиев: «Халықтың қауіпсіздігі білікті де білімді полиция қызметкерлерінің қолында. Олар қылмыспен күрес кезінде үнемі бастарын қатерге тігіп жүреді. Тыңдаушыларға қызметтік міндеттерін атқару кезінде өз қауіпсіздіктерін қалай сақтау керектігін үйретеміз. Айталық, тәуелсіздік алғалы бері елімізде 800-ден астам полиция қызметкері қаза тапса, 4500-ден астамы жарақат алыпты. Қаза тапқандардың арасында осы Оқу орталығының түлектері де бар. Оларды анттарына адалдық танытқан бейбіт күннің батырлары дер едім. Бұл – болашақ полиция қызметкерлері үшін ерлік пен адалдықтың үлгісі» деп жауап берген.

П.Асыл.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Сарыағашта “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында оқушылармен кездесу өтті

«Түркістан облысы аумағында өткізіліп жатқан “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Сарыағаш аудандық полиция басқармасында оқушылармен кездесу ұйымдастырылды» деп хабарлайды…