«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауы Сарыағаш ауданында жұмысын жалғастырды. Азаматтарды жеке қабылдау кездесуі Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Құрама елді мекеніндегі спорт кешенінде өтіп, партия ашып берген диалог алаңында облыстық департаменттер мен басқармалардың жауапты өкілдері, прокуратура органдары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіби заңгерлер, авдвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, тұрғындарды ағын сумен және ауыз сумен, газбен, электр қуатымен қамтушы ұйымдардың өкілдері, банк қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері тұрғындардың өтініштері мен сұраныстарын тыңдады.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекен халқының талап-тілегін тыңдап, өзекті деген мәселелердің шешім табуын үйлестіру «AMANAT» партиясының басты ұстанымы екенін облыстық партия филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев айтты.
«-Халықтың мұң-мұқтажын алыстан емес, жақыннан тыңдау – біздің басты қағидамыз. Мұндай көшпелі қабылдауларды партияның Түркістан облыстық филиалы жүйелі түрде өткізіп келеді. Жыл басынан бері 345 көшпелі қабылдаулар өткіздік, 3844 азаматтың өтініштерін тыңдап, оның 2300-ге жуығы оң шешілді. Партияға сенім артқан облыс тұрғындарынан жыл басынан бері 13 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның сегіз жарым мыңы оң шешілсе, 4345 өтінішке заң аясындағы кеңестер берілді. Сіздер білдіріп жатқан сұраныстардың оң шешілуін ұйымдастыруда бүгін алдарыңызға барлық құзырлы мемлекеттік органдардың, прокуратура мен құқық қорғау органдарының өкілдерін, кәсіби заңгерлерді, адвокаттарды, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдерін әкеп отырмыз. Сұрақтарыңыз болса қойыңыздар, мүмкіндігінше шешуге жұмыс жүргіземіз», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев пен Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев жүргізген қабылдауға келген тұрғындар электр қуатының сапасына қатысты шағымдарын білдірді. Ауыл ішілік жолдардың жарамсыз күйге түсіп жатқаны айтылды, жер асты инженерлік құдықтары қараусыз қалып, ашық жатқандықтан мал зақым алып жатқаны сөз болды. Жартытөбе ауылындағы ауыз су жүйелерінің проблемасы айтылып, Тегісшіл ауылында жаңа мектеп салу қажеттілігі көтерілді.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің қабылдауына келген азаматтар осы аумақтағы ауылдарға ФАП салу мәселесі бойынша өтініштерін айтты. Кәсіби дәрігерік көмек алу өтініштерімен жүгінді, денсаулық жағдайына байланысты мүгедектікті тану бойынша талабын жеткізді. Сондай-ақ аудандық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен қамту, санитарлық көліктер паркін жаңарту жөніндегі өтініштерін білдірді.
Азаматтардың білім саласы бойынша сұраныстарына Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Нұрпейісов жауап беріп, білім мекемелеріне жұмысқа орналасу, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, жекеменшік мектептерді қаржыландыру, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мәселелері бойынша басқарма тарапынан бекітіліген жоспарларды түсіндіріп берді.
Атап өтуіміз керек, Сарыағаш ауданы өңіріміздегі халқы ең көп шоғырланған аумақтың бірі. Тұрғындары жыл санап артып жатқан ауданда соңғы жылдары жаңа елді мекендер мен тұрғын алаптар пайда болды. Жаңа аумақтардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешу, тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту, жол және көлік қатынасын ретке келтіру, әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысын жүргізу, еліміздегі ең көп жылыжай шаруашылықтары бар аймақтың ауыл шаруашылығы мен жер саласын реттеу кезек күттірмейтін мәселелер саналады. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы бұл бағыттағы жұмыстарды үнемі бақылауында ұстап, аудан әкімдігімен және жергілікті депутаттық корпуспен оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі