Республика және қала күні қарсаңында Түркістан қаласында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тағы бір ауқымды жоба жүзеге асты. М.Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа заманауи спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады.
Әкім өз сөзінде қаланың әрбір ауданында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
Кешеннің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталып, биыл қазан айында толық аяқталды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда күрес және бокс үйірмелеріне арналған кең, жарық залдар жасақталған. Мұнда жастар кәсіби жаттығулар жасап, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындалуға мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 265 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарында «Түркістан Арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы», Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және өзге де ірі спорт нысандары бар. Сондай-ақ қалада 2 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 6 жүзу бассейні мен 18 теннис корты тұрақты жұмыс істейді.