Қаржылық сауаттылық – әр азаматтың жеке қауіпсіздігі мен берекелі өмірін сақтаушы маңызды дағдыға айналып келеді. Азаматтардың шектен тыс қарыз жүктемесіне алаңдаушылық білдірген «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асырып, қоғамға пайдалы бастаманы іске асырып жатқаны белгілі.
Интернет алаяқтық деректері қарқын алған қазіргідей кезеңде азаматтардың жеке деректерінің қолды болуынан сақтау, олардың қаржылық пирамидалар белгісі бар күмәнді әрекеттерге бармауын қамту, қаржыны басқару операцияларын жүргізуде сақтық шараларын білу қажеттілігі бойынша Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі 10-20 қазан аралығында республикалық Қаржылық қауіпсіздік диктантының (FinIQ) өткізу бастамасын жариялады.
Аталған шара аясындағы диктант Ордабасы ауданындағы Мансап орталығына келушілер арасында жүргізілді. Бұл іс-шараға түрлі сала өкілдері – мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар, студенттер, жастар мен еңбек адамдары белсенді қатысуда.
Диктанттың басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндіру, жеке қаражатты тиімді және қауіпсіз басқару мәдениетін қалыптастыру. Қатысушыларға ұсынылған 20 сұрақ күнделікті өмірдегі нақты жағдайларға негізделген. Олар өз білімін сынап қана қоймай, отбасылық бюджет жоспарлау, қарыздану тәуекелдерін болдырмау, қаржылық шешім қабылдаудағы жауапкершілік жөнінде маңызды мәліметтерге қанық болады.