«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде:
- Мекемелер мен өндіріс орындарында жалақы қарызын болдырмау, еңбек даулары мен жазатайым оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша;
- «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай, ҚР Кәсіподақтар федерациясының наградаларымен марапаттау мәселесін қарау;
- Жасанды интеллект қызметін жұмыста қолдану мәселесі бойынша;
- Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» бойынша семинар-кеңестер өткізу туралы;
Жиынды ашқан аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, бүгінгі отырыстың негізгі мақсаты — алдағы жұмыстарды үйлестіру және еңбек саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу екендігін атап өтті.
Алғашқы мәселе бойынша кәсіподақ төрағасы өңірдегі мекемелер мен кәсіпорындарда жалақы қарызының алдын алу, туындайтын еңбек дауларының себептерін анықтау және оларды дер кезінде шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айтты.
Екінші мәселе аясында кеңес мүшелері «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай, ҚР Кәсіподақтар федерациясының наградаларымен марапаттау тәртібі мен үміткерлерді іріктеу критерийлерін талқылады. Әр сала мен мекемеден ұсынылған кандидаттардың еңбегі, кәсіби жетістіктері және қоғамдық белсенділігі ескеріліп, нақты үміткерлер белгіленді. Сондай-ақ, марапаттау рәсімін тиімді ұйымдастыру және шараның мерекелік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Кеңес барысында қаралған үшінші мәселе — жасанды интеллект қызметін жұмыста қолдану мәселесі болды. Бұл тақырып бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев баяндама жасап, жасанды интеллекттің ақпараттық талдау, құжат айналымын оңтайландыру, еңбек қатынастарына қатысты мәліметтерді жедел өңдеу сияқты көптеген бағыттарда тиімділігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу кәсіподақ қызметінің ашықтығын арттырып, жұмыс үдерісін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол жаңа технологияларды дұрыс және қауіпсіз қолдану бойынша қызметкерлерге түсіндіру жұмысын күшейту қажет екенін жеткізді.
Төртінші мәселе бойынша Бердіғали Өмірәлі бастауыш кәсіподақ ұйымдарында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» тақырыбында жүйелі түрде семинар-кеңестер өткізудің маңызын атап өтті. Мұндай шаралар қызметкерлердің еңбек мәдениетін арттыруға, өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге және жазатайым оқиғалардың алдын алуға зор ықпал ететіні айта отырып, кеңес мүшелеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Кеңес соңында қатысушылар өзге де өзекті мәселелерді көтеріп, пікір алмасып, жұмыс процесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.