«Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен облыс аумағында орналасқан жер қойнауын пайдаланушылармен мәжіліс өткізілді. Жиынға Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері қатысты» деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәжіліс барысында өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың мемлекетке салық төлеу мәселелері қаралды. Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы м.а. Қанат Шонбасов өз баяндамасында кейбір жер қойнауын пайдаланушылардың салық төлемей отырғанын атап өтті. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың басқа өңірлерде тіркеліп, салықты сол жақта төлеуі облыс бюджетіне түсетін түсімдерді азайтып отырғанын айтты. Осыған орай, компанияларды Түркістан облысына тіркеудің маңыздылығы көтерілді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жиналғандарға салықтық міндеттемелер және есептілікті уақытылы тапсыру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, салық төлемеген жағдайда заңнамаға сәйкес айыппұл салынатындығы ескертілді.
Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев өз сөзінде жер қойнауын пайдалануға қатысты заң талаптарын түсіндіріп, заң шеңберінде кәсіпорындарға кеңес беруге және туындаған мәселелердің шешімін табуға дайын екендігін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысымен барлық жер қойнауын пайдаланушыларға бір ай мерзім ішінде салық төлемдерін өтеу міндеттелді. Сонымен қатар келесі айдың екінші жартысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша тағы бір рет кеңейтілген отырыс өткізіліп, мәселе қайта қаралатындығы хабарланды.
Бұл шараның негізгі мақсаты – жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді арттыру, жер қойнауын тиімді және заң аясында пайдалану, сондай-ақ өңірлік экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету.