Сот инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша Түркістан облысында көшпелі іссапар өтті. Сот жүйесінің инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін талдау жөніндегі бірлескен жоба аясында Дүниежүзілік банк өкілдері, шетелдік сарапшылар және Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің қызметкерлері Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Түркістан облыстық сотының Баспасөз қызметі бөлімі хабарлады.
«Іссапар барысында делегация Түркістан облысында жаңадан салынған облыстық сот ғимаратымен танысып, оның жоспарлануы, функционалдық аймақтары, инженерлік шешімдері және сот төрелігін жүзеге асыруға арналған инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін зерделеді.
Сонымен қатар, делегация Ордабасы аудандық сотының ғимаратын аралап, сот ғимараттарының өңірлік деңгейде орналасуы мен пайдаланылу жағдайына талдау жүргізді» деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Аталған іссапар сот ғимараттарын жоспарлау, салу және орналастыру мәселелері бойынша халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, инфрақұрылымдық шешімдерді салыстырмалы түрде бағалауға және оларды ұлттық сот жүйесіне бейімдеу мақсатында ұйымдастырылды.
Еске сала кетсек, Жоғарғы Сот Төрағасының тапсырмасына сәйкес, Дүниежүзілік банк және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы (JERP) шеңберінде сот жүйесінің инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін талдау жобасы іске қосылған болатын. Жоба Сот әкімшілігі қызметкерлері мен Дүниежүзілік банк сарапшыларынан құралған бірлескен жұмыс тобының қатысуымен жүзеге асырылуда.
Жоба шеңберінде Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бірқатар облыстарында орналасқан 30-дан астам сот ғимаратына кешенді зерттеу жүргізу жоспарланған.
Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша сот ғимараттарын жоспарлау, салу және орналастыру мәселелері бойынша халықаралық тәжірибеге негізделген, тәжірибеде қолдануға болатын бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған аналитикалық баяндама әзірленеді.
«Аталған құжат басқарушылық және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде пайдаланылып, сот инфрақұрылымын дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыруға негіз болады.
Айта кету қажет, делегацияны басқару және жобалық менеджмент саласының маманы, жоба жетекшісі Саламат Қусаинова бастап келді. Сарапшылар тобының құрамына сот инфрақұрылымы жөніндегі халықаралық сарапшы Хикару Китаи және Нұрлан Хасенбаев кірді» делінген баспасөз хабарламасында.