Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру «AMANAT» партиясы белгілеген ең маңызды басымдықтардың бірі. Осы бағытта іске асып жатқан «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы еліміздегі инклюзивті саясаттың нақты тетігіне айналды. «Кедергісіз келешек» тек партиялық жоба ғана емес, ол елдің әр азаматына бағытталған ортақ бастама. Ол жүректерді жақындататын, қайырымдылықты көбейтетін, қоғамды жұмылдыратын идеяға айналып отыр. Жоба аясында мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау, жұмысқа орналасуына ықпал ету, кәсіпкерлікке тарту, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бағытында да партия тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Қоғамның жан-жақты дамуы мен азаматтық теңдікті қамтамасыз етуге арналған жобаның аясында партияның Түркістан облыстық филиалы мен 17 аумақтық партия филиалдары жанындағы мониторингтік топтар қоғамдық орындарда, әлеуметтік нысандарда, емханаларда, мектептер мен мәдениет үйлерінде пандус, тактильді жолақ, дыбыстық навигация сияқты қолжетімділік элементтерінің талапқа сай болуын жүйелі зерделеуде басшылыққа алған. Жүргізілген анықтау жұмыстарының нәтижелері жергілікті атқарушы органдарға ұсынылып, нақты жұмыстарды атқару, берілген ұсыныстардың орындалуын бақылау белгіленген.
«Осы санаттағы жұмыстарды кезекті мәрте Арыс қаласындағы партияластарымыз атқарды. Мониторингтік топ әлеуметтік маңызы бар нысандардың, қоғамдық орындардың, көпшілікке арналған объектілердің мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді болуын зерделеп шықты. Партия белсенділері пандустар мен баспалдақтардың стандарттық нормаға сай болуын қадағалады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделуі тиіс нысандарда мүгедектерге арналған автотұрақтың болуы, тактильді жолақтардың орнатылуы, көзі нашар көретін азаматтарға ыңғайлап баспалдақ ернеулерінің сары жолақпен боялуы, мүгедек азаматтар үшін санитарлық тораптардың қарастырылуы сынды жалпыға бірдей талаптардың сақталуына мониторинг жүргізді» деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Зерделеу барысында қоғам игілігі үшін қызмет ететін көптеген нысандарда аталған талаптардың сақтала бермейтіндігі белгілі болды және оларды кезең-кезеңімен шешуде партияның Арыс қалалық филиалы қала әкімдігімен және жергілікті мәслихаттағы партиялық фракция мүшелерімен бірлесе пәрменді іс-шаралар қабылдайтын болады.
Инклюзивті қоғам – ортақ жауапкершілік ұғымын ілгерілеткен партияластарымыз мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін жедел шешу үшін қоғамдық қабылдауларды күшейтті, арнайы мобильді топтардың жұмысын жолға қойды, жұмыс берушілермен меморандумдар жасап, жұмыс орындарын көбейтуге басымдық берді, психологиялық қолдау, құқықтық кеңес беру қызметтерін дамытып жатыр.
habarlike.kz