Созақта спорттық-сауықтыру кешені ашылды

«Түркістан облысы Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында заманауи талаптарға сай жабдықталған 200 орындық спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

– Бүгін Созақ төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Баршаңызды заман талабына сай жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуды, халықтың денсаулығын нығайтуды тапсырды. Президент тапсырмасына сәйкес облыста спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа спорт нысандары ашылып, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуда. Биыл 102 спорт нысанын салу жоспарланса, 40 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың арасында ескек есу каналы, 5 спорт кешені, 9 спорт зал, 18 спорт алаңы, 5 футбол манежі бар. Біз спортқа қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Себебі ұлт денсаулығы – ең басты байлық. Осы заманауи кешенде жаттыққан балалар арасынан Олимпиада, әлем чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі спорт кешенін аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Доп сыйлап, спортта жеңісті жол тіледі.

Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен ел ағалары сөз сөйлеп, спорт кешенінің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы Таңат Нөсербаев бастаған спортшылар да нысанға жоғары баға берді.

Жоба «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 3 гектар болатын кешеннің оқу-жаттығу базасы заманауи стандарттарға толық сай келеді. Нысан бір мезетте 100 спортшыға дейін қабылдай алады. 200 орындық заманауи спорт кешенінде волейбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары бар. Тағы бір ерекшелігі – жабық бассейн орналасқан. Нысанның ауласында да тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған шынығу алаңы, баскетбол және футбол алаңдары қарастырылған. Кешен тек кәсіби спортшылардың емес, бұқаралық спортпен айналысатын жастар мен тұрғындардың да салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатынан соң ересектер арасында кіші футболдан республикалық турнир басталды. Сайыста еліміздің түрлі өңірлерінен келген 13 команда бақ сынауда.

Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданында бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ауданда 2 спорт мектебі мен 1 спорт клубы жұмыс істейді. Бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 24 мың адамнан асып, аудан халқының 41 пайызын құрап отыр.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Шәуілдірде тұрғын үйлер жөнделеді

«Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылына барып, газбен қамту жүйесіндегі жарылыс салдарынан зардап шеккен 12…
Толығырақ

Түркістанның өнімі көпке танымал

Алғаш тәуелсіздік алған жылдары еліміз біршама қиындыққа ұшырағаны рас. Экономикамыз құлдырап, ауылдар тозып, халық қалаға шұбырып, қолына ілінгенін…