Еліміздің Ата Заңында мемлекеттік тіл қазақ тілі деп көрсетілген. Сонымен қатар, Азаматтық процестік кодексінде, Қылмыстық процестік кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде сот істерінің қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал, қажет болған кезде басқа да тілдердің қолданылатыны нақтыланған. Яғни азаматтардың сотқа қай тілде шағым беретініне қатысты ешқандай шектеу жоқ. Бірақ, әрбір азамат мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосуы керек. Бұл жазылмаған заңдылық. Мұндай қағиданы сотқа арыз-шағым бергенде де ескеру керек.
Өкінішке қарай, қылмыстық істердің едәуір бөлігі өзге тілдерде қаралады. Бұған көбіне қылмыстық істерді орыс тілінде жүргізетін тергеу органдарының әрекеттері себеп болып жатады. Сонымен қатар, айыпталушылардың адвокаттары да, жәбірленушілерге көмегін ұсынатын адвокаттар да арызды көбінесе өзі жетік білетін тілде жазып, істің сол тілде қаралуына түрткі болып жатады. Дегенмен, басқа салада қызмет етіп жүрген азаматтардың тіл таңдауға құзыры болғанымен, мемлекеттік қызметкерлер ең алдымен мемлекетке, мемлекеттік тілді дамытуға қызмет ететінін ешқашан есінен шығармауы тиіс. Егер мемлекеттік қызметтегі азаматтар құжаттарды толықтай қазақ тілінде дайындаған жағдайда соттағы мемлекеттік тілдің үлесі қазіргіден әлдеқайда жоғары болар еді. Мұндай кемшілік адвокаттар арасында да жиі кездесіп тұрады. Қорғаушылар бір тілде, қорғауындағы азаматтар бір тілде сөйлейтін кездер аз емес. Қарапайым халық та адвокаттың білімі мен көмегіне сеніп, арыздың қай тілде жазылғанына көңіл бөле бермейді. Осы теріс көзқарасты өзгерткен жағдайда қазақ тілінің қолданысы кеңейері күмәнсіз.
Әрине, сот саласы мемлекеттік тілдің мерейін өсіру үшін барлық жағдайды жасап-ақ жатыр. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында барлық құжаттар мемлекеттік тілде дайындалып, кіріс-шығыс хаттарға мемлекеттік тілде жауап қайтарылады. Судьялар мен сот мамандарының мемлекеттік тілдегі білім-білігін жетілдіруге көп мән беріледі. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Сәбит ТӨРЕХАНОВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы.
okg.kz