“AMANAT” партиясының Түркістан облыстық филиалы өткізген мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау Келес ауданының орталығы — Абай ауылында жалғасты.
Партияның бастамасымен ашылған диалог алаңы елді мекендегі Жеңіс саябағында жұмысын жүргізді. Қабылдауға партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жәнібек Ағабеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев қатысты. Тұрғындардың сауалдарына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдері, кәсіби заңгерлер, банк қызметкерлері жауап берді.
“- Партияның басты ұстанымы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іспен жүзеге асыру. Сондықтан біз әрбір ауылға барып, тұрғындардың өтінішін, ұсынысын, мәселесін жергілікті жерде тыңдап, сол жерде шешу жолдарын қарастырып келеміз. Бүгінгі қабылдауға түрлі сала өкілдері – әкімдік, құқық қорғау органдары, энергетика, жер қатынастары, әлеуметтік және инфрақұрылым мекемелерінің басшылары қатысып отыр. Яғни, сіздердің сұрақтарыңызға тікелей жауап беріп, шешімін табуға мүмкіндік бар”, — деді еркін форматта өткен кездесудің жұмысын бастаған Полат Мұратұлы.
Қабылдауда ауыл тұрғындары өздерін толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді ашық айтып, сала мамандарынан нақты жауап алды. Қабылдау барысында көшелерді реттеу, жол салу, жарықтандыру және жер қатынастары тақырыптары жиі көтерілді.
Азаматтар білдірген сұраныстардың қатарында жеңілдетілген несие алу, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету, айналма жол құрылысы, ауыз су мәселелері, әлеуметтік салаға қатысты өтініштер айтылды.
Атап өтуіміз қажет, Абай ауылы – тұрғындары тығыз орналасқан, инфрақұрылымы жаңғыртуды қажет ететін аймақ. Қабылдау барысында тұрғындар елді мекеннің ішкі көшелерін реттеу және асфальттау, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар мен жарық шамдарын орнату қажеттігін атап өтті. Тұрғындар жерге меншік құқығын рәсімдеу, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін бөлу мәселелерімен жүгінді.
Мамандар жер телімін алу мен рәсімдеудің заңды тәртібін түсіндіріп, құжат дайындау бойынша нақты кеңестер берді.
Сондай-ақ ауыл кәсіпкерлері өндірістік және сервистік нысандар салу үшін жер телімін рәсімдеу мен инженерлік инфрақұрылымға қосылу кезінде кездесетін кедергілер жайын қозғады. Бұл сұрақтар бойынша облыстық жер қатынастары басқармасы мен аудан әкімдігі тиісті зерделеу жұмыстарын атқарады.
Қабылдау барысында айтылған барлық ұсыныстардың орындалуы партия назарында болады.
«AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі