«Арыс – Отырар тасжолының бойында орналасқан өндірістік аймақтың жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Қала әкімі Қайсар Маңқараев нысанда болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Әкім инвестиция тарту арқылы жұмыс орындарын ашу – мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды міндеттеді» деп хабарлайды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты істер қолға алынуда. Соның бір айғағы – Арыс қаласында бой көтеріп жатқан өндірістік парк.
Жобалық жоспарға сәйкес, өндірістік паркте барлығы бес жоба жүзеге асырылмақ. Олар – термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз өндірісі, бақша өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын дайындау бағыттары.
Аталған жобалардың жиынтық құны – 215 миллион теңге. Жоба жүзеге асқан соң 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін өндірістік парк Арыстың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасамақ.