Түркістан облысындағы «Аmanat» фракциясы жаңа Конституция жобасын қолдады

Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мәжілісінде еліміздің саяси жаңғыруының өзегі болған Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы талқыланды. Депутаттар жаңа Ата заң жобасының қоғам талқысына ұсынылуы азаматтарға сенім артудың, қоғамдық пікірді құрметтеудің белгісі екеніне баса мән берді, Конституцияның жаңа жобасын қолдайтындықтарын атап өтті.

Ауқымды жиынды фракция жетекшісі, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев жүргізді. Мәжіліске Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Нұралы Әбішов, фракция мүшелері, партия өкілдері қатысты. Алтынсары Дүйсенбекұлы еліміздің Ата заңы елді біріктіретін, уақыт сынынан өтетін берік құндылық екенін айтып, Конституцияның өміршеңдігі халықтың жүрегінен орын табуымен өлшенетінін байыптады.

«Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғамның болашақ бағдарын айқындайтын басты құжат. Сондықтан Ата заңға енгізілетін әрбір өзгерістің ел тағдырына тікелей әсері бар. Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – оның халықпен бірге әзірленуінде болып отыр. Барлық негізгі тармақтар қоғаммен ашық талқылаудан өтуі тиіс деп белгіленді және әр азаматтың пікірін ескеруге ұмтылыс жасалды. Осы саяси шешімнің өзінен-ақ, Қазақстанда саяси мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көреміз. Конституциялық өзгерістер мемлекеттің адамға бағдарланғанын айқындады, халқымызға тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды бекітті, сондай-ақ саяси институттар құрылымының тиімділігін арттырды» деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Фракция төрағасы, Конституция жобасындағы негізгі өзгерістердің мазмұнына тоқталды. Оның ішінде Преамбулада көрсетілген құндылықтарды баяндап өтті. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттардың алғаш мәрте Конституция деңгейінде бекітіліп отырғанын жеткізді. Ата Заң құрылымының басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталғанын мәлімдеді. Конституция жобасының маңызды мағыналық бағыты санатында цифрландыру саласын құқықтық реттеу тетігі бекітілгенін жария етті. Жаңа Парламент – Құрылтайдың өкілеттіктері, Халық Кеңесінің мәртебесі, Вице-президент институтының өкілеттіктері жөнінде толық әрі жан-жақты мағлұмат берді.

«Ұсынылып отырған жаңа Конституцияда адам құқығы мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы – елдің өркениетті даму жолын таңдағанының айғағы. Ана мәртебесін, бала құқығын, әлеуметтік әділдікті қорғауға бағытталған қағидаттар әйелдердің қоғамдағы рөлін одан әрі нығайта түседі. Бүгінгі әйел – тәрбиеші, кәсіби маман, қоғам белсендісі. Сондықтан біз үшін заң үстемдігі, әділ сот, тең мүмкіндік қағидалары ерекше мәнге ие. Жаңа Конституция осы құндылықтарды берік орнықтырып, әр азаматтың ертеңге деген сенімін күшейтеді деп білемін» деді облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі.

Ата заңның жаңа жобасы ел экономикасының тұрақты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратын маңызды құжат екенін фракция мүшесі Алмас Салимов атап өтті. Шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау, жеке бастамаларға жол ашу жаңа экономиканың негізі болып табылатынына баса мән берген Алмас Алтайұлы, Конституцияның жаңа жобасы адал еңбек етіп, тәуекелге барып, ел игілігі үшін өнім өндіретін азаматтардың мүддесін қорғайды деген сенімін жеткізді.

Ал, фракция мүшесі Нұржан Жамалбеков жаңа Конституцияның жобасы құқықтық мемлекеттің жаңа сапалық кезеңіне қадам басқанын көрсететінін айтты. «Құжатта адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы нақты әрі жүйелі түрде бекітілген. Бұл кәсіби заңгерлер үшін аса маңызды әрі принципті мәселе. Ата заңның басты ерекшелігі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің күшеюі, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыруға бағытталған нормалардың нақтылануы. Осы өзгерістер арқылы заң үстемдігі қағидаты декларация күйінде емес, нақты құқықтық тетіктер арқылы жүзеге асуы көзделіп отыр» деді Нұржан Жамалбеков.

Мәжіліс барысында облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев партияның Сайлауалды бағдарламасы мен Конституциялық реформалардың өзара сабақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының бағдарламасында көзделген әділетті қоғам, жауапты мемлекет, қуатты өңірлер ұстанымдары жаңа Конституцияда жүйелі түрде көрініс тапқан.

Мәжіліс жұмысын қорытындылаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Конституциялық реформа аясында қоғамдастық білдіріп жатқан әрбір ұсынысты жан-жақты саралап, оны азаматтарға дұрыс түсіндіру – фракция мүшелерінің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасының ел талқысына шығарылуы – ел болашағын айқындайтын тарихи кезең. Біз Мемлекет басшысы бастаған саяси реформалардың нақты тірегіне айналуымыз керек» деді фракция жетекшісі.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Депутаттар тұрғындармен кездесу өткізді

Түркістан облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың арыз-өтініштері бойынша мұндай бірлескен қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді.…