Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» республикалық акциясы аясында марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова ашып, жүргізді. Шараға қатысушыларға алғыс айтып, қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру жолындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында белсенді еңбек еткен бірқатар қатысушыларды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Созақ аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Рүстем Нұрдәулет шараның маңыздылығына тоқталды. Акцияға үлес қосқан бірқатар мамандарға аудандық полиция бөлімінің алғыс хатын табыс етті.
Шараға полиция бөлімінің өкілдері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, психолог мамандар, қоғамдық ұйымдар өкілдері және акцияға белсенді атсалысқан сала қызметкерлері қатысты.
Созақ ауданы әкімдігі.