Көшіңді түзеп, бірлігін бекем ширатып.
Сірескен сеңнің мұз құрсауларын қиратып.
Төрт құбылаңды шаттыққа бөлеп жатырсың,
Шұғыла шашқан шаңырақ толы сый бақыт.
Еркіндік дейтін жүрекке жылы ұғым бар.
Қуаныш кернеп, желбіреп көкке тұлымдар.
Кеңейіп өріс, кереге жайған шақта бір,
Бекемдеп алған бірліктің парқын ұғыңдар.
Несібе зорғой, шұға боп жауып көктен бір.
Ақ пейіліңе қазағым мынау жеткен нұр.
Жаңғырып жатыр жазира далам жарқырап,
Мерейің үстем, айбарың асып өктем тұр.
Томаға тұйық, қалыптан шықтың сілкініп.
Көш керуенің көрмеген әсте іркіліп.
Күлімдеп күні, арайлап таңы атқанда,
Самғаудың сара жолына түстің жұлқынып.
Асқақтап тұрсың, айдардан міне жел ессін.
Құшағың ашық, мейірімге кенде емессің.
Бетеге біткен белдерің ғажап құлпырып,
Азуы қарыс алпауыттармен теңестің.
Тәуелсіз елміз тізгінді алып жат қолдан.
Байлығым байтақ, телегей теңіз қақ болған.
Қазына қарты келелі кеңес бергенде,
Ынтымақ артып, еліме мынау бақ қонған.
Мақсаты айқын ерлері алға ұмтылды.
Бағына жұрттың береке артқан жыл тұрды,
Ақ бидай толқып, сауырлы сайын даламда
Қызғалдақ қырда жайқалып өсіп құлпырды.
Көңілдің күйін көрікті оймен желпінтіп.
Еліне деген ерен ұлдардың сертін күт.
Ғасырлар бойы аңсаған арман ағайын,
Қолыңа қонды, Әлихан күткен еркіндік.
Намысты жанып жүректе алау жандырып.
Айналып жатса айшықты іске таңғы үміт.
Тұғыры биік туған ел сенің айбарың,
Көк туың көкте желбіреп тұрсын мәңгілік.
Тілеубек Ыбырайымов