«Арыс қаласы «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық бастамасын қолдады. Бастама «Зорлық-зомбылықсыз болашақ — әркімнің құқығы!» ұранымен өтуде. Осыған сәйкес Арыс қаласында түрлі форматтағы ақпараттық-түсіндіру кездесулері, тұрғындармен ашық диалогтар, қоғамдық ұйымдармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылуда» деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерге көрсетілетін көмек түрлері және құқықтық сауаттылықтың маңызы жөнінде кеңінен мәлімет беруде.
Акцияның маңызды элементтерінің бірі — әлеуметтік желілерде қолға алынған арнайы флешмоб. Оған қала тұрғындары мен жастар белсенді қатысып, зорлық-зомбылыққа қарсы ортақ ұстанымды көрсетуге атсалысуда.
Бұл флешмобтың мақсаты — қоғамды мәселеге бейжай қарамауға, зорлық-зомбылық туралы ашық айтуға және үнсіздік мәдениетін еңсеруге шақыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір азаматтың қауіпсіз ортада өмір сүруі – басты құндылық.
Сондықтан аталған акцияға қатысу — зорлық-зомбылықсыз, әділ және сыйластыққа негізделген қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Н.Абай.