АРДАГЕРЛЕР – АСЫЛ ҚАЗЫНА

«AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында Сарыағаш ауданы, Жылға ауылдық округіндегі №44 Ғабиден Мұстафин атындағы жалпы орта мектепте ардагерлермен тағылымды кездесу өтті. Мектеп мұғалімдерімен және оқушылармен өткен жүздесуге елге сыйлы қариялар Досан Қамбаров, Базарбай Бексейітов, Егемберді Ахметов қатысып, жас ұрпақ пен аға буын арасындағы алтын көпір байланысты жолға қойды.

Жүрекке жететін рухани сабаққа айналған елге үлгі боларлық өрелі отырыста ардагерлердің жүріп өткен өмірлік жолы жайлы ғибратты естеліктер айтылды. Кездесуге қатысқан қариялардың әрқайсысы – бір-бір тарих. Олардың жүріп өткен жолы – шыдамдылықтың, еңбекқорлықтың, отаншылдықтың айқын үлгісі ретінде дәріптелді. Жастар үшін бұл әңгімелер ұлағатқа толы, тәрбиелік мазмұны ерек мысалдар болып айшықталды.

Ардагерлер жастарға адал еңбек ету, елге қызмет қылу, қиындыққа мойымау, білімге құштар болу, бірлік пен татулықты сақтау сияқты ұстанымдардың маңызын ерекше атап өтті. Бұл – өшпейтін өсиет, уақытқа сынбайтын құндылық. Кездесу барысында жастар да өз ойларын, мақсат-мұраттарын ортаға салды. Елдің келешегіне жауапты буын ретінде олар қоғамдық белсенділік, кәсіпкерлік, ауылды дамыту, әлеуметтік жобаларды іске асыру сияқты бағыттарға қызығушылық танытты.

Аға буынның әрбір сөзі жастарға қанат бітіргендей әсер етті. Ардагерлер жастардың батыл идеяларын қуана құптап, бағыт-бағдарын айқындап берді. «AMANAT» партиясы ардагерлерді ардақтау арқылы қоғамның идеологиялық тірегін күшейтуге қызмет етіп келеді. Өйткені, аға буынның тәжірибесі мен жиналған даналығын – мемлекетшіл ойдың, елдік мүдденің негізгі қайнар көзі деп білеміз. Партия ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жастардың тәрбиелік бағыттағы жобаларына қолдау көрсетуге, ұлттық құндылықты көтеруге

әрдайым қызмет ете беретін болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts