«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауы Сарыағаш қаласындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасты. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде өткен қабылдауға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, фракция мүшелері Алмас Салимов, Уәлихан Рахиев, Жәнібек Сүлейеменов қатысты.
Азаматтар өздерін толғандырған сауалдарды құқық қорғау органдарының жауапты азаматтарына, прокуратура өкіліне, облыстық департаменттер мен басқарманың басшылық құрамына, кәсіби заңгерлерге, авдвокаттарға, жеке сот орындаушыларына, медиаторларға, ағын сумен және ауыз сумен, газбен, электр қуатымен қамтушы ұйымдардың өкілдеріне, банк қызметкерлеріне, депутаттарға, партия қызметкерлеріне қоюға мүмкіндік алды.
Қабылдаудың маңызын түсіндірген облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы, Сарыағаш – еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі әрі стратегиялық маңызы зор аудан екенін айтты.
«- Сарыағаш – мемлекеттік шекараның қақпасында тұрған, халықаралық қатынастар мен экономикалық байланыстардың тоғысқан тұсында тұрған қала. Мұндай аймақта сіздердің пікірлеріңізді тыңдау, ұсыныстарыңызды ескеріп, әр мәселенің реттеу тетігін белгілеу – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың ең тиімді жолы. Хабарларыңыз бар, Мемлекет басшысы биылғы 15 наурызда Бурабайды өткен Ұлттық құрылтайда «Шекаралық аймақтарды дамыту туралы» заң қабылдауды тапсырды. Заң жобасын талқылау жиынын осы ауданда да өткізіп, оған өздеріңіз қатыстыңыздар. Шекаралық аймақ тұрғындарынан бірқатар ұсыныстар тыңдалды, оларды заңға енгізу үшін Парламенттік фракцияға жолданды. Тиісті заң нормалары қолданысқа енгізілсе, бірқатар өзекті деген меселелер шешімін табады. Ал бүгінгі қабылдауымызға барлық құзырлы органдардың өкілдері келіп отыр. Мұнда күнделікті өмірлеріңізге әсер ететін маңызды мәселелерді еркін көтеріп, нақты жауап аласыздар деген сенімдемін», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Қабылдауға келген азаматтар Сарыағаш және Келес аудандарына ортақ медициналық-әлеуеттік сараптама орталығына ғимарат салып беру, Қабыланбек ауылдық округінде мәдениет үйінің құрылысын жүргізу мәселелерін көтерді. Бұл өтініштер бойынша аудан әкімдігі зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиімділігін анықтайтын болады.
Сондай-ақ сала жетекшілерінің қабылдауында болған азаматтар елді мекендердің инфрақүрылымдық ахуалын жақсартуға, инженерлік жүйелерді жаңғыртуға қатысты ұсыныстарын айтты. Елді мекендерде ауыз су жүйелерінің тозғандығы, кейбір ауылдарда су қысымы төмен болып жатқаны хабарланды. Ішкі көшелердің біраз бөлігінде қиыршық тас төселгендігі айтылып, асфальт төсеу бойынша сұраныстар жеткізілді. Электр қуатының сапасына қатысты көптеген шағымдар айтылып, бұл мәселені облыстық партия филиалы жіті бақылауына алатын болып ұйғарылды.
Қала аумағында жоспарлау және құрылыс нормаларын сақтау, шекара маңындағы сауданы реттеу, көші-қон процессіне қадағалауды күшейту, экология және тазалық мәселелері, әлеуметтік салаға қатысты сауалдар, жұмыспен қамту өтініштері тыңдалып, бірқатар мәселелер салалық департаменттер мен басқармалардың бақылауына алынса, кейбір сұраныстар бойынша көтерілген сауалдарды заң шеңберінде реттеудің жолдары түсіндірілді.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы шекараның бойындағы Сарағаш қаласын қарқынды экономикалық аймақ ретінде қарастыруымен қатар, ел абыройының айнасы деп біледі. Сондықтан осы аумақта тұратын азаматтардың өмір сапасы мен тұрмыс жағдайын жақсартуға барлық мүмкіндіктерді қарастырады. Бүгін ауданда жүргізілген екі қабылдау барысында айтылған барлық ұсыныстар мен талап-тілектердің орындалуы партияның жіті қадағалауында болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі