Ресей Беларусьте тактикалық ядролық қару орналастырады

Ресей Беларусьте тактикалық ядролық қару орналастырады. Ресей президенті Владимир Путин “Россия-24” арнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Путиннің сөзіне қарағанда, белорус басшысы Александр Лукашенко одан ұзақ уақыттан бері Беларусьте қару орналастыруды сұрап келеді. Ресей басшысының айтуынша, Беларусьте 1 шілдеге қарай тактикалық ядролық қаруға арналған қойма құрылысы аяқталуға тиіс.

Бұған қоса, Беларуське сол қаруды қолдана алатын “Ескендір” ракета кешені берілген.

Осыған дейін Лукашенко белорус әуе әскери күштерінің бірқатар ұшақтары қайта жабдықталып, енді олар ядролық ракеталар тасымалдай алатынын айтқан. Путин осындай он ұшақ барын айтты.

Путиннің айтуынша, Беларусьте ядролық қару орналастыру туралы шешім Ұлыбритания Украинаға уран элементтері бар снарядтар беретінін мәлімдеген соң қабылданған. Мұндай снарядтар ядролық қаруға жатпайды. Путиннің айтуынша, Ресейдің өзінде осындай жүз мыңдаған снаряд бар.

Алайда Мәскеу Ұлыбританияның мәлімдемесіне бірден реакция білдіріп, Лондонды “ядролық жағдайды ушықтырып отыр” деп айыптап, жауап қайтаратынын айтқан. Дегенмен Путиннің сұхбаттағы сөзіне қарағанда, Беларуське мұндай ракета кешені британ жағы мәлімдеме жасамай тұрып берілген. Ұшақтар да бұрын жабдықталған. Қойма құрылысы да Ұлыбритания мәлімдемесіне дейін басталғаны да белгілі болды.

Путиннің айтуынша, Ресей Беларуське ядролық қару бермейді, тек оның аумағына өз қаруын орналастырады. Ресей басшысы АҚШ та ядролық қаруын Еуропа елдерінде “орналастырып жатқанын” алға тартқан.

Путин сонымен бірге Батыс елдерінің Украинаға қару-жарақ пен оқ-дәрі беруін Ресей үшін қауіп-қатер деп атады. Ол советтік сарынға салып Батыс елдерін “соғыс тұтандырып отыр” деп айыптады. 1952 жылы күзде КПСС съезінде жұрт алдында сөйлеген Иосиф Сталин де АҚШ бастаған Батыс елдеріне қатысты дәл осы тіркесті қолданған.

Путиннің айтуынша, Ресей Украинаға қарағанда үш есе көп оқ-дәрі өндіре алады, ал “орыс армиясының танкілері Украина қарулы күштерінің танкісінен үш есеге көп болады”. Ресей президенті қару-жарақ өндірісін ұлғайту Ресей экономикасының дамуын тежемейді деді.

  • Тактикалық ядролық қарудың нақты анықтамасы жоқ. Болжам бойынша, мәселе қуаты аз, қысқа қашықтыққа әсер ететін ядролық оқ-дәрі жөнінде болып отыр. “Ескендір” ракетасы айналасындағы 500 шақырымға дейін аралыққа әсер ете алады. Яғни, Беларусьте орналасқан ракеталар Польшаның барлық-дерлік аумағына қатер төндіруі мүмкін. Көрші елдерге де жанама әсері бар.
  • Лукашенко былтыр тамызда Беларусьте ядролық қару алып жүретін ұшақтарды қайта жаңалап біткенін хабарлаған. “Путинмен бұрын Питерде белорустың Су-24 ұшақтарын қайта жабдықтап, ядролық қару алып жүре алатындай ұшақ жасаймыз деп айтқанбыз. Біз тек сөзбен орақ орып отыр деп ойлайсыздар ма? Бәрі дайын!”деген еді Лукашенко.
  • СССР кезінде Беларусь аумағында ядролық қару орналастырылған. СССР құлағаннан кейін ол белорус билігінің келісімімен Ресейге жеткізілген. Беларусь ядролық қаруы жоқ ел ретінде ядролық қару таратпау туралы келісімге қосылған.
  • azattyq.org
Total
0
Shares
Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған