Кентауда тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды

Түркістан облысында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдау, қоғаммен диалог орнату бағытында жүйелі жұмыс бар. Осы міндетті басшылыққа алған «AMANAT» Түркістан облыстық филиалы қолға алған мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау кездесуі бүгін Кентау қаласында жалғасты.

Азаматтардың өтініш-тілектеріне жедел әрі сапалы жауап беруді көздейтін қоғамдық қабылдау кездесуі қаладағы жастар ресурстық орталығында өтіп, партия ашып берген диалог алаңының мүмкіндігін пайдаланған тұрғындар қатары көп болды. Азаматтар білдірген сұраныстарға әкімдік қызметкерлері, департамент және басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың қызметкерлері, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, банк және әлеуметтік сала мамандары, барлығы 60-қа жуық облыстық деңгейдегі мекемелер мен ұйымдардың өкілдері жауап берді.

Қоғамдық қабылдаудың ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және өзге де басшылар қатысып, азаматтармен ашық диалог жүргізуге қызмет ететін алаң тұрғындар көтерген барлық мәселені мүмкіндігінше шұғыл және сапалы шешуге ықпал ететінін түсіндіріп өтті.

– Мемлекет басшысының азаматтардың мәселесін кейінге қалдырмай, нақты әрі әділ шешу бойынша нақты тапсырмасы бар. 2025 жылы облыстық партия филиалына 15 687 өтініш келіп түсті, азаматтар білдірген өтініштердің 10 547-сі немесе барлық өтініштің 67,2 пайызы оң шешімін тапты. Сонымен қатар 5082 өтініш бойынша құқықтық консультациялар берілсе, облыстық, аудандық, қалалық партия филиалдарында 3488 қабылдау жүргізілді. «Құқықтық көмек» жобасы бойынша 107 қабылдау жүргізіліп, 787 азаматтың өтініштері тыңдалды. Кентау – өзіндік әлеуметтік және инфрақұрылымдық ерекшелігі бар қала екені белгілі. Мұнда тұрғын үй қорының тозуы, инженерлік желілердің жаңартылуы, жұмыспен қамту, жастар саясаты сияқты мәселелер жиі көтеріледі. Партия бұл түйткілдердің барлығын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешуге мүдделі. Бүгін айтылған әрбір өтініш бақылауға алынады, олардың орындалуы партиялық қадағалауда болады, – деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Қабылдау барысында партияның «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындардың өтініштері жеке-дара қаралды. Атап айтқанда, кентаулықтар тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, алимент, несие жүктемесі, мұрагерлік, отбасылық мәселелер және коммуналдық қызмет сапасына қатысты өзекті проблемаларын көтерді. Қабылдау жүргізген нотариустар мен адвокаттар құқықтық кеңестер беріп, медиаторлар даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу жолдарын түсіндірсе, «Отбасы банк» өкілдері тұрғын үй бағдарламалары мен жеңілдетілген несиелеу тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды. Көптеген өтініштер сол жерде шешімін тауып, бірқатары бақылауға алынды.

Қала тұрғындары тарапынан тұрғын үй қатынастары саласына қатысты көптеген сауалдар қойылды. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің тозуы, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі, ауыз су мен жылу жүйесіне қатысты мәселелер, кондоминиум құру мәселесіне қатысты сауалдар, көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, аяқжолдар төсеу, ойын және спорт алаңшаларын құру өтініштері айтылды. Орамішілік жолдарды қалпына келтіру, қосымша бағдаршамдар орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін қою, қауіпті жол учаскелеріне жасанды жол кедергілерін қою, жылдамдықты өлшеуіш құралдарын орнату мәселесі айтылды. Әлеуметтік сұраныстар қатарында денсаулық жағдайы бойынша мүгедектікті тағайындауға көмек беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға санаторлық мекемелерге жолдама беру мәселелері айтылды. Сондай-ақ қабылдау барысында жылу тарифіне қатысты мәселелер айтылып, газбен қамту саласындағы түйткілдер көтерілді. Арендалық пәтерді мүгедектігі бар азаматтың атына аудару, жастар практикасысына қатысу талаптары бойынша азаматтарға кеңестер берілді.

Тұрғындар мұндай көшпелі қабылдаулар халық пен билік арасындағы байланысты одан әрі нығайтады деген сенімдерін білдірді.

Партияның көшпелі қоғамдық қабылдауы түс қайта Қарнақ елді мекенінде жалғасты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

СОЗАҚ САПАЛЫ СУ ІШЕДІ

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Созақ ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Созақ…