Ата Заңымыздың 76-бабында «сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады» деп көрсетілсе, 77-бапта: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» деп нақтыланған.
Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын басты құрылым болғандықтан сот саласына қойылар талап та жоғары. Бұл өз кезегінде сот корпусын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету ұстанымын алға шығарып, судьялықтан үміткер жандарға қойылатын талаптардың күшейтілуіне алып келді. Айталық, бұрын 25 жастан асқан, заңдық білім алған, құқық, заң құрылымдарында 5 жылдық жұмыс өтілі бар мамандардың судья болуға мүмкіндігі болатын. Кейіннен судьялықтан үмітті жандардың шекті жасы ұзартылды. Мұның бәрі отыз жаста азаматтардың ақыл-ойы толысып, тәжірибесі артып, өз эмоциясын бақылай алады, өз іс-әрекетіне жауап береді деген пікірден туған болатын.
Расында, сот – дау алаңы. Қос тараптың сот отырысында парасатты мәмілеге келетін кезі сирек. Тараптардың көңіл-күйдің жетегінде кететін, дауда жеңіске жету үшін өтірік айтып, жұртты жаңылдыруға тырысатын тұсы да баршылық. Сондайда қос тарапқа теңдей қарап, әр фактіні терең пайыммен саралап, көңіл-күйдің ырғағына берілмеу судьяның тәжірибесі мен шеберлігіне тікелей байланысты.
Бүгінде судьялыққа кандидаттарды іріктеуден бастап, судьялардың біліктілігін көтеру, шеберлігін шыңдау мәселесімен толықтай Жоғарғы Сот кеңесі айналысады. Кеңестің ақпараттық сайтынан судьялықтан үміткерлер барлық мәліметті ала алады. Сонымен қатар, қарапайым азаматтардың бұл сайтта судьялыққа ұсынылған үміткерлерге қатысты пікірін білдіруіне, сот корпусының сапалы кадрлармен толығуына үлес қосуына мүмкіндігі бар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жоғарғы Сот кеңесіне сот корпусына мықты кадрларды іріктеу, судьялардың кәсіби шеберлігін шыңдау міндетін жүктеп отыр. Бүгінде осы бағытта жан-жақты жұмыс жүргізіп отырған Кеңес бұл міндетті сапалы орындайтынына сенім мол.
Байсейіт РҮСТЕМ, Түркістан облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы.