Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды жүргізіліп келеді. Биыл облыста 33 инвестициялық жоба іске қосылып, 4793 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 48 жобаға жетеді деп күтілуде. Облыста 2028-жылға дейін 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл межеге қол жеткізу 23 915 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. 2024-жылы жүзеге асқан 16 инвестжоба 1358 азаматты тұрақты жүмыспен қамтамасыз етті.
Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шайхы Жандоспен кездесуінде айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары қаржыландыру барысында кездесетін түйткілдерге де тоқталып, халық тығыз орналасқан аудандарда арнайы кеңсе ашу, несиелендіру мен қаржылық сауаттылыққа қатысты кеңес беру орталығын жасақтау жайын талқылады.
Айта кетейік, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» арқылы өңірден ұсынылған құны 500,8 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба мақұлданған. Басқарма төрағасының орынбасары Ұлттық басқарушы холдингі қайта өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және Агроөнеркәсіптік кешен салаларына қатысты шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Басқосуда шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында екінші деңгейлік банктер арқылы жеңілдетілген несиелер ұсыну шарттары, құқықтық номативтері сараланды.
«Кездесу нәтижесінде ынтымақтастық меморандум түзіліп, келісімге қол қойылды» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
А. Гүл.