Түркістан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша бірқатар аумақтық бөлімшелерге кешенді тексеру жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты-қызметкерлердің жауынгерлік және қызметтік дайындық деңгейін арттыру, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықтың қатаң сақталуын, сондай-ақ қызметтік әдеп пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нормаларын қамтамасыз ету.
Саптық тексеріс барысында қызметкерлердің сыртқы келбеті, нысанды киім-кешектің белгіленген талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ қызметтік куәліктерде арнаулы атақтар мен лауазымдарды көрсетудің дұрыстығы тексерілді. Төтенше жағдайларға жедел ден қоюға арналған «дабыл сөмкелерінің» жай-күйі мен жинақталуына ерекше назар аударылды.
Аталған жоспарлы іс-шаралар Түркістан қалалық Полиция басқармасында, Кентау қалалық полиция бөлімінде, сондай-ақ Сауран, Созақ, Бәйдібек, Ордабасы, Жетісай, Мақтаарал, Келес және Қазығұрт аудандарында өткізілді.
Бұдан бөлек ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшылығы жеке құрам арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері бойынша түсіндіру әңгімелерін ұйымдастырды.
Сондай-ақ заңнама мен қызметтік тәртіпті бұзудың салдарын көрсететін бейнероликтер көрсетілді. Бөлімшелердің дайындығын тексеру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тәртіпті нығайту жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасатын болады, бұл полиция қызметінің тиімділігін арттыруға және халықтың сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі