ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша өңірімізде  мақта, күріш және басқа да дақылдарды жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты салынады. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті Динара Шүкіжанованы қабылдады. Кездесуде  агроөнеркәсіп саласында жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайы пысықталды.
Облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
– Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Қазақстандағы ең қолайлы өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіп кешені – ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты экономиканың стратегиялық саласы екенін бірнеше рет атап өтті. Әлемдік азық-түлік тұрақсыздығы жағдайында ауыл шаруашылығын инновациялық дамыту, салаға жаңа технологияларды енгізу – ортақ басымдығымыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«АгромашХолдинг KZ» компаниясының президенті агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсынысын айтып, жобаны бастауға дайын екенін жеткізді. Облыстың ыңғайлы логистикалық орналасуы оңтүстік өңірлерге ауыл шаруашылығы техникаларын осы кәсіпорынан жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бағытында жұмыстар басталып кетті. Жобаны «Jer Arys Group» ЖШС жүзеге асырмақ. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан толық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені еліміздегі жетекші орынға ие. Мемлекеттік аграрлық саланы ауқымды қолдауларының нәтижесінде, саланының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға еселеп артуда. Осы жылдың 8 айының өзінде салаға 125 млрд. теңге инвестиция тартылған. Облыста АӨК саласында қолданылатын жалпы техника саны – 17 487. Мемлекет қолдауымен биыл шаруа қожалықтары 618 техника (2,8 млрд. теңге) алған болатын.
Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts