Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлері асқан батылдық пен жоғары кәсібилік танытты.
Қаруланған азамат құқық қорғау органдарына оқ жаудырып, салдарынан бір қызметкер ауыр жарақат алғанына қарамастан, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Қылмыскер дер кезінде залалсыздандырылып, ықтимал үлкен қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
Бұл – қоғам тыныштығы үшін өз өмірін қатерге тігіп жүрген полиция қызметкерлерінің ерен еңбегінің айқын дәлелі.
Осы оқиғаға байланысты:
Жарақат алған полиция қызметкерін мемлекеттік марапатқа ұсыну,
Оған жан-жақты психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету,
Тергеу емес, қорғау тұрғысынан мемлекет тарапынан әділ көзқарас таныту – орынды әрі қажетті қадам деп есептеймін.
Ерлікке құрмет көрсету – Жаңа Қазақстанның мызғымас қағидаттарының бірі болуы тиіс.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне шынайы алғыс білдіремін!