Сауран ауданындағы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдауы аудан орталығы – Шорнақ ауылындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Қоғамдық қабылдауға облыстық және аудандық деңгейдегі басшылар мен салалық мекемелердің өкілдері кеңінен тартылды.
Жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаев, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаев, партияның Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, сондай-ақ құқық қорғау және бақылаушы органдар, коммуналдық қызметтер, банк және өзге де ұйым өкілдері қатысты.
Қабылдау кезінде сөз алған Алтынсары Үмбетәлиев көшпелі форматтың тиімді екенін атап өтіп, бұл тәсіл халықпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрғындардың уақытын үнемдеу мен қолжетімділікті арттыру басты назарда. Сондықтан көтерілген мәселелерді азаматтардың өз ортасында тыңдап, сол жерде нақты шешу тетіктерін қарастыруға басымдық беріліп отыр.
Қабылдау кезінде Шорнақ ауылы мен оған іргелес елді мекен тұрғындары бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауылда өрт сөндіру депосын салу, электр желілері мен трансформаторлардың жағдайы, газдандыру, Ескі Сауран маңындағы ірі көпір құрылысы, жол инфрақұрылымы, асфальт төсеу кезінде инженерлік желілерді қатар жүргізу, спорт мектебі мен мәдениет нысандарын дамыту мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар Егізқара бағытындағы 15 шақырым жолдың жай-күйі, жайылым және жер қатынастары, карьер мәселесі, тұрғын үй кезегі, ипотекалық бағдарламалар, ауыз су тапшылығы, жұмыссыздық, балалар ойын алаңшалары, мал суару, электр бағаналарының тозуы, әлеуметтік көмек түрлері, атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік қолдау тетіктері де тұрғындарды толғандырды.
Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмай, жауапты мекеме өкілдері заң аясында нақты түсіндірме беріп, мүмкін болатын шешу жолдарын ұсынды. Бірқатар ұсыныстар тиісті органдардың бақылауына алынды. Ауыл тұрғындары үшін мұндай қабылдаулар билік өкілдерімен тікелей сөйлесуге, өз мәселесін ашық айтуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналып отыр. Бұл халықтың үні естіліп, нақты ұсыныстар ескерілетін диалог форматы.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі