Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-де еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және өндірістік тәуекелдердің алдын алу мәселелеріне арналған маңызды оқыту-семинар өтті.
Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, сондай-ақ мекеме басшылары мен кәсіподақ активі қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттануды азайту, сондай-ақ жұмысшылар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында тәжірибе алмасу болды.
Жиында сөз алған Бердіғали Өмірәлі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың бүгінгі күні ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша: «Қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру — әрбір қызметкердің негізгі құқығы және оны қамтамасыз ету барлық ұйымдар үшін ортақ міндет. Осы ретте кәсіподақтардың басты мақсаты – жұмысшылардың денсаулығы мен еңбек етуіне қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосу. Еңбек қауіпсіздігі мәдениетін дамыту арқылы ғана біз өндірістік тәуекелдерді азайтып, қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарта аламыз», — деді.
Сонымен қатар, Бердіғали Өмірәлі табиғат қорғау саласындағы тәуекелі жоғары жұмыстарда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. «Орман және жануарлар әлемін қорғау саласы — жауапкершілігі жоғары сала. Бұл бағытта қызметкерлердің қауіпсіздікті сақтау жөніндегі білімін үздіксіз жетілдіру маңызды. Әсіресе өрт қаупі жоғары маусымдарда, рейдтік шаралар кезінде немесе жануарлар әлемін қорғау барысында сақтық шаралары күшейтілуі тиіс», — деді ол.
Бұдан басқа семинар барысында қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, жұмыс орындарында қауіпсіздік талаптарының орындалуына бақылауды күшейту, техникалық инспекторлардың кәсіби біліктілігін арттыру, қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша тұрақты түрде оқытып, ақпараттандыру қажеттігі атап өтілді.