Құрметті жерлестер!
Ардақты ағайын!
Сіздерді халқымыздың ең қастерлі мейрамы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы, ұлттың ерік-жігері мен елдік мұраттың жеңісі. Бұл күн – бірлік пен тұрақтылықтың, жауапкершілік пен болашаққа деген сенімнің алтын арқауы.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз Әділетті Қазақстанды құру жолында нық қадам басып келеді. Осы ұлттық мақсатты жүзеге асыруда «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы нақты істермен, жүйелі жобалармен ел сенімін ақтауға күш салып отыр.
Түркістан – тарихы терең, рухы биік өңір. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 3 наурызда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл – Түркістанның тарихи, рухани және мәдени маңызын мемлекеттік деңгейде айқындаған, ел тәуелсіздігінің жемісі болған маңызды шешім. Тәуелсіздік жылдары өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, ауыл-аймақтарда жол, су, газ, мектеп пен аурухана құрылыстары қарқын алды. Бұл жетістіктер – ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген азаматтардың, партия мүшелерінің және жергілікті биліктің бірлескен жұмысының нәтижесі.
Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында халықтың өмір сапасын арттыру, ауылдарды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жастар мен әйелдердің әлеуетін іске асыру бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл – Тәуелсіздіктің нақты жемісі, мемлекет саясатының өңірде іске асуының айқын белгісі.
Біздің ең басты құндылығымыз – ел бірлігі мен қоғамдық келісім. Түркістан өңіріндегі татулық пен ынтымақ – Тәуелсіздігіміздің берік тірегі. Осы құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету – әрбір азамат үшін ортақ парыз.
Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, тұрақтылық пен мол табыс тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгі, Түркістанымыз өркендей берсін!
“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев