Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша полицейлер «Борышкер» іс-шарасы барысында қарызын өтемеген 40 тұрғынды анықтаған.
«Түркістан қалалық Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімі қызметкерлері қала аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың жауапкершілігін арттыру мақсатында «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде» деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Іс шараның мақсаты — қолданыстағы заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын бақылау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және әкімшілік айыппұлдарды өндіру көрсеткішін арттыру. Осы бағытта полицейлер күн сайын жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізу.
Рейдтік іс-шара барысында полицейлер айыппұлдарын уақытында төлемеген 40 азаматты анықтады. Тексеру кезінде әрбір азаматқа әкімшілік айыппұлды белгіленген мерзімде төлеудің тәртібі мен талаптары түсіндіріліп, міндеттемені орындамаған жағдайда қолданылатын заңды шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.
Нәтижесінде екі тәулік ішінде тәртіп сақшылары әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін іздеуде болған және айыппұлдарынан жалтарған азаматтардың 40 автокөлігін айыптұраққа қойды.
Бұл көрсеткіш жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстың тиімділігін және рейдтік іс-шараның нәтижелілігін айғақтайды. Полиция басқармасы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеуге және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Р. Расул.