Түркістан облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың арыз-өтініштері бойынша мұндай бірлескен қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді дер кезінде көтеріп, шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді.
Жуырда Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, мәслихаттағы партиялық фракция мүшелері Сүлеймен Арыстанов пен Бекарыс Шойбеков Түркістан қаласының тұрғындарын жеке қабылдап, олардың арыз-өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев те қатысып, көтерілген мәселелерді бірге зерделеді.
Қабылдауға келген бір топ ата-ана балалардың білім сапасына алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, кейбір мұғалімдер мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім беру орталықтарында да сабақ беріп, негізгі күш-жігерін ақылы мектептерге бағыттауда. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына қосымша білім беру мүмкіндіктері қарастырылса деген ұсыныс айтты. Бұдан бөлек, мектеп мұғалімдерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында білім сапасына қарай еңбекақы төлеу, көтермеақы немесе KPI секілді талаптарды енгізу жөнінде де ұсыныстарын білдірді. Яғни, оқушыға берген нақты білімі мен нәтижесіне сай ақы төлеу тетіктерін қарастыру қажеттігін алға тартты. Бұл ұсыныстардың барлығы тиісті сала мамандарымен бірлесе отырып жан-жақты зерделенетін болды.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік, медициналық, жұмыспен қамту, инфрақұрылым және білім саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдауда Түркістан қаласының тұрғыны 17 жылдан бері қызының ауыр дертпен күресіп келе жатқанын, қызына ай сайын үш рет қан құйдыруға мәжбүр екенін айтқан. Қызының дертіне байланысты Астана мен Шымкент қалаларына жиі қатынайды, Шымкент қаласынан пәтер жалдап, төрт ай бойы медициналық орталықта тұрақты ем қабылдауы қажет. Алайда қосымша шығындарды өтеу қиынға соғып отырғандақтан, демеушілер есебінен қаржылай көмек көрсетілуін сұраған. Оған депутаттар қолдан келгенше қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.
Сонымен қатар қабылдауға жазылған екі азамат тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді өтінді. Қабылдау барысында депутаттар облыстық мансап орталығының басшылығымен байланысып, азаматтарды ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту тетіктерін қарастыру жөнінде ұсыныс берді. Нәтижесінде өтініш иелерінің біріне ақылы қоғамдық жұмыс арқылы жұмыс орны ұсынылды.
«Инфрақұрылым саласындағы мәселе де назардан тыс қалмады. Түркістан қаласындағы Батырбек көшесі, 4/2, 4/3, 4/4 көпқабатты тұрғын үйлерінде әлі күнге дейін газ желісі жүргізілмегенімен іске қосылмағанын айтқан тұрғындар депутаттардан көмек сұрады. Аталған мәселе бойынша бірнеше мекемеге жүгінгенімен, нақты нәтиже болмағанын жеткізген тұрғындар енді мәслихат депутаттарынан үміт күтетінін айтты. Депутаттар ұсынылған құжаттармен танысып, мәселені жан-жақты зерделеп, жауапты мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізілетінін және нақты жауап берілетінін мәлімдеді» деп хабарлайды баспасөз қызметі.
habarlike.kz