«Әрбір өтініш бойынша заң талаптарына сәйкес шешім қабылданады. Азаматтардың әлеуметтік жағдайына әсер ететін мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Жұмыспен қамту, тұрғын үй құжаттары, еңбек ақы және инфрақұрылым бағытындағы сұрақтар тұрақты бақылауда болады».
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдау барысында осылай уәде берді.
Аудан тұрғындарымен кездескен әкім әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы өтініштерді тыңдады. Қабылдауда тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдем сұраған азаматтың өтінішін шешу үшін «Мансап» орталығы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркеу тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмысқа қатысу мүмкіндігі ұсынылды.
Сонымен қатар азаматтарға мемлекет меншігіндегі қызметтік тұрғын үйдің құжаттарын заңдастыру мәселесі бойынша түсіндірме берілді. Қызметтік үйді тіркеуге қою үшін мемлекеттік қабылдау актісін жаңарту қажеттілігі анықталды. Құжаттарды рәсімдеу және қаржы сұрату мақсатында алдағы мәслихат отырысына ұсыныс енгізу үшін материалдар жинақталуда.
Ауылдық елді мекендегі көшелердің бірін жарықтандыру мәселесі бойынша түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары бюджеттен қаржы қарастырылмауына байланысты кейінге жоспарланатыны айтылды.
Қабылдау барысында жұмыспен қамту, көше жарықтандыру, тұрғын үй құжаттарын заңдастыру, еңбек ақы өндіру және ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер көтерілді. Әр өтініш бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.
Ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселе ретінде мақта қабылдау бекеттеріне өткізілген өнімнің ақысын ала алмау жағдайы көтерілді. Бұл мәселе аудан әкімдігі тарапынан бақылауға алынып, жауапты сала басшыларына шаруалардың шағымдарын жинақтап, тиісті органдармен бірлесіп қарау тапсырылды.
«Аудан әкімі қабылдауда көтерілген әр мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді» деп хабарлады Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
habarlike.kz