Ұзын ата және оның кесенесі

Ұзын Ата кесенесі Түркістан облысы, Шардара ауданы, Ұзын ата ауылы мен Алатау батыр ауылының ортасында, Арыс – Шардара тас жолының сол жағында 1 км қашықтықта орналасқан.
Кесене 25×26×6×5 см келетін төрт бұрышты күйдірілген қыштан тұрғызылған. Кесене көлемі 11,35 × 9,70 м, есігі солтүстік – шығысқа қараған, күмбезді құрылыс. Биіктігі 6,40 м, алдыңғы арканың биіктігі 9,10 м, арканың алды кең ашық 4,15 м, кірер есікке дейін 1,85 × 1,74 м, есік ені 1,22 м. Арканың екі қапталындағы қабырғаны үш қатар кірпіштермен шығыңқы етіп қалаған. Қабырға қалыңдығы 65×68 см аралығында.
Кесене ішінің оң жақ бұрышында төбеге көтерілетін айналмалы баспалдақ бар. Есік аузы 67 см, биіктігі 2,40 м, кесененің сол жақ бұрышында жерасты бөлмесіне (хлует болуы мүмкін) баратын есік ені 70 см, биіктігі 1,60 м. Бұл есікті кейіннен сақтық үшін жауып тастаған.
Кесененің ішкі төрт қабырғасында ені 3,10 м, биіктігі 3,55 м болатын төрт арка жасалған, үлкен аркалардың үстінгі жағына кіші 8 арка жасалынып одан кейін үлкен күмбез тұрғызылған.
Кесененің ортасында Ұзын Атаның мүрдесі қойылған деген құлып тас орналасқан, ұзындығы 3 м, ені 70×80 см, биіктігі 1 метрге жуық (зерттеген Б.Тұяқбаева, Н.Праскурин).
Кесененің төменгі жер астында екі бөлме бар делінеді. Соның бірі – көрхана бөлмесі. «Көлемі 4,18 × 4,22 × 4,24 × 4,16 м, ішкі биіктігі 1,90 м,еденіне құм төселгендіктен 5-қатар кірпішті құм жауып қалған,сол денгеймен есептесек жер асты бөлмесінің жалпы биіктігі 2,20 м болады, жер асты бөлмесіне түсетін жер, кесененің кіре беріс есігінің алдында. Есіктен жер асты бөлмесіне дейінгі жол 3 метр.
Екінші бөлмені «хлует» деп жүр. Оның есігі кесененің кіреберіс сол жағында. Қазіргі уақытта сақтық үшін жауып тастаған. Шырақшы Оралбай Нұралыұлының айтуынша, оның ұзындығы 12 метр, ені 2 метрдей, өкінішке орай, ол бөлмеге кіріудің мүмкіндігі болмады. Сонда да болса, алдағы уақытта ол бөлмені де ашып, халыққа қызмет ететін жай жасауға болады.
Кесененің төменгі жағында екі жер асты бөлмесінің болуына қарай, бұл құрылыс өте беделді тұлғаға арнап тұрғызылғаны байқалады. Әзірге Қазақстан аумағында екі жер асты бөлмесі бар кесене Ұзын Ата кесенесі болып тұр.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, кесене Әмір Темір 1384 жылы 1040 мың сарбазбен келіп, аз күннің ішінде тұрғызылған деп айтылады. Өкінішке орай, бұл аңыз әңгіме ғылыми негізде дәлелін таппай және еш дерек көздерінде кездеспей тұр.
Ұзын Ата кесенесі жайлы Н.Рудневтің «Ұмыт қалған өңір» (Забытый угалок) атты мақаласында Шардара бекінісінен Үш қайық (Түркістанның тұсы) аралығындағы Қысты, Ұзын Ата, Сүткент, Байырқұм, Ешкілі, Жартөбе, Рабат, Қауған Ата, Артық Ата және Разды Аталар сынды ондаған көне қалажұртының атауын жазады.
Бұл еңбекте «Кейбір мешіттердің жанынан мұсылмандардың қарапайым мектеп-медреселері салынған, олардың қазақ мұғалім-молдалары бар. Көптеген оқушылар оқитын осындай көлемді мектеп Ұзын Ата қаласының үйіндісіндегі осылай аталатын мешіт пен мазардың қасында орналасқан. Қалдықтарына қарағанда үлкен қала орны болған сияқты»-дей келе осындай алып қаланың ортасында Ұзын Ата кесенесінің тұрғанын және кесененің бүгінгі күнгі күтілмегендіктен бірте-бірте құлай бастағанын және кесененің шығыс жағында көптеген қазақтардың моласы барын, олардың қастарында жазуы бар енсіз мәрмәр тастардың бар екендігін жазады.
Кесене ұзақ уақыт сол кездегі Кеңестік жүйенің әсерінен ескерусіз қалып келді, оның іші астық сақтайтын қойма да болды, бұзып тастауға да әрекеттер жасалды, бірақ аман қалды.
Алғаш рет қабырғалары жарылып, құлау алдында тұрған кесенені жөндеу жұмысын қолға алған азамат Достайұлы Асылхан қария еді. Ол кісі соғыс және еңбек ардагері болатын, ескіше сауаты бар, жазып, оқи алтын. 1977 жылы Асылхан қария кесененің құлау алдында тұрғанын, дер кезінде жөнделмесе құлайтынын сол кездегі Шардара аудандық партия комтитетінің бірінші хатшысы Қ.Тұрысбековке жеткізеді. Келесі жылы қаржы бөлініп, кесенеге жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сыртқы қабырғасын екі жерден темір құрсаумен құрсаулап тастайды Осы жұмыстардың басында Асылхан қарияның өзі жүрді.
Ұзын Ата кесенесінің бұзылу алдында тұрғанын және «Комсомол» ауылына Ұзын Ата есімін берейік деп, Кеңестер уақытына бастама көтеріп жүрген ел ағалары Д.Анефияев пен М.Жақып 1987-1993 жылдар аралығына бірнеше рет баспа беттерінде мақала жариялап, Ұзын Ата кесенесін сақтап қалуға әрекет жасайды. Мырзантай Жақыптың 1987 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналына «Ұзын Ата күмбезі» атты мақаласы жарияланып, оған сол кездегі облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары В. Немченконың жауабы беріледі. 1993 жылы «Жас Алаш» газетіне «Комсомол қымбат па, Ұзын Ата қымбат па?» деген тақырыпта М.Жақыптың мақаласы жарияланып, көптің талқысына түседі.
1992 жылы 27 қазанда «Жас Алаш» газетіне құқықтанушы – заңгер, өлкетанушы (сол кезде Шымкент қаласы Абай аудандық әкімшілігінің жауапты қызметкері) Д.Анефияев пен сол кездегі «Жас Алаш» газетінің тілшісі М.Жақыптың «Ұзын Ата» атты көлемді мақаласы жарияланады.
Одан кейін 1994 жылы Ұзын Ата кесенесін Ақмырза әулеті – Құлшығаштар бірігіп, өз қамқорлықтарына алады. Кесене ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізеді, Жығалы мырза мен Жезбике ананың құрметтеріне (ол жерде жатпаса да) сағана тұрғызады. Кесене айналасы абаттандырылып, тас жол төселіп, көпір салынып, 500 кісілік мешіт пен шырақшының үйі бой көтереді. Газ тартылып, электр желісі жүргізіліп, жарықтандырылады. Екі жерден құдық қазылып, суландырылады. Ескінің көзіндей болған қыш күйдіретін шеберхана мен қыштан шегенделген құдықтың үсті жабылып, зияратшыларға арналып дәретхана, монша салынады. Келушілер үшін үлкен бастырмалар мен 500-дей адамға арналған ас берілетін үсті жабылған жай салынды.
2021 жылы «Ұзын Ата» мұражайы бой көтеріп, пайдаланылуға берілді. Бұл жұмыстардың басы-қасында «Ұзын Ата» қоғамдық қорының мүшелері Тұяқбаев Бердіқұл қария мен Сыздықов Кенжебай, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, «Арыс ақиқаты» газетінің құрылтайшысы Әбдімәлік Ағыбай жүрді. Көне жәдігерлерді жинап, мұражайдың ішін жабдықтауды осы мақала авторы ұйымдастырды. Мұражайды жабдықтау кезінде Әбдімәлік Ағыбай сирек данамен шыққан 50- ден астам құнды кітаптарды сыйға тартса, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан және Ресей көркемсурет академиясының академигі, Түркістан облысының Құрметті азаматы Тілеуберді Бинашов Ұзын Ата мүсінін жасап және Меккеден алып келген жез құмыраларын сыйға тартты. Алатау батыр ауылынан Балғабаева Танакүл Тұрсынбекқызы келі, Пердехан Омарұлы Құран кітап, аяқ киім жасайтын құралдар мен қалыптар, Көксу ауылынан Құдайберген Әмзе Нышанұлы өрмек тоқитын қондырғы, Сүткент ауылынан Тайлақов Сырымбет Сапарұлы, Жетісай қаласынан Ізбасаров Ыдырыс Ахметұлы археологиялық жәдігерлер, Достық ауылынан Сүттібай Өскенбай қоржын, Жұмашов Ералы Мырзаұлы дирмен тас пен қабақ, Ұзын Ата ауылынан Санаев Жақсылық Арынұлы дирмен тас, Шардара қаласынан Зиябеков Марат Айыпқанұлы үлкен дирмен тас, Алатау батыр ауылынан Жазықбай Қали Ұласбекұлы құмыра өткерді. Қали Ұласбекұлы көне архологиялық ескерткіштердің орнын тауып, көрсетті. 2021 жылы мұражайдың ашылу салтанаты өтті.
Кесене басындағы игі істерге ұйытқы болып, ақыл-кеңестерін берген Социалистік Еңбек Ері Әуезхан Салықбаев, Ақылбек Әлтаев, Есбол Шомпиев, Сәттібек Қожамұратов, Тайыр Медеушеев, Қарсыбай Әшенов, Тынышбек Көбеев … сынды алдыңғы толқын ағалардың еңбектері зор болды. Қазір «Ұзын Ата» кесенесі басында абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Онда, сонымен қатар, қонақ үй, жасанды табиғи көл, асхана, автотұрақ, мешіт үйі құрылыс жұмыстары бой көтеруде.Сонымен қатар « Бабалар аллясы» салынып онда құлшығаш руынан шыққан батырлар,ақын- жазушылар,ғалымдардың,еңбек озатарының, өнер адамдарының естелік тақтасы қойылған.
2022 жылы Ұзын ата кесенесі Республикалық маңызы бар тарихи – мәдени мұра тізіміне ілінді. Кесененің маңыздылығын, тарихи орнын анықтауда көптеген ел азаматтары үлес қосты. Әсіресе, Отырар ауданы, Көксарай ауылының тумасы Жанысбеков Оразханның еңбегін ерекше атап өткен орынды. Оразхан кесененің апатты жағдайын ескеріп, өз мамандарымен кесененің қазіргі көріністерін суретке түсіртіп, ҚР Мәдениет министрлігі мен «Қазқайтажаңқырту» (Казреставрация) комитетіне шығып, кесененің мән-жайынан хабардар етті. Оразханның еңбегін ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қолдап, тиісті мекемелерге шығып, Ұзын Ата кесенесін 2022 жылы Республикалық маңызы бар тарихи – мәдени ескерткіштер қатарына енгізді. Алдағы кезде кесенеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін болады.
Құжаттарды дайындап, аудан, облыс деңгейіндегі жұмыстарды атқаруда Жанысбеков Нұрмахан, Есмурзаев Садықтардың еңбегін атап өткен орынды.
Кесененің оңтүстік-батыс жағында көлемі 3,20×170 м келетін күйдірілген қыш жасайтын цехтың орны сақталған. Ішкі жағында 8×8-екі қатар ойық орны бар, ойықтардың тереңдігі шамамен 60×40см дей,құрылыстың үстінгі беттерін қалың құстардың саңғырығы басқан,құрылыстың үстіне қыштан арнайы жай салынған. Кесенедегі кірпіштер осы орында жасалған болуы мүмкін.
Сонымен қатар, кесене мен цехтың ортасында ішкі жағы күйдірілген қыштан қаланған көне құдық бар. Суы күні бүгінге дейін тартылмаған. Қазір Ұзын Атаға зиярат жасаушылар құдық суына емдік қасиеті үшін жуынып, ыдыстарына құйып, алып кетіп жатады.

КЕСЕНЕ МАҢДАЙШАСЫНДАҒЫ ҚЫШТАҒЫ ЖАЗУ

Ұзын Ата кесенесінде екі жазу тақтасы бар. Оның бірі кесенеге кірер есіктің оң жағындағы ағаш тақтайшаға қазіргі әріптермен жазылған. Онда «Бұл кісі 778-ж хижря опат болған
Шырмұхамбет Халипа Дүрман ұлы
21 шауел айы (май айы) қайтыс болған.
Руы Қарахандық Әзіретәлінің тұқымы
1040 әскермен күн жарымда салып бітірді.
Ол уақытта 1384 жыл екен».
Осы жазу менің ойымша кесене маңдайшасында саз қыштағы араб әріпімен жазылған жазудың аударасы деп есептеймін. Бірақ аудармашының есімі осы кезге дейін бей мәлім.
Төрт бұрышты қыштағы жазуды суретке түсіріп теолог-дінтанушы, араб қолжазбаларының маманы Ергебеков Серік Әбенұлына аударып және өз пікіріңізді жазыңыз деп жіберген едім.
Төмендегі аударма мен талдау Серік Әбенұлыныкі.

Ұзын Ата

Ұзын Ата кесенесінің маңдайшасындағы араб әріпімен жазылған жазуларына жүргізілген талдау.
Шағатайша жазбасы
1328 – инчи Сак йилинда.
Менки – Мулла Жаһм, Назар Шайх Ширмухаммад Халифа уғлидурман.
Уша Бузругнинг башиға уста Пискант деган Ташкентликке қайтадан қилдирдим.
21- инчи Шаууаль айында.
Уаллаһу ағләм ( Алла билувчи)
Қазақша аудармасы
1328 – інші Ит жылы.
Мен – Молда Жахм, Назар Шейх Шермұхаммед Халифаұлымын.
Осы Әулиенің басына Піскенттік ұста деген Ташкенттікке қайта соқтырдым.
Шәууел айының 21-күні.
Алла білуші!
Жалпы қортынды:
1.Жазбаның басында келген жыл санағын дұрыс оқу керек. Жалпы жыл санағын жазғанда көне құлпытастарда кездесетін белгілердің бірі жыл сандарының арасын 0 деген сияқты хижра санағының белгісімен бөліп жазуы. Мұнда 13 деген сандардан кейінгі келген 0 сан емес, 0 – бұл хижра санағының белгісі. Әу баста жазған ұста 0 деген белгіні шамалы көтеріп жазып, астын сызып қойғанда ешқандай дау тумас еді. Негізі 0 бұл арабша Һижра деген жазуының басында келетін Һ әріпі. Одан кейінгі келетін санда 7 саны емес. Оны да дұрыс оқып жүрген жоқ. Себебі, сол санды жақындатып, үлкейтіп қарайтын болсақ онда ол санның астында аяқ жағындағы кішкене сызықты байқаймыз. Ол сызықта алдыңғы жазылған 3 санының аяғы сияқты қысқа жазылған. Негізінде бұл сан 2 саны.
Соңғы санға дау жоқ, 8 саны. Сонымен кесененің қайта салынған жылы 1328 жыл болып шығады. Биыл хижра санағымен 1445 жыл. 1445 тен 1328 жылды алғанда 113 қалады. Демек, бұл ғимараттың қайта жаңғырғанына биыл 113 жыл. Сондай ақ, Григориан календары бойынша санағанда 1909-1910 жылдар салынған болады. Жыл қайырумен есептегенде 1909-1910 жылдар Ит жылы. Хижар жылы қашанда екі жылды қамтиды. Енді жоғарыдағы жылдардан кейінгі келетін жазу «Саг-Сак» деген сөз. Ол парсыша «Ит» деген мағынаны білдіреді. Жоғарыда «1328 – інші Ит жылы» – деп жазылған.
2.Бүгінге дейін бұл тасты кімдердің, қандай мамандардың аударып жазғанын білмеймін. Алайда, бұрынғы аудармашылар көп нәрсеге мән бермей атүсті қарап, қазақ тіліне мүлде дұрыс аудармаған. Себебі, бұл таста кесене иесінің есімі мүлде жазылмаған. Яғни, Ұзын Атаның есімі олар ойлағандай «Шермұхаммед Халифаұлы Дүрман» емес. Кесенедегі жазу сол мазаратты қайта жаңартып салдырған адамның есімі. Ол кісінің есімі–Молда Жахм. Назар Шейх Шермұхаммед Халифаның баласы. Қысқаша айтқанда «Жахм, Назар Шермұхаммедұлы». Одан соң бұл жазу жолдарында «Дүрман» деген адамның аты емес, «дүрман-дүрмін»-«пәленшемін» дегені. Әуелде «Мен» деп бастап, одан соң «пәленшемін» деп аяқтағаны.
3- «Осы Әулиенің басына Піскенттік ұста деген Ташкенттікке қайта соқтырдым»- деген жазбасынан бұл кісінің кесенесін қайта соқтыртып, ғимаратты жаңғыртқанын, құрылысты Молда Жахмнің өзі қайта салдырғанын білеміз.
4- «Шермұхаммед Халифаның ұлымын» – деген жазбадан Кесенедегі жатқан Ұзын Атаның да сопылық мектебінің адамы болғанын, сондықтан оның кесенесін салдыруға сопылардың халифаларының араласқанын анық білуге болады. Осыған қарап, Ұзын Ата да сопылық мектебінің негізін қалаушылардан деп айтуға да болады.
5- «Уша Бузругнинг – Осы Әулиенің» деген жазбадан кесене иесі Ұзын Атаның әулие болғаны анық блінеді.
6- «Піскенттік ұста деген Ташкенттікке қайта соқтырдым» -деген жазбадан сағананы қайта салған ұста Ташкенттің маңындағы Піскент қаласынан келген ұста екені анық жазылған.
Аударып, талдаушы: – Ергебеков Серік Әбенұлының талдауына қарасақ жоғарыдағы тақтадағы жазу мен кесене маңдайшасындағы күйдірлген қыштағы жазудың айырмасы көп екенін аңғаруға болады.

ҰЗЫН АТА ТУРАЛЫ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР

Ұзын Ата өз заманының ойшыл, білімді, өмірде болған тұлғаларының бірі. Бұл әулие кісі туралы қазіргі ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Әмір Темірдің бас кеңесшілерінің бірі және Әмір Темірге үнемі ақыл-кеңес беріп жүретені айтылады. Қазірдің өзінде кей кітаптар мен белгі тастарда осылай жазылып жүр.
Қолда бар көне кітаптарға үңілсек, олардың еш қайсысында Ұзын Атаның Әмір Темірмен бірге болғаны жөнінде дерек кездеспейді.
Ұзын Ата мен Әмір Темірдің байланысты жері Шараф ад – Дин Али Издидің «Зафар – Наме» қолжазбасында жазылады. Онда ӘмірТемірдің 1405 жылы Қытайға соғыс жариялау кезеңі айтылады «Әмір Темір Ақсулаттан шығып, кешке жақын Ұзын Атаға келді, одан шығып, Йол Ходжа Агаға тоқтады, одан шығып, Сүткентке тоқтады. Одан шығып, Кимаршах Атаға тоқтады, одан шығып, Зарнукке тоқтады. Сырдан өтіп, Отырарға келіп, Бердібектің үйіне түсті, делінген… Сол жылы қыс аса суық болғанын адамдардың қолдары, құлақтары, аяқтарының үсігені, адамдар мен аттардың аяздан көптеп қайтыс болғаны және Сырдың мұзы 3-4 қарысқа дейін қатқанын, Құлан асуында қардың қалыңдығы 3 найза бойы болғанын жазады. Бұл еңбекте де Ұзын Атаның Әмір Темірмен бірге жүргендігі жөнінде еш дерек жазылмаған. Осы жазбаның өзінде де қызықты тың деректер бар.
Мәселен, Әмір Темірдің таң ата Ақсулаттан шығып, кешке Ұзын Атаға тоқтауы, қыс қатты, аязды күнде он мыңдаған сарбаз 6-7 сағатта ары кеткенде 70-89 шақырым жүрер болса Ақсулат қаласы Қазақстан жерінде болған деп болжауға болады. Сонда қай қала? Асық Ата ма, Үтірлі ме (Жетісай мен Ұзын Ата аралығындағы көне қалажұртардың бірі болуы мүмкін), одан кейін «Ұзын Атадан шығып, Иол Ходжа Атаға, одан Сүткентке, одан шығып Кимер шах Атаға, одан Зернуке келеді» делінген. Бізге жұмбағы – Иол Ходжа Ага мен Кимер шах Ата бұлар қала билеушілері ме, әлде қалалардың аттары ма?. Қалалар болса, қай қалалар?. Ұзын Ата мен Зернуктың ортасында қазір Байырқұм, Ешкілі, Жәнкел төрткүлі, Жар төбе, Шаншар төрткүл қалажұрттары бар. Осылардың қайсысы екендігі бізге жұмбақ болып тұр.
Ұзын Ата туралы тағы бір жазба Өтеміс қажының «Шыңғыс наме» кітабында. Өздерінің тапқырлығы мен білімпаздығының арқасында Алтын Орда ханы Өзбекті ислам дінінің Яссауи тарихатына кіргізіп, Алтын Орда мемлекетінің дінін ислам етуге ықпал еткен, Яссауи тарихатының өкілдері Садыр Ата, Сайид Ата, Ұзын Хасан Ата, Бадр Ата атты дін ғұламалары екені айтылады. Кітапта «Өзбек хан заманының төрт әулиесіне Алладан Өзбек ханға барып, оны ислам дініне кіргізіңдер» деген аян келеді Алланың бұйырығымен олар Өзбек ханның ордасының сыртына келіп, өздерінің ғибадатарын жасай береді. Ол кезде хан сарайында сиқыршылар мен дінсіз көріпкелдер сиқыр көрсететін еді делінген. Төрт әулие келгенін біліп, оларды шақыртып, талап қояды. Сол «талап орындалған кезде ислам дінін қабылдаймын» дейді. Ол талап үлкен қазанға от жағып содан аман-есен шығу болатын. Жағылған отқа төрт әулиенің бірі түсіп, аман шыққан соң Өзбек хан ислам дінін мойындаған делінеді.
Х.Кашифидің «Рашахат айн-ал-Хайат» шығармасында Сайид Ата мен оның серіктері Садыр Ата Баба Туклас, Ұзын Хасан Ата, Бадр Атталардың Зеңгі Атаға қалай жолығып, шәкірт болғаны жазылған «Бұқарада медреседе оқып жүрген төрт шәкірт «пір кәміл» іздеп, Түркістанға аттанады. Жолай Шаш маңында сиыр бағып жүрген Зеңгі Атаға ұшырасады. Ол кісімен жөн сұраса келе өздеріне пір кәміл іздеп жүргенін айтады. Зеңгі Ата оларға «Сендерге кім пір болу мүмкін, айтып берейін» – деп төрт тарапқа ауаны искелеп – сендерге менен артық ұстаз жоқ дейді. Сонда Ұзын Хасан Ата мен Садр Ата ол кісіні бірден мойындап, өздеріне ұстаз тұтады. Ал Саййид Ата ішінен «бақташы маған қалай ұстаз болуы мүмкін, мен өзім пайғамбар әулетіненмін»- деп ойлайды. Бадр Атаның ішіне де осындай күдік ұялайды. Бірақ, кейіннен бәрі де Зеңгі бабаның шәкірттері болып шығады.
Бұл оқиға 1908 жылы Ташкен баспасынан (Мулла Салохиддин ибн мулла Алоиддин хожа ишан) шыққан Салихиддин Ташкендидің өзбек тілінде аударылған «Темурнома» кітабында қайталанады. Ташкен маңында мекен еткен Зеңгі бабаға төрт жас бала келіп, шәкірт болады. Олар – Сейт Ата, Бәдір Ата, Сәдір Ата және Ұзын Хасан Ата. Зеңгі баба оларды тәрбиелеп, оқытып, ислам дінін насихаттау үшін жан-жаққа жібергені жазылады. Жазба деректердің еш бірінде Ұзын Атаның Әмір Темірдің кеңесшісі болғандығы туралы жазылмаған, қайта Ұзын Атаның Алтын Орда кезеңінде өмір сүргені туралы деректер бар.
В.В.Бартольдтың «Улугбек и его время» атты еңбегінде Әмір Темірдің Қытайға жорық жасар кезінде Ақсулаттан шығып, Ұзын Атаға келгенін, одан Отырарға бет алғаны ғана жазылады.
Фахруддин Али Сафийдың (өзбекше аударымы) «Рашахоту айнил – хает»- кітабының 27-і бетінде Ұзын Хасан Ата Зеңгі Атаның бірінші шәкірті екені айтылады.
Мәулана Әли ибн Хусейннің « Рашахат айн әл – Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары»- кітабінің қазақша аудармасында (баспаға дайындаған Д. Т.Кенжетай) Ұзын Ата дерегі келтіріледі. Бұл кітаптардың барлығында Ұзын Атаның Зеңгі бабаның бірінші шәкірті ретінде сипатталады, басқа деректер келтірілмейді.
Осы тұрғыдан т.ғ.к, исламтанушы, аудармашы Зікірия Жандарбековтің «Яссауи жолы және қазақ қоғамы» атты ғылыми кітабінде Алтын Орда мемлекетінің ханы Өзбекті ислам дінін, Яссауи тарихатына кіргізген төрт ғұламаны жеке-жеке талдай келе Ұзын Атаның бір уәлиатты басқарғаны және Мысыр басшыларымен хат алысып тұрғанын жазады. Сонымен қатар, «Ұзын Атаның шыққан тегін хорасандық қожалар ма?» деген пікір білдіреді. З.Жандарбековтің еңбегінде «Зеңгі бабаның төрт шәкіртін зерттей келе Сайид Атаны Ұлы жүздің пірі деп есептейді және Сайит Атаны Исхақ бабтан тарайтын қожалардан болғандықтан, пайғамбар әулетінен екендігі айтылады. Садр Атаны Зеңгі Атаның өз шәкірті екенін және Садр Атаның үстінде түгі көп болғандықтан, халық оны «Баба Туклс» деп атағанын және Ұлы жүз бен Орта жүздің пірі болғандығы жөнінде дәйектеме айтады. «Өзбек ханды ислам дініне кіргізуге барған төрт кісінің екеуі Ұзын Хасан Ата мен Бад аддин Атаның Яссауи тарихатының қай тармағына жататыны белгісіз» дей келе «Хорасан қожалар өз шежірелерін Мұхаммед ибн әл Ханафйианың ұрпағы, 8-і ғасырдың ортасында Сырдың төменгі ағысында сахнаға шыққан Оғыз мемлекетінің негізін қалаған Абд – ал-Жалил Баб Хорасан Атадан тарататынын ескерсек, соңғы екі әулиенің бірі оғыздық билеушілер әулетінен болуы мүмкін?» деген ой айтады. … «Ал, Ұзын Хасан Ата Жошы ұлысындағы бір ұлыстың бегі болды. Ұзын Хасан Ата ұлыс бегі ретінде Мысыр мемлекетінің билеушілерімен хат жазысып тұрғандығы жөнінде мысырлық тарихшылардың еңбегінде кездеседі» деп жазады.
Ұзын Атаның Алтын Орда мемлекетіне және ислам дінінің ішіндегі Яссауи тарихатын насихаттаудағы сіңірген еңбегін бағалап, оны бір уәлиатының басшысы етуі мүмкін. Уәлиаттың орталығы қазіргі кесене тұрған аймақ болған деп айтуға болады. Ұзын Ата тарихын әлі де зерттей түсу керек, сонда ғана шынайы тарихқа көз жеткізе аламыз.
Қорытындылай келе, Ұзын Ата Әмір Темірдің кезінде емес одан әрі Алтын Орда заманында өмір сүрген ғұлама деуге негіз бар.
Және Зеңгі бабаның Арыстанбабтың ұрпағы екенін еске алсақ, оның төрт шәкіртінің де жамбастары жерге тиген жері Қазақстан, оның ішінде Оңтүстікте екенін ескерсек, Ұзын Атаның өмір жолы осы Сыр бойында өткенін аңғару қиын емес. Бұл тұрғыда кесенеге қамқорлық жасап, абаттандырып, насихат жасап жүрген Ақмырза баба ұрпақтары – Құлшығаш ағайындарға айтар алғысымыз шексіз.
Ұзын Ата туралы мақалалар мен зерттеу жұмыстар қазір де жазылып жатыр. Солардың ішінде көлемді мақала филология ғылымдарының кандидаты, професор, ҚР Журналистер одағының мүшесі Мырзантай Жақыптың Алматы қаласындағы «Әл-Фараби» баспасынан 1993 жылы шыққан «Мырзашөлім – Мырза Елім» атты кітабында Досбол Анефияевпен бірігіп жазған «Түгістік жерден мұнарланып күмбезі Ұзын Ата сағымданады» мақаласы жарияланады.
2001-жылы Хамза Көктәндінің «Аспан мен Даланың төрт ұмтылған тарихы» атты кітабінде Ұзын Ата туралы өзінің зерттеуі мен пікірін жазады(285- 432 бб), онда Ұзын Атан Шыңғысханға теңейді, кесенеде Шыңғысханның мүрдесі жатыр деп есептейді, сонымен қатар Асан қайғыныда-Шыңғысхан деп жазады, Жебе ноянды Жабай ата деп жасса, Ұзын Ата кесенесінің шырақшысы болған Қалмұрза ұрпағын « Калчуан-алчтың ұрпақтары»- деп айтады. Жезбике ананы- Шыңғысханның анасы Оэлуын ана,«алтын киімді ханым» деп келтіреді.Тіпті Жезбике ананы Тәуіркөз,Жезетек,депте жазып жіберген.Осындай ғылыми зерттелмеген,нақтыланбаған деректерді өз қиалымен жазып шығады. Ал 2003-жылы Хамза Көктәндінің « Алтын төркін» кітапінде осы жайлар қайталанып жазылады.Онда Шыңғысханның шындығы атты бөлімінде, ғылымға белгісіз бес есім деген тарауында Темүжин,Үжин қас хан, Хасан (Асан), Үжуын (Ұзын) ата әулие, Шермұхаммед Халипа Дүрманұлы бәрі бір адам ол Шыңғыс хан деп тұжырымдайды (205-221бб).
2022 жылы «Құтты мекен – Көксарай» мәдени-ағарту жобасы аясында Отырар ауданының Құрметті азаматы, меценат Жанысбеков Оразхан Кенжеғұлұлы мен Ахмет Әбутәліп Охапұлының «Ұзын Ата кесенесі» атты Ұзын Ата әулие кесенесі туралы мәліметтер жинағы шықты.
Онда Ұзын ата кесенесіндегі тақтаға жазылған жазумен Ұзын ата Темірдің кеңесшісі болған деген аңыздарды келтіреді. Шардара ауданы әкімдігінің 2022 жылғы тапсырысы бойынша «Құм қойнауындағы қазына. Шардара ауданының көне тарихы» атты кітапта Ұзын Ата туралы да деректер айтылады. Деректе Мұса ақын Жұманазарұлының жақын туысы Әди Ахметовтен ауызша жазып алынған сұқпат беріледі, онда Әди қария «Ұзын Ата жайлы – ол Орта Азия халқына ислам дінін алып келіп уағыздап өткен Шермұханбет Дүрманий деген араб» деп айтады. Сонымен қатар, «Осы кісінің атынан атамыздың атын Шерімбет деп қойған» дейді. – Шерімбет атамыз кесене қасынан медресе ашып, бала оқытқан екен, кейін Жансақал атамыз да балаларға сабақ беріп келген, – дейді. Міне, осындай да деректер кездесіп жатыр.

ҰЗЫН АТА КЕСЕНЕСІНІҢ ҚАСЫНДАҒЫ МЕДРЕСЕЛЕР МЕН КӨМІЛГЕН КӨНЕ КІТАПТАР

Кесене қасындағы медресе жайлы алғашқы дерек В.Рудневтің «Ұмыт қалған өңір» атты мақаласында Ұзын Атадағы медресе жайлы алғашқы дерек жазылады. Ол мақаласында …(Көптеген оқушылар оқитын, осындай көлемді мектеп ежелгі Ұзын Ата қаласының үйіндісіндегі осылай аталатын мешіт пен мазардың маңайында орналасқан..), В. Рудневтің үлкен медресе деп жазғаны, қазіргі Ұзын Ата кесенесінің солтүстік жағындағы ені 3×4 м, ұзындығы 15×20 м болатын ұзынша созылып жатқан дөңес болуы мүмкін. Сонымен қатар қазіргі елдің айтуынша кесененің сол қабырғасына жақын тағы бір құрылыс болған делінеді , кейін бұл жер бұзылып тегістеліп ағаштар егіліп кеткен екен. Сарыағаштық …. Балтабайдың айтуынша оның атасы Омархан Төлеген Ұзын Ата медресесінде бала оқытқан екен, шардаралық Әзиза Зәкірованың айтуынша Бейжан молда Ұзын Ата кесенесінде ұстаздық жасаған, 1937 жылғы нәубет кезінде ұсталып, атылған екен. Сол кісі ұсталарын сезіп, өзінің пайдаланған көптеген кітаптарын түйенің терісіне орап, кесенеден 42 не 22 метр жерге көміпті. Бұл туралы Бейжан молданың баласы Зәкір молда 1974 – 75 жылдары айтқан екен.
Мен Ұзын Атада мұражай жасақтауда жүрген кезімде Әзиза маған өзінде және туыстарында 30-ға тарта көне кітаптың барын, оларды бере алмайтынын, тек көшірмесін алуға болатынын айтқан еді
Ұзын Аталық Айдаров Көпжан Тасболатұлы да кесене маңына көмілген кітап көмбесі туралы былай айтады «Екі араба құран және діни кітаптар, мәдени-ағартушылық шығармалар 1937 жылдың көктемінде Ұзын Ата кесенесінің маңына (алдыңғы жағы болуы мүмкін) алдын-ала дайындалған ұраға көмілген. Кітаптар екі қабат киізге оралып, ағашпен жан-жағынан жауып, топырақпен бастырылған. Көму кезінде кітаптар иесі – молда Ахмет Жұманазарұлы (руы – қаракөсе) болған. Қасында бірге көміскендер: молда Мұса Жұманазарұлы (тете інісі), кіші інісі Шәкір Жұманазарұлы, жұбайы Қадіркүл Қошқарбекқызы (Құлшығаш руының қызы) және ұлдары Әди (13 жаста) мен Шәди (7 жаста) болған. Заманның ауырлығымен, қатал уақыттың өтуімен кітаптар табылмай кеткен. Ахмет молданы сол 1937 жылдың 28 мамырында НКВД жендеттері Ташкентте қудалаудан бас сауғалап жүрген жерінен ұстап, Шымкент қаласына алып кеткен. Көп ұзамай, тамыздың 26 күні “Үштіктің шешімімен” қалалық уақышта оқшаулау абақтысының (СИЗО НКВД) жер төлесінде (подвал) атып жіберген. Денесін қазіргі “Қасірет мемориалы” (Қайтпас-1 е.м.) маңына көміп тастаған. Ізінше, інісі Шәкірді Коми АССР-не жер айдап жіберген, ол кісі соғыс басталар алдында, сол жақта қаза болыпты. Көрген адамдар айтып келген екен» . Ұзын Ата кесенесінде 2000 – 2008 жылдары шырақшы қызметін атқарған Қали Лесбек кесене алдына көмілген кітаптар жөнінде білгені мен көргенін жазып берген еді «2003 жылы Киров партсъезінен жасы 80-ге таяп қалған қария Ұзын Атаға зиарат жасап келді. Әңгіме барысында әкесінің нәубет кезінде Ұзын Атада шырақшы болғанын және бір арба кітаптарды кесенеден 100 метрдей жерге апарып көмгенін айтты. Ол кезде қария 8-9 жасар бала екен, әкесі терең шұқыр қазып, ішін өртеп, сап – сары етіп, үстіне киіз төсеп кітаптарды қалап қайта киізбен орап көміпті. Өзін әкесі «жан-жақты бақылап тұр» деп қарауылдыққа қойған екен. Содан екеуміз кітап көмілген деген жерді жобамен іздедік, бірақ таба алмадық. Қария кейін келем деп кетті, содан бұл жаққа оралмады»- дейді.
Кесене маңында көмілген кітаптар жөнінде естіген 1975 – 76 жылдары Қызылқұм совхозының директоры болған бір ағамыз, бірнеше жұмысшының қолдарына істік темір беріп, 3 күн кітап көмбесін іздеткен екен. Бірақ нәтижесіз болған секілді.
Ұзын Атадағы медреседе ұстаздық еткен адамдардың есімдері біртіндеп болса да анықталып жатыр, ал, «мен не бабам, әкем Ұзын Ата медресесінде дәріс алған еді» дегендер әзірге болмай тұр.

ҰЗЫН АТА ҚАЛАЖҰРТЫ

Ұзын Ата кесенесінің қасындағы көне қалажұрттарды, өткен ғасырдағы орыс зерттеушілері «Ұзын Ата қалажұрты» деп өз еңбектерінде жазып келген.
Шараф ад-Дин Али Йздидің «Зафар – Наме» еңбегінде Әмір Темірдің 1405 жылы Қытайға жорығы кезінде Ұзын Атаға келгені жазылады соған қарағанда, сол жердегі қала орны Ұзын Атаның атымен болуы мүмкін.
Н.Рудневтің «Тукестанские ведомости» газетінің №15, 16 1900 жылғы санындағы «Забытый уголок» мақаласында… Сырдарияның жағалауындағы тоғайларға ұласып жатқан, бұрынғы Шардара бекінісі мен Үшқайық өткелінің арасындағы 250 версттай дала алқабы еңселі және бай мәдениеттің орталығы болған, осы аймақта қалып қойған ежелгі қалалардың, бекіністердің, кенттердің құлаған орындары және ескі арықтардың тұтас жүйелері әлі күнге дейін сақталған.
Кентердің қалдықтары, егер көптеп кездесетін төбелер жиынтығын «Мың төбе» осылай атауға болатын болса, Ұзын Ата мен Шардара бекінісіне дейін ғана кездеседі – дей келе бірнеше көне қалажұрттың орындарын жазады, олар Қысты (Қышты), Ұзын Ата, Сүткент, Байырқұм, Ешкілі, Жартөбе, Рабат, Қауған Ата, Артық Ата және Разды Ата деп атап өтеді. Осы мақалада Ұзын Ата кесенесі мен қалажұрты туралы жазып кетеді «Кейбір мешіттердің жанынан мұсылмандардың қарапайым мектептері – медреселері салынған, олардың қазақ мұғалім – молдалары бар. Көптеген оқушылар оқитын, осындай көлемді мектеп ежелгі Ұзын Ата қаласының үйіндісіндегі осылай аталатын мешіт пен мазардың маңайында орналасқан. Қалдықтарына қарағанда, бұл ежелгі қала өте үлкен орынды алып жатыр, уақыт өте асау өзен оның, әсіресе шығыс беткейін шайып кеткен . Қаланың оңтүстік жағынан көмкеріп жатқан Ұзын Ата төбесі бір кездері шаһардың орасан зор кіндік орталығы болғанға ұқсайды. Оның оңтүстік маңайында қақпалардың ізі байқалады. Кіндік орталықтан солтүстік – батысқа қарай кейбір тұстарында көшелер мен арықтары бар құрылыстардың қалдықтары көзге көрінеді , әрі қаланың шетіне қарай әдейі қоршалған , алты мұнаралы , төрт бұрышты бекініс салынған. Бұл жерде қала арқылы өтетін, дариядан 15 верст солтүстік – батысқа қарай созылып, әлгіге ұқсас бекініске ұласатын ескі арық басталады.
Ежелгі қаланың орталығында ұрпақтары қазіргі кезде алыптарға тән бойына байланысты Ұзын Ата деп атап, ардақ тұтатын қазақтың моласының үстіне күйдірілген кірпіштен дөңгелек күмбезді, биік қабырғалы кесене салынған, бүгінде ол күтілмегендіктен бірте-бірте құлай бастаған. Кесененің маңайында, әсіресе шығыс жағында, көптеген қазақтардың молалары бар, әрқайсысының үстінде ескі мәрмарден жасалған, жазуы бар енсіз көктастар жатыр »- деп сыйпаттайды.
Ұзын Ата қаласын тағы бір зерттеуші А.Тилло «Туркестанские ведомости» газетінің 1903 ж. №72, 7 қыркүйектегі мақаласында да атап өтеді. «…Шардара алқабынан, тіпті Шыназдан бастап дарияның сол жағалауын бойлап, 200 верст қашықтықта осындағы Қысты, Ұзын Ата, Сүткент, Ешкілі, Байырқұм, Жартөбе, Қауған Ата, Артық Ата, Разды Ата және Оқсыз секілді көптеген қалалар мен елді мекендердің құлаған орындары жатыр, бұл атаулардың екеуі қазірге дейін ескіше аттарын сақтаған, ал қалғандарына мұнда жақында ғана қоныс тепкен қазақтар атау берген» деп жазады. Бірақ, А.Тилло қазақтар жақында ғана келді деп қатты қателеседі, ол сол кездің саясатына орай жазып отырғаны белгілі.
Н.С.Лыкошин «Туркестанские ведомости» газетінің 1-5 қазанда 1903 жылы (Общирен, но неудобен ) – атты мақаласында: «Орыстың отарлауы үшін жарамды жерлер іздестіріле бастаған 1898 жылы Сырдария облысының әскери губернаторына қазақтардың айтуынша, Сырдарияның сол жағалауында Ұзын Ата алқабынан Ұшқайық өткеліне дейін көптеген ескі , ұмыт қалған, Сырдан тартылған және мұнда ежелгі мәдениеттің болғанын дәлелдейтін арықтардың бар екені хабарланды » – деп жазып өтеді.
Арадағы біраз үзілістен кейін Ұзын Ата қалажұртының аты Шардара өңірінің көне тарихын зерттеген археологтардың 1951 жылы А.Н.Бернштам, Г.И.Пациевичтердің ( Оңтүстік Қазақстан архаологиялық экспедициясы ), 1982 жылы Шымкент педагогика иниститутының археологиялық экспедициясы Н.П.Подушкиннің жетекшілігімен жүргізлген қазба жұмыстарында аталады.
Бұл зерттеу кезеңінде, олардың қалажұртты сипатауына қарағанда Ұзын Ата кесенесінің, оңтүстігінде 1400 метір қашықтықта жатқан қазіргі аты Ақтөбе қалажұрты сияқты. Өйткені мақалада Ақтөбе ( Ұзын Ата ) деп көрсетілген. Ал бұл қалажұртың өмір сүрген кезеңін б.з. 4- 10 ғ.ғ – деп жазылған, сондықтан, қала Ұзын Ата кезеңіне сәйкес келмейтіні анық. Бұл зерттеушілер Н.Рудневтің қалажұрты сипатағаны мен таныспағаны белгілі болып тұр. Өйткені Н. Рудневтің сипаттамасында төрт бұрышты, мұнара орындары бар деген қорған бұларда айтылмайды.
Н.П.Подушкиннің сипатамасында «Ежелгі Ұзын Ата қаласының орталығында дөнгелек төбе сақталған, негізгі орнының аумағы 60× 50 метр, биіктігі 10×12 метр. Осы төбеге жан-жақтан жалғасатын алаңдар бар, олардың негізгі орындарының аумағы 260× 290 метр, биіктігі 3-5 метр, мұнда тұрғын үйлер, шаруашылық кешендері және қорғаныстық құрылыстар сақталған. Қаланың солтүстік – шығысында өзеннің ескі арнасының, жер бетене салынған құрылыстардың орындары кездеседі. Сондай-ақ, тас пен керамикадан жасалған, ас ішіуге, шаруашылық – тұрмыстық қолданысқа арналған ыдыстар шықты» – делінеді (ОҚО Мәдениет және тарихи ескерткіштері жинағы. Алматы 1994 ж ).
Осы екі қалашық орны Ұзын Ата кесенесінен бірдей қашықтықта 1400 метр жерде. Кесененің солтүстігіндегі төрткүл түрінде келген қалажұртының көлемі өте ауқымды және бұл жердің үстінгі қабаттарынан табылған ыдыс- аяқ сынықтарының мерзімі 11-14 ғ.ғ келеді. Қалажұртың көлемі ……… , биіктігі жобамен 3-4 метрдей, есігі солтүстікке қараған, …………… Қала жұртың айналасы күріш егістігі үшін тегістеліп кеткен, қазіргі кезге дейін егістік алқаптардан түрлі керамикалық ыдыс-аяқ түрлерінің сынықтары мен темір қалдықтары, мыс, темірден жасалған бұйымдар шығып жатады. Кезінде осы жерлерден көптеген адам сүйектері мен бастары шығып қайта көмілген екен. Ауыл тұрғындары егістік алқаптардың бірінен жер асты жолына ұқсас үңгірді көріп, кіргенін айтады. Қалажұрт орны археологтардың назарынан тыс қалып келеді. Егер де осы қалажұрт орнына зерттеу жүргізсе Ұзын Атаға қатысты тың деректердің шығатынына сенімдіміз.
ҰЗЫН АТА ЗИРАТЫНДАҒЫ КӨК ТАСТАР
Кесененің алдыңғы бетінде көне зират орындары болғанын осы жерде болған зерттеушілер жазып кеткен. Үлкен аумақты алып жатқан зират орнында шағын қам кесек не бақсадан тұрғызылған шағын кесене құландыларымен биіктеу келген төмпешектер де кездеседі. Бұлар бір үлкен беделді кісілерге арналып салынған болуы да мүмкін. Қазіргі кезде зиярат ішін жаппай қалың шеңгел басқандықтан көптеген сына жазулы көктастарды байқау қиын. Ашық келген алаңшалар мен адам бара алатын жерлерде 40-тан астам көктас жатыр. Олардың көбісендегі жазулар өшіп, кейбірі оқылуға келмейді. 2021 жылы Жанысбеков Оразханның ұсынысымен 23 жазуы бар көктасты суретке түсіріп, Алматыға жібердік. Соның ішінен 9 көктастағы жазуды Шәуілдірдегі Отырар мемлекеттік архелогиялық қорық мұражайының қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Шоқай Ералы төмендегіше аударды:
1. Ұ- 2. Опат Атхақ ибн Мыңбай .
2. Ұ- 15.Бисми Орында Бәйтек 1312
3. Ұ- 13. Лә Илаһа Иллаллһ Мухаммадур – Расулуллһ . Опатиа. Бекбай Ибн Оташбай . Фи Әмәналлаһ Тағала 1289. I i Иаумул Қамис .
4. Ұ- 11 . Байбатыр Ибн Бақтияр .
5. Ұ- 14 . Шорбай Ибн Шалбай 134 – илында опатиапат.
6. Ұ- 17. Бисмилләһир Рахиманир Рахим . Бисми Орында .
7. Ұ-22. Лә Иләһ Иллаллаһ . Қыдырбай ұғылы Теміртай. Жандар- Байлар .
8. Ұ- 2 ..? . Нұрбаба Бинту Кенже . Қабір 136 сәнә да
9. Ұ- 9 .Бабай
Ахмет Серік Зарапұлы тарихшы, Арыс қаласы Абай атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библографы.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

ШЕРТЕР АСПАБЫ

Сазды аспаптар, оның ішінде әсіресе көне аспаптар халықтың рухани қорын байытуда, музыка деген мәдениет әлемінде ерекше орын алады.…