Терезе түбінде тұратын тектілік

Мақпал Төребек 1994 жылы 11 қаңтарда Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған.

 

АҒАҒА НАЗ

Менің сонша бұл өмірді сүйгенім

Шамалы еді… бұрғаны да бүйрегім.

Әлсіз едім, едім сосын күйреуік,

Мықтылықты сенен алдым үйреніп.

Сен білмейсің, аға, бірақ…

Талай түнде маған ұзақ

Ақыл айтып, сезім сөйлеп, ақтадың,

Мін тапсаң да, маған кінә тақпадың.

 

Алшақ баспай, бақ аудырмай басымнан,

Мен өзіңе ұқсап бақтым жасымнан.

Сен бар кезде уайымдауын

Орынсыз деп пайымдадым.

Тыңдаушыңа айналғаны Ар – асым

Ал, сен неге уайымшыл боп барасың?!

 

Шыр-пыр болар сыйлы адамым,

Керек сенің қирамауың!

Ар, Ізет, Ар, Абырой…

Сен үшін не жинамадым?

Енді бекер қамықпа олай!

Айналмайды ел алыпқа оңай!

«Қарыңдасым…» дегеніңнің құны жоқ!

 

Маған атқан саған тисе бұрын оқ…

Кешірім қып, көз жұмарсың,

Қарындасың да өз кінәсін

білер іштей, мойындамай тұрғанмен.

Жырып берген асың үшін,

Сен тыйған көз жасым үшін,

Бұл өмірге қайта мойын бұрғам мен!

 

КӨК ТЕРЕЗЕ

Көз алдымда батыс жаққа көшті күн.

Кеше бойлап келе жаттым кешқұрым.

Өте бере бір мектептің маңынан

еске түсіп, кілт тоқтатты ескі мұң.

 

Бәрі өзгерген… батыл жетпей қарауға,

Жанардан жас сорғалады танауға.

Түркістанның тар көшесі, бес қабат…

… көк терезе. Таныс, суық сол аула.

 

Есеңгіреп тұрдым жандай есі ауған,

Анау үйде бала ем, нұққыл бес алған.

Қос бөлмелі сол пәтерде дәл маған,

Алынбастай көрінбейтін еш арман.

 

Қатал әкем жымиятын шекемнен

Шөлп еткізіп, мінезімді көтерген.

Он бір жылда кім тұрыпты үйімде,

Он бір жылда кім көшіпті пәтерден?!

 

Қоңырауын бастым барып. Бұрынғы үй,

Бейтаныс жан есік ашты күлімдей.

Үңілдіріп бақтым ұзақ мән-жайды,

Қайран уақыт өте шыққан білінбей.

 

Сөзді жалғап: «Үйді сатқан ері еді,

Жан жарымды еске сала береді.

Аманат қып, төмендеттім бағасын,

Әйеліммен бірге алғанбыз» – деп еді.

 

Деді жылы күле қарап, таңырқап,

Үйге қайттым құр сүлдерім, жабырқап.

«Көк аспанға көк терезе көрінсе,

Жерге қонақ болыңдар!» – деп сабырхат

 

жолдап едім. Ала алмадым хат-хабар,

Сырғи берді жылдар, айлар, апталар.

Көршім бүгін үйін көкке бояпты,

Көрсе екеуі көп ұзамай кеп қалар.

 

ҚЫЗЫЛ АЛМА

Терезе түбінде тұратын тектілік,

Созбайтын қолын да «Сәлем!» деп.

Ұсынған қып-қызыл алмасын тек тұрып,

Кететін «Тағы ертең келем!» деп.

 

Алмадай қып-қызыл дуылдап қос беті

Ұялып… Жүзіме тіп-тіке қарамай.

Тұратын сол жанды миымда биіктеу,

Өзіме қия алмай, теңіме санамай…

 

…жүргенде күн кешіп. Бір күні хат келді!

Ақталып, айыптап, кінәлап Құдайды.

«Сүймеймін, алайда басқаға үйленем!»

Деді де мұңайды, қимайтын сыңайлы…

 

Мен сонда ұяттан ұялғам ол үшін,

Құдайдан, уақыттан, желінген алмадан.

Терезе түбінде күтті оны қанша үміт,

Қанша түн мүсіркей қарады ай маған.

 

Ал, қазір ойланам. Аңғалдық тірі мең?!

Тірі ме ең, о тоба, сен әлі шынымен?!

Бәзбіреу бір қызға сары алма ұсынды,

Терезе түбінде ұзақтау тұрып ем.

 

ҰСТАЗҒА ХАТ

Мен өлең жазбас едім еленбеген,

Жазылса да тағдырым өлеңменен.

«Бір шықса сенен ақын шығады» деп,

Ең алғаш сіз едіңіз сенем деген.

 

Сол сенім сүйреп келді өрге мені,

Сол сенім сүйреп келді төрге мені.

Әкем қайтқан күні алғаш өлең жазғам,

Содан кейін жазғым да келмеп еді…

 

Күле қарап тұрса өмір кекесінмен,

Сүйетінмін өлеңнің шекесін мен.

Қуанғанда жыр жазып жарытпадым,

Қуанышта сізді іздеп кететін ем…

 

Жаныңызға батқанмен қайғы-мұңым,

Аманында Құдайдың ай-күнінің.

Хат-хабарсыз кетсем де миымдағы,

Адамымнан қиын-ау айрылуым…

 

…білесіз ғой… мен білем жетер демім

Жүрегіңе, ұмытып кетер ме едің.

Мен «өлеңім өлмесін» деп көрмеппін,

Сізді ұзақ өмір сүрсе екен дедім.

***

Құлдыраңдап аман шықсам шайқалып,

Асфальтті жарып шығып, жайқалып

Күнге бетін тосқан гүлдей тосынан,

Түк өткеріп көрмегендей басымнан.

Күліп сосын сәлемдесем, мейірім?!

Тұрып сосын сәлемдесем, мейірім?!

Мені елеусіз қалдырса мұң, мезі ғып

Қала бермей қайта-қайта кезігіп.

Тіс жармаса тағдыр маған, досым да,

Жалғыздығым отырмаса қасымда…

Көздің жасын көрмей жеңім көз ілсе,

Ғайбаттаса ел сырттан емес, көзімше.

Жұрттың бәрі сүйіп көрген, күйреген,

Мен сүюді көктемнен-ақ үйренем!

Күліп сосын сәлемдесем махаббат?!

Тұрып сосын сәлемдесем махаббат?!

Жарылқамай, жатырқамай маңдайды,

Көсем ерте келсең де енді жарайды!

Енді сенен сұрамаймын ешкімді,

Мұң шақпаймын, маған да енді ес кірді.

Махаббатсыз күте алам ғой көктемді,

Ал, көктемсіз сүйе алмаймын ешкімді!

***

Қолымды бір-ақ сілтеп кете аламын,

Жымиюға өтірік жетеді әлiм!

«Сұлусың!» демеңізші, білмейсіз бе,

Сүюдің бәрін сұлу ете аларын.

 

Кей шоқтың үрлемесең өшетінін,

Кей бақтың бастан оңай көшетінін.

«Еркесің» демеңізші, білмейсіз бе,

Қыз сүйсе лезде есейіп кететінін.

 

Білмейсіз бе, әке, шын, мұның бәрін,

Кімге ұнайды осынша құбылғаным?

Адам болып барады жоғалтқаным,

Арман болып барады шығындарым…

 

Сынақ па бұл шыңдайтын ғұмырдағы?!

Үйренді етім өмірге құбылмалы.

Тілім жұтып отырмын, тістеп ерін,

Қаз қалпына келсе деп шұғыл бәрі.

 

Бәзбіреуден ауыр сөз есіткен күн,

Бәзбіреу бақытына кешіккен күн.

Бұл қаладан кетуге жүрек жетпей,

Тағы жаңа пәтерге көшіп келдім.

***

Бүгін маған Ай жымиып қарады,

Көз алдымда көктем кетіп барады.

“Нұрланып тұр келешектің көздері,

Жасаурап тұр өткен күннің жанары.”

 

Айналама тиген сайын кешірім,

Ұмытамын ұятты үйдің есігін.

Қатігездік құшақтайды кей түні,

Құшақтайды кейде мені кешірім.

 

Ішіп-жеп кеп қарайды өмір жолдары,

Аймалайды өкініштің қолдары.

Өбеді кеп жек көрсең де өткен шақ,

Бәрі өткінші… жылай алсаң болғаны…

 

Түк сезінбей, сезбей түкті боздайсың,

Өз мұңыңды өзің ғана қозғайсың.

Жазғыра алсаң, кінәлайсың Құдайды,

Сол Құдайға бірақ қол да созбайсың…

 

Қол жаймайсың, күлмес сосын көкте күн,

Етегіңнен ажырамас өткенің

Құдай оңай үлестірер бақытын,

Тек сұрауға түк уақытың жоқ сенің!

 

Мен жайып ем қолдарымды еңіреп,

О, Құдірет, қайғы қандай жеңіл ед…

Жеңу үшін көз жасынды көрсетпе

деген жалған! Жеңіс – жаспен көбірек!

 

Бүгін маған Ай жымиып қарады,

Көз алдымда көктем кетіп барады.

Нұрланып тұр келешектің көздері,

Жасаурап тұр өткен күннің жанары.

***

Тістеніп тұрмын. Тілінген ерін

қанайды. Жасым тұр тама алмай.

Қоспаса… Құдайға мен кіммін

сонша айып тағардай?!

 

Ішімнен тынамын, тіс жармай

жыладым. Қабақ тұр түнеріп.

Күле алмай күн тұрды түтігіп

қалғандай түн өліп.

 

Сол шаққа оралғым келмейді,

еш опа бермейтін білместік.

Он сегіз жасымда он сегіз ғаламда

сүюмен күн кештік.

 

Танытып самарқау күй қазір

күлемін. Үтірім, нүкте ме ең?!

Жалғыздық, алты жыл жүрекпен

Сен кімді күткен ең?!

 

Кетті іште көрінбей өртіміз,

Кетті іште айтылмай сертіміз.

Содан бері сүю де еркіміз…

Содан бері сүймеу де еркіміз…

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Бола ма?..

Ақты – қара, қараны – ақ деп тануға, Бола ма екен аққа күйе жағуға? Бола ма екен қараны…
Толығырақ

ҚАРАҚАТ КӨЗДІ ҚАРЫНДАС

Кексе тартып, қалса да артта арын жас, Жүрек нəзік лүпілінен арылмас. Жырыма осы себеп болған бүгінгі, Қарақат көз,…
Толығырақ

Қара шапан

Қара шапан – Жауында әкем, сауында шешем киген, Сол шапанның қойнына шекер де үйгем. Жамау-жамау біз көрген балалықтай,…