«Сауран ауданында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың құжаттарын рәсімдеу және ауданға тіркеу мәселелері бойынша жиын өтті. Басқосуда аудан аумағында қызмет атқаратын кәсіпорындардың салықтық тіркелуі, жерге қатысты құжаттарының заңдастырылуы және заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды» деп хабарлайды Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жиында жер қойнауын пайдаланушылардың ауданға салықтық тіркелуі және олардың атқарып жатқан жұмыстары айтылды. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Кішібаев Байдулла өз баяндамасында кәсіпорындардың тіркелу тәртібі мен салықтық міндеттемелерді орындау мәселелеріне тоқталды.
Аудан аумағында орналасқан 35 жер қойнауын пайдаланушы субъектінің жер учаскелеріне қатысты құжаттарының рәсімделу деңгейі қаралды. Жер қатынастары бөлімінің басшысы Патсаев Асылбек құжаттандыру жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп, жер қатынастары саласындағы талаптарды сақтау қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға арналды. Бұл бағытта кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Шакиров Сұлтанғали баяндама жасап, заң бұзушылықтардың алдын алу, бақылауды күшейту және тиісті шаралар қабылдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың құжаттарын толық рәсімдеу, ауданға салықтық тіркелу тәртібін сақтау және заңсыз жер қойнауын пайдалануға жол бермеу бағытында нақты тапсырмалар берілді. Жауапты бөлімдерге анықталған мәселелерді заң талаптарына сәйкес шешіп, бақылауды күшейту міндеттелді.
habarlike.kz