Ата Заңның 76-бабының 3-тармағы және ҚР Азаматтық процестік кодексінің 21-бабына сәйкес соттардың шешімдері, үкімдері мен өзге қаулылары барлық мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен міндетті түрде орындалуы тиіс. Халқымыздың соттарға деген сенімінің артуы мен қоғамда құқықтың сақталуы үшін сот шешімдерінің өз күшінде орындалуы аса маңызды.
Соңғы жылдары сот шешімдерінің орындалу мәселесіне баса мән беріліп келеді. Атқарушы қызмет туралы заңдар жетілдіріліп, сот орындаушыларының материалдық-техникалық жағдайлары жақсартылып жатыр. Сот шешімін орындамаған борышкерлерге, балаларына алимент төлемейтін қашқын әкелерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті одан әрі күшейту көзделген. Шығарылған сот шешімі толығымен орындалмайынша, жеке тұлғалардың немесе заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтары қалпына келтірілді деуге болмайды. Соттың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде шығарған шешімдері мен талаптары барлық мемлекеттік орган мен олардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар үшін орындауға міндетті. Оны орындамау заңмен белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау – үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Сот шешімдерін орындау көп уақытты және тер төгуді қажет ететін жұмыс екендігі белгілі. Кей жағдайда сот орындаушысы оны заңнамада көрсетілген мерзімде орындай алмайды. Ол әртүрлі жағдайларға байланысты. Сот шешімдерінің орындалмауы – атқарушылық іс жүргізу органдарының ғана емес, жалпы мемлекеттің өзекті проблемаларының бірі.
Марат ОҢЛАСОВ, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.