Түркістан облысының жалпы білім беру мекемелерінде полицейлер «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында кездесу ұйымдастырды. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу полиция қызметкерлерінің басты жұмыстарының бірі. Сондықтан полицейлер мектептерде құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қауіпсіздік сабақтарын өткізеді
«Осы тұста Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары А.Байтұрсынов атындағы №9, С.Датұлы атындағы №23 пен №31 «Береке» жалпы білім беретін мектеп оқушыларына қауіпсіздік сабақтар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді» деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызмет.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары оқушыларға буллингтен қорғану, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ нашақорлық пен лудоманияның зияны туралы түсіндірді. Сонымен бірге жол қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Кездесу соңында оқушыларға арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, қызықтырған сұрақтарға жауап берілді. Оқушылар мен мұғалімдер танымдық әңгімелер үшін ризашылықтарын білдіріп, мұндай іс-шаралар балалардың дұрыс өмірлік бағдарларын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Е. Мырза.