Жолдан жаңылдырған жарнамалар

Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Тұрапбай Жанболат елімізде заңсыз ойын бизнестерінің жолын кесу, онлайн ойындарды жарнамалаудың алдын алу жұмыстары қарқын алып келе жатқанын айтады. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір аумағында да үздіксіз атқарылып келеді. Тіпті, лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес – құзіретті органдардың негізгі жұмысына айналған. Оның сөзіне сүйенсек, заңсыз ойын залдарының саны азайғанымен, интернет арқылы жұмыс істейтін платформалар көбейіп кеткен. Сол себепті құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдіктер мен прокуратура тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Биылдың өзінде заңсыз ойын бизнесі бойынша департаментте 5 қылмыстық іс қозғалып, 5 ойын залының жұмысы тоқтатылған. Одан бөлек, инстаграм желісіндегі парақша арқылы заңсыз онлайн-казиноны жүргізген адамдар құрықталып, олардың ісі сотқа өткізілген. Сонымен бірге, 500-ге жуық заңсыз ойын сайттары бұғатталып, әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея ұйымдастырушыларды және онлайн-казиноны жарнамалаған тұлғаларды жауапқа тарту үшін ҚР Туризм және спорт министрлігіне – 4, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне 2 хат жіберілген.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері агенттік 34 блогердің онлайн ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтапты. Олардың ішінде әлеуметтік желіде аты мәлім Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы сынды замандастарымыз да бар. Бүгінге дейін олардың оннан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне шара қабылдау үшін жолданған.

Тіпті, бұл блогерлердің көбісі заңды бір рет қана емес, жүйелі түрде бұзады екен. Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) 2025 жылдың басынан бері аталған бап бойынша 5 рет(!) жауапқа тартылған. 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да құзіретті органдардың жіті бақылауында екен. Әсіресе, Қайсар Қамза өзінің телеграм желісіндегі каналында үнемі заңсыз ойындарды насихаттап, «жалған жеңімпаздардың» видеоларын жариялап жүр екен.

Департамент өкілі блогерлердің жарнама қызметі үшін қанша қаражат алғанын да айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн. теңгеден астам сыйақы алған. Ал, Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында белсенді науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн. теңге алып, қаржының жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.

Өкінішке қарай, мұндай заңсыз әрекеттерге қыздар да белсенді араласады екен. Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казиноға тіркелуге шақырған қарапайым «стористерін» небәрі  350 мың теңгеге бағалаған. Ал, құмар ойынның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогер қыздардың да жаман аттары шығып жатқан көрінеді.

– Аты аталған азаматтар онлайн-казино жарнамасы құмар ойын шырмауына бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, теріс істерін одан әрі жалғастыруда. Олар адамдардың тағдырына немқұрайды қарап, қаншама отбасының күйреуіне себеп болып жатыр. Миллиондаған теңге табысқа кенелген кейбір блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекеттерін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастырады. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларын жарнамалаған секілді онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді, – дейді Тұрапбай Жанболат.

Бір сөзбен айтқанда, құмар ойынның, жеңіл табыстың соңы – өкініш пен қасірет. Сондықтан бұл проблемаға бірде-бір адам бей-жай қарамауы тиіс. Егер қандай да бір күдікті ұсыныстар түссе немесе қоғамға зиянын тигізіп жүрген тұлғалардың әрекетін білсеңіз, дереу телеграм желісіндегі «АФМ Insider» ботына хабарласқаныңыз абзал. Агенттік аты-жөніңізді құпия ұстауға кепілдік береді.

habarlike.kz

 

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Суррогат ана жайлы Заңда…

Өмірде әркімнің тағдыры әртүрлі. Түрлі тағдыр иелері сан қилы жағдайды бастан кешіріп жатады. Әсіресе отбасылық өмірдің іргетасы берік,…

Заңмен белгіленген жауаптылық

Ата Заңның 76-бабының 3-тармағы және ҚР Азаматтық процестік кодексінің 21-бабына сәйкес соттардың шешімдері, үкімдері мен өзге қаулылары барлық…