Бақытты отбасының кілті екі адамның сыйластығынан басталады

Жаңадан шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар дүниеге жаңадан келген тіршілік иелері секілді. Әлеуметтанушы мамандардың зерттеуіне сүйенсек, шаңырақ көтерген жастардың көпшілігі осы бастапқы кезеңде екіге айырылысып жатады екен. Себебі, екеу­-ара келіспеушіліктер, бір-бірімен санаспау, бірін-бірі түсінбеу, болмашы сөзді жанына жақын қабылдаудың соңы өкінішке ұрындырып жатады. Отбасындағы осындай ұрыс-керістен шаршаған Айман мұңын кімге шағарын білмей дал болды. 

Айман тұрмысқа шықпай тұрғанда Ақтау қаласында жұмыс істеді. Бірде ол жұмыстан кейін құрбыларымен кешкі серуенге шығады. Сол аралықта қасындағы құрбыларының бірі танысымен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласады. Айман өзінің құрбысына жақтасып, қыздарды ажыратпақ болады. Бірақ, ол әрекетінен еш нәтиже шықпайды. Сөйтіп, бір-біріне жұдырық жұмсаған аруларды полиция қызметкерлері келіп ажыратады. Содан не керек, Айман Ақтау қалалық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалады.
Айманның басына осындай ауыр күн туғанда ата-анасы үйде байыз тауып отыра алмай, оны Ақтаудан ауылға алып келеді. Содан бері ол Созақ аудандық пробация бөлімінің есебінде тіркеуде тұрады. Өзіне сот жүктеген міндетті мінсіз орындауға тырысып жүрген Айман арада көп уақыт өтпей болашақ күйеуімен танысады. Екеуінің сөзі бірден жараса кетеді. Жігіті көп ұзамай қызға үйленуге ұсыныс жасайды. Бірақ, ол өзінің басынан өткен жағдайын айтып, отбасын құруды тоқтата тұру керектігін ашып айтады. Үйленуге шешім қабылдаған жігіт Айманның жасаған қателігін бетіне баспайтынын және ата-анасы да ол жайында сөз қозғамайтынын айтып ант-су ішеді. Жүрегі нәзік қыз сүйген жігітінің сөзіне сеніп, екеуі шаңырақ көтереді. Алғашқы айларда бәрі керемет еді. Енесінің мінезі жайлы болғандықтан, Айман да барлық тірліктің осылай аяқталғанына қуанып жүретін. Жаздан кейін күз, ал, күзден кейін қаһарына мініп қыс келеді емес пе?! Сол секілді, Айманның отбасындағы бақытты күндері алты айға ғана созылды. Жарты жылдан кейін ене мен күйеуінің бетпердесі шешіліп, шынайы болмыстары су бетіне қалқып шыға келді. «Қылмысыңды ешкім бетіңе баспайды» деп уәде еткен күйеуі Айманның жасаған қателігін қыңқылдап айта бастады, енесі де оның әрбір ісін жақтырмай, сөзбен түйреп отыратын болды.
Үйге келген қонақтар да жас келінге екі көзімен атып жіберердей қарай бастады. Айына екі рет тіркеуге баратын пробацияға да жібермейтінді шығарды. Айманның соңғы кездері мінезінің өзгере бастағанын пробация мамандары да байқайды.
– Пробация қызметіне тіркелген әрбір адамның қажеттілігін біліп, оған қолымыздан келгенше көмек беру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Айман Созақ аудандық пробация қызметіне тіркеуге тұрған кезден бастап-ақ, сот жүктеген міндетті қалтқысыз орындап, ескерту алмауға тырысатын. Тұрмысқа шыққаннан кейін өзінің тұрғылықты мекенжайының ауысқанын да бізге бірден ескертті. Соңғы уақытта мінезінің өзгергенін байқадым. Жадырап жүретін қыз тұйық болып кетті. Ашушаңдық та пайда болды. Оның бұлай өзгеруінің себебін сұрағанымда отбасылық жағдайын айтып, көз жасына ерік берді. Содан кейін Айманды психологпен және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторымен тілдестірдім. Сосын оның отбасына барып, енесі мен күйеуіне мән-жайды түсіндіріп айттым. Отбасында туындаған кикілжің сотты болған адамның жүйкесін жұқартып, қайта қылмыс жасауына себеп болатыны белгілі. Айманның тағы да қателікке бой алдыруының алдын алу шараларын қарастырып, оған психологиялық көмек көрсетілді, – деді пробация қызметінің аға инспекторы А.Кәдірбекова.
Дамыған елдерде әрбір отбасының өз психологы болады. Олар үйлі болып бала тәрбиесінде жүрсе де психологтың кеңесін алуға дағдыланған. Өкінішке қарай, ауыл адамдары психолог маманның кеңесіне жүгінуді ұят санайды. Бірақ, маман кеңесі отбасыда туындаған қаншама дауды шешіп, ажырасқалы отырған екі адамды қайта табыстырып жатады.
– Әрине, отбасы болған соң үйде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Қазіргі жастар әрбір сөзді өзіне жақын қабылдайды. Әсіресе, қылмыс жасап сотты болғандар. Олар өздеріне жасалған психологиялық шабуылға қарсы тұра алмай қалады. Ұрыс үстінде бір-біріне бұрын көрсетпеген мінездерін көрсетеді. Олар осылайша бір-біріне өкпе-назын және ренішін жеткізеді. Тіпті, оларды тоқтатуға әзіл-қалжыңның да әлі келмей қалады. Сосын ерлі-зайыптылар өздеріне жақтастар жинауға кіріседі. Олар ата-анасын, балаларын, туыстарын, достарын іске қосады. Әрқайсы өз ісінің дұрыстығын айтып, бір-бірінен жеңілгісі келмейді. Бір-біріне есе жібермеудің амалын жасап, қит еткенді жіпке тізіп, сыныққа сылтау іздейді. Әрине, мұндай ұрыс-керіс екі жанның жүрегін жаралап, ортаға сызат түсіреді. Татуласқан күннің өзінде бітеу жарадай сыздап, ойда тұратыны жасырын емес. Ата-бабаларымыз «айтылған сөз атылған оқпен тең» дегенді бекер айтпаған. Әрбір сөзді ойланып айтпағанның салдарынан қаншама ерлі-зайыптылар ажырасып, балалар әкесіз өсіп келеді. Ұрыстың бұл түріне маскүнемдік, отбасына опасыздық, тұрақсыздық, дөрекілік пен өшпенділік, отбасы мүшелеріне, балаларына деген немқұрайдылық, өз міндетіне жауапкершілікпен қарамаудың салдары себепші болатындықтан, татулық та оңайлықпен қайта орнай қоймайды. Солай болған күннің өзінде отбасы татулығын сақтаудың жолдарын таба білуге тырысу керек. Әрине, мұны шыдамдылықпен және ақылмен ғана жүзеге асыра аласыз. Тұрмысқа шыққан әрбір әйел отбасындағы кикілжіңнің бәріне төтеп беруге дайын болып келеді. Шыдамдылық, төзімділік пен ақылдылық – бақытты отбасының кепілі. Бізге келіп өзінің мұңын шаққан әйелдердің құқығын қорғау – біздің басты мақсатымыз және міндетіміз. Айманмен және оның отбасы мүшелерімен сөйлесіп, оның жағдайын түсіндіріп айттық. Алдағы уақытта жас келіншекке жекіріп сөйлеу, нұқып жіберу фактілері орын алмайды деген үміттемін, – дейді Созақ аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Айжан Манапова.
Бақытты отбасының кілті екі адамның сыйластығынан, бір-бірін құрметтеуінен басталады. Шаңырақ көтерген жастарға ата мен ене, қала берді сол әулеттің үлкендері қолдау көрсетіп отырса, жоғарыдағыдай жағдайлар орын алмас еді.

Раушан НАРБЕК.
Кентау қаласы.

okg.kz/

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Әрбір этнос – біздің байлығымыз

Толерантты Қазақстанда әрбір этнос өкілінің құқығы назардан тыс қалмаған. Түрістан облысындағы Татарлардың қазақ халқымен байланыс тамыры тереңде. Арыс…
Толығырақ

Созақта 16 отбасы баспаналы болды

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа…