Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев күзгі жиын-терім науқанының барысымен танысу мақсатында Алатау батыр және Ұзын ата ауылдық округтерін аралады. Бүгінде Алатау батыр ауылдық округіндегі «Сая» фермерлік қожалығы 150 гектар мақта алқабында жұмыс жүргізуде. Гектарынан 35 центнер өнім алынып жатыр. Жиын-терім жұмыстарына 5 комбайн мен 5 трактор тартылған. Сонымен қатар, шаруашылыққа тиесілі күріш өңдеу цехында тәулігіне 60 тонна күріш өңделіп, 15 тонна өнім кептіріледі. Цехта 30 адам жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Ұзын ата ауылдық округіндегі «Нұрман» шаруа қожалығына барды. Қазіргі таңда шаруашылықтағы 420 гектар күріш алқабынан 2 800 тонна өнім жиналған. Жұмысқа 15 техника мен 5 комбайн тартылып, 15 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, Шардара ауданында күзгі егін жинау науқаны жүйелі түрде әрі жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр.
А. Сабыр.