Қоғамда даулы мәселелердің көбеюіне байланысты сот органдарына жүгінетін азаматтардың да саны артып келеді. Бұған дәлел ретінде сотта қаралатын азаматтық істердің көптігін айтуға болады. Дегенмен, сотқа шағымдану тәртібін білмегендіктен, кей азаматтар заңгерлердің ақылы қызметіне жүгініп жатады. Ал, бұл жәбірленушінің қалтасына әжептәуір салмақ түсіреді.
ҚР Азаматтық процестік кодексінің 148-149-баптарында талап қою арызында болуы тиіс мәліметтер мен арызбен қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілген. Арызда соттың атауы, талап қоюшы мен жауапкер туралы мәліметтер (аты-жөні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, егер бар болса, талап қоюшы мен өкілдің, сондай-ақ, талап қоюшыға белгілі болса, жауапкердің ұялы телефон нөмірі мен тұрғылықты мекенжайы), сондай-ақ талаптарды негіздейтін мән-жайлар, осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер мен талап-арызға қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуі тиіс. Талап-арызға талап қоюшы немесе оның өкілі қол қояды. Азаматтық процестік кодекстің 149-бабы бойынша талап-арызға мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат, өкілдің өкілеттілігін білдіретін сенімхат, талап қоюшының мән-жайларды растайтын құжаттары қоса берілуі қажет. Судья талап қою арызын бес жұмыс күні ішінде іс жүргізуге қабылдайды. Егер заң талаптарына сай болмаса кері қайтарады немесе бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Татуласу рәсімдерін жүргізген жағдайда арызды қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Бүгінде сот ғимараттарының бірінші қабатындағы көрнекі жерге арыз, талап қоюдың үлгілері ілініп, кез келген азаматтың танысуына жағдай жасалған. Сондай-ақ, талап қою арыздарының үлгілері соттың интернет сайттарына да орналастырылады. Қорыта айтқанда, азаматтар сотқа талап қою арызбен жүгінген жағдайда құжаттар жоғарыдағы кодекс талаптарына сәйкес болуы қажет. Бұл арыздың уақтылы және жан-жақты қаралуына септігін тигізеді.
Сапарәлі БАЙТЕНОВ,
Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.
okg.kz