Отырар – қазақ руханиятының алтын бесігі, өркениет пен мәдениеттің мәңгілік мекені. Биыл бұл қасиетті өлке – Отырар ауданына 90 жыл толып отыр.
Тарихы терең, тағылымы мол өлкенің мерейлі мерекесі кең көлемде аталып өтті. Отырардың торқалы тойы кең көлемде тойланып, мерекелік шаралар легі ел есінде қалатын тағылымды басқосулармен жалғасын тапты.
Мерейтой аясында аудан орталығында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Берекелі – алтын күз» атты жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде аудан диқандары мен шаруа қожалықтарының үздік өнімдері, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, қолөнер шеберлерінің туындылары және ұлттық жәдігерлер көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты іс-шара Отырардан шыққан тарихи тұлғалардың шеруімен ашылды. Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаеваның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан озат шаруаларды марапаттады. Өз сөзінде ол:
«Отырар ауданы – елдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан өңір. Бүгінгі жетістіктер – халықтың табанды еңбегі мен туған жерге деген адал қызметінің жемісі. 90 жылдық мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сеніммен қадам басар сәт», – деді.
Аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов мерекелік медальдармен марапаттаулар жүргізсе, қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов, профессор Әбдірахман Омбаев және Жеңісбек Мәуленқұловтар жүрекжарды тілектерін білдірді.
Аудандық мәдениет сарайында өткен «Ұлы даланың жүрегі – Отырар: тарих, мәдениет және дәуір» атты ғылыми-танымдық конференция мерейтойдың маңызын арттыра түсті. Конференция модераторы – отырарлық ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Серік Сейітман. Конференция алдында көпшілік отырарлық қылқалам шебері Әділхан Мәліктің «Көне де жаңа Отырар – қазақ тарихының тұмары» атты жеке көрмесін тамашалады.
Сондай-ақ Қуаныш Айтаханов, еңбек ардагері Әлімжан Құртаев, этнограф Абдулла Жұмашов секілді танымал азаматтар ауданның өткені мен бүгінгісіне шолу жасап, тарихи ойларымен бөлісті. Конференция аясында Отырардың 90 жылдық шежіресін қамтыған естелік кітаптың тұсауы кесілді.
Конференцияда сөз алған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Абай Балажан бұқаралық ақпарат құралдарының рухани рөлін тілге тиек етіп, «Отырар алқабы» газетінің тарихына шолу жасады. Өлкетанушы Бекжан Бейсенбай Отырардан шыққан 30-дан астам ғұлама жайлы және көне Отырар кітапханасының жаңалықтарымен бөлісті.
Мерекенің шарықтау шегі – «Құт мекенім – Отырар» атты салтанатты гала-концерт болды. Биыл ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына – 95 жыл, халық ақыны Әселхан Қалыбекованың – 75 жыл, сатирик Көпен Әмірбектің – 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл кешке өнерсүйер қауым көптеп жиналды.
Гала-концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев, Ғазизхан Шекербек, Қуандық Рақым, Дана Кентай, Мархаба Сәби, Әділет Жауғашар және «Alatau voice» квартеті өнер көрсетті. Жүргізушілер – белгілі шоумен Жанатбек Бәйтеков пен тележүргізуші Ақбота Нұр – мерекелік кештің көркін аша түсті. Аудан басшысы мен мәслихат төрағасы мерейтой иелерін құттықтап, арнайы марапаттар табыстады.
Кеш соңында отшашу атылып, ел тұрғындары шат-шадыман көңіл күймен тарқасты.
Отырар – өткенімен өнегелі, болашағымен нұрлы мекен. 90 жыл ішінде бұл өлке талай тарихты бастан кешіріп, елге өнеге болған тұлғаларды өсірді. Бүгінгі той – өткенге тағзым, келешекке сеніммен қарау. Ел рухын көтеретін, ұрпақты ұлтжандылыққа баулитын мұндай мерекелер мәңгілік ел мұратын жалғауға жол аша бермек.