«Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы шаралар күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрғындарды қолжетімді өніммен қамтамасыз ету мақсатында мониторинг пен бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында әкімдіктің тұрақтандыру қорында жеткілікті көлемде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптастырылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 39 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары нарықтық бағадан 15-20% төмен саудалануда.
Сонымен қатар әр апта сайын облыс аумағында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен өнімдер нарыққа делдалсыз жеткізілуде. Нәтижесінде, тұтынушылар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан 20-30% төмен бағада сатып алуда.
Әкімдік тарапынан ет өндіретін шаруаларға арнайы қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр етінің бағасы базарларда 2 600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр. Жалпы, статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа және көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздегі ең төмен бағалар қатарында.
Одан бөлек, «Береке Fest» акциясы басталып, сауда желілерінде бағаның өсуін тежеу және төментеду мақсатында сауда үстемесі 10%-дан аспауға тиіс деген шартпен міндетті меморандумдар жасалды. Аталған акция барысында қала аумағындағы 14 супермаркетпен арнайы меморандумдар түзілді.
Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар одан әрі жалғасатын болады.