«AMANAT» партиясы қоғаммен ашық қарым-қатынас орнатуды, халықтың талап-тілегіне жедел әрі тиімді жауап беруді стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Партияның табысты қызметі ең алдымен бастауыш партия ұйымдарының белсенділігіне, олардың күнделікті атқарып отырған жүйелі жұмысына байланысты деп біледі.
Осы орайда, партияның Түркістан облыстық филиалы депутаттық корпустың бастауыш ұйымдарда тұрақты қабылдаулар өткізу үрдісін енгізді. Қабылданған шешімге сәйкес, партияның төменгі буын құрылымдарында фракция мүшесі болып табылатын облыстық мәслихат депутаттары әр тоқсанда жергілікті азаматтармен кемінде бір кездесу өткізсе, аудандық мәслихат депутаттары бастауыш партия ұйымдарында кемінде екі кездесу өткізеді деп белгіленген.
Бекітілген талапқа сәйкес, партияның Отырар аудандық филиалының және аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов «Ұлағат» бастауыш партия ұйымында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Азаматтардың талап-тілектерін тыңдау кездесуіне орталық аурухана басшысының орынбасары Жасұлан Байназаров, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дуәлет Омарбек, білім бөлімінің жауапты өкілі Қаракөз Тулендиева, Шәуілдір ауылы әкімінің орынбасары Дархан Қайратұлы және Отырар ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері Әбунасыр Тінейбаев қатысты
Тұрғындармен кездесу барысында бастауыш партия ұйымының және Отырар аудандық Әжелер алқасының жетекшісі Мейрамкүл Тұрлыбек бірқатар ардагер ұстаздармен бірлесіп, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы шеңберінде «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге», «Ұлт өнері – ұрпаққа мұра», «Ақ кимешек – ұрпаққа үлгі» секілді ұлттық салт-санамызға сай іс-шараларды өткізіп жатқанын, жастар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, лудомания тақырыптары аясында кездесулер қолға алынғанын айта отырып, осы жұмыстардың белсенділігін арттыруда қолдау көрсетуді сұрады. Бұл мәселе аудандық білім бөлімінің назарына алынды, қоғам белсенділерімен бірлесе іс-шаралар мен кездесулер кестесі түзілетін болды. Аудандық мәслихат төрағасы елді-мекендерді бірге аралап қатысуға қарсы емес екенін білдірді.
Кездесуге келген Отырар ауылдық округі, Шойманов елді мекенінің тұрғындары Таубеков көшесіндегі тозығы жеткен жол жабындысын жаңартып беруге ықпал етуді сұрады. Азаматтар көтерген мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі мен Отырар ауылдық округінің әкімі жолдың қазіргі ахуалы бойынша ақау актісін түзеді деп шешілді. Әрі қарай бұл мәселе бойынша бюджеттен қаржы бөлу жолдары қарастырылатын болады.
Қабылдауға Шәуілдір ауылынан көп балалы ана келіп, тұрғын үйін жөндеуге материалдық көмек беруді сұрады. Кездесуден кейін Уалихан Ұзақов әлеуметтік көмек көрсету бойынша өтініш білдірген, қиын жағдайда қалған отбасыға арнайы барып, тұрғын жайдың ахуалымен танысты. Аудандық партия филиалының және мәслихаттың төрағасы осы отбасының балаларын қыстық киіммен және қатты отын көмірмен қамтамасыз ететін болды. Шәуілдір ауыл әкімдігімен бірлесіп демеушілер ұйымдастырып, материалдық көмек беру жолын қарастырмақ.
Түркістан облысында «AMANAT» партиясының қоғаммен ашық әрі тиімді байланыс орнату бағытындағы жұмысы жүйелі түрде жалғасуда. Отырар ауданында ұйымдастырылған қабылдау барысында азаматтардың маңызды әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрмыстық мәселелері тыңдалып, тиісті мекемелердің қатысуымен нақты шешімдер қабылданды. Білім, денсаулық, жол жөндеу және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша оң өзгерістерге бастайтын қадамдар жасалды.
Партияның төменгі буындағы бастауыш ұйымдарында мұндай тұрақты кездесулер өткізу халықтың талап-тілегіне жедел жауап беруге, қоғам белсенділерімен бірлескен жұмысты күшейтуге және жергілікті мәселелерді шешудің тиімді механизмін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бастама партияның халыққа жақын болу стратегиясының нақты нәтижесін көрсетіп отыр.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі