Сен десем тамырыма тарайды мұң

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қасым Ботановтың мамандығы – дәрігер-стомотолог. Қазан мемлекеттік медицина институтын 1966 жылы бітірген. 1978 жылдан Теміртауда тұрады. 1980-1982 жылдары Қарағанды медицина институтында «Хирургиялық стоматология» кафедрасында қызмет атқарды.
Ақын өлеңге жастайынан үйір болған, бұл қасиет бойына әкесінен дарыған болса керек. Әкесі Ертай ат баптап, құс ұстаған, той-думанның ортасында жүрген сері болған деседі. Өзі: «Теміртаудың қазағы санаулы болғандықтан ба, біз бас қосқанда міндетті түрде арнау өлең жазып баратынмын, сөйтіп ақындығым осы аранаулардан басталды десем де болады» дейді.
«Нұр жаусын», «Жанама жалған», «Жиһангер жұлдыз», «Аяулы менің аңызым» секілді жыр жинақтары жарық көрген. Ақынның бір топ өлеңдерін оқи отырыңыздар.
ҚАР ІШІНДЕ
Ақ күміс пе,
Ақ түбіт пе,
Тұрған көктен себелеп.
Жетелейді жақсы үмітке,
Күміс қанат көбелек.
Кір шалдырмас ақ бедерлі,
Жапалақ қар жауады.
Таңның таза акварелі,
Өрнектейді ауаны.
Бәрі,
Бәрі қызық маған,
Торғын тұнба шартарап.
Аяулым ба қызықтаған,
Жанарымды қалқалап?
Қала қалды қар астында,
Қырау ілді қас, қабақ.
Бейне мұнар арасында
Жатыр жүріп маскарад
Әлде бөтен, Әлде таныс,
Қар шөмеле көшеді.
Қарақат көз, кірпік қағыс,
Бір жалт етіп өшеді.
Қызыл шырай ірең беріп,
Аппақ мәрмәр мүсінге.
Гүл еріндер барады еріп,
Ақ шашақтың ішінде.
Қар ішінде шапағат бар,
Іздегенін тапты кім…
Қыста жанған махаббаттар,
Қардай болсын пәктігің!
БАЛҚАШ
Сен десем тамырыма тарайды мұң,
Өтіпті-ау таси алмай талай жылым!
Аңсадым алтын Балқаш құшағыңды аш,
Айқара ақтарылсын ақ айдының.
Тербетіп толқын сезім көңіл сазын,
Жанарды жаулап алды жеңіл сағым.
Жатырқап әлде мені жатырмысың,
Кең өлке, кербез толқын, керімсалым.
Иә, рас, арман қуып алыстадым,
Талай жыл самалыңмен жарыспадым.
Сыбдырлы шымылдықтай қамыстарың,
Қаз, үйрек өгейсіді-ау таныстарым.
Көп жылдар көрмедім деп жасымаймын,
Жанарда жұмыртқалап жатыр айдын.
Кеудемде сағыныш боп сыбырлайды,
Сары құмы Сары-Есік-Атыраудың.
Аптабын сары даланың қалап алған,
Теңізсің мұхиттардан дара қонған.
Өзіңді қызғыштардан қызғанамын,
Қызғанамын өзіңді шағалаңнан.
Сыймайды көл дегенге алыптығың,
Айдынды арманысың балықшының.
Жабайы жарға соққан толқындарың,
Жуасып қалғанда ғой жарықтығым.
Толқынның саябырлап шабысы да,
Жағаның сыр шертеді қамысына.
Ана – көл сенің ернің кезергені,
Тимей ме жеті өзеннің намысына
Қоймаппын ырысыңды шашып төкпей,
Басыма енді міне бақыт жетпей,
Тарылтып тынысыңды қалай тұрмын,
Тұншығып толқыныңа батып кетпей.
Тағдырың тоқтатпады қырсығуды,
Өтейді қай құдірет бұл шығынды.
Бір ұл жоқ тығындайтын тесігіңді,
Бір қыз жоқ жамайтұғын жыртығыңды.
Қол ұшын бере алмайды сұңғыла шың,
Қиямет қайым басқа тудыма шын?
Едім-ау мен де бірі ұрпағыңның,
Қолыңа шалдыққанда су құйатын.
Өкінем, өтелмеді ұлдық парыз,
Күйзелттім ойлаймын деп тұрмыс қамын.
Сен шашқан алақандап жомарттықтың,
Қайтарып бере алмадым бір мысқалын.
ТҮТІН ТУРАЛЫ
– «Түтіндетіп тұрған шығар қалаңыз?»
Бұл сөзіңнен секем алып қаламыз.
Түтініміз кемшілікке жатпайды,
Түсініңіз, оймен шолып қараңыз.
Әрине, бұл нышаны емес тазаның,
Бірақ бұны жек көрмеген қазағым.
Әлде сенің түтінсіз бе ошағың,
Әлде сенің күйесіз бе қазаның?
Түтін біздің өскендіктің өлшемі,
Көтермесе кемітпейді ол сені.
Түтініміз бір бөлшегі жалынның,
Жалын сенің ырысыңның бөлшегі.
Пеш ішінде жанартаудай жарылған,
Қазақ ұлы бақыт тапқан жалыннан.
Деуші еді ғой;
– Отың мәңгі өшпесін!
Бабам менің отқа, сірә, табынған.
Солай, достым, түтінді тек қорлама,
Түтін ортақ еңбегіме, олжама.
Түтіндетіп тұрса біздің Теміртау,
Шойын балқып жатыр деп біл домнада.
ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ
Асауға мініп, ауыздықпенен алысып,
Үстірттен соққан үскірік желмен жарысып.
Ғұндарға еріп,
Ордостан шығып Үрімде,
Еділ бабаммен қауышып,
Өмір сүргім келеді.
Арлан тағдырым ауыл иттерге таланып,
Жарамды жалап,
Қан қатып қалған қабарып.
Жауыз біткендер жайратып мені сала алмай
Ізіме түссе шам алып,
Өмір сүргім келеді.
Тұлпар ізіне тұнған шалшыққа жуынып,
Сальеридің қалдығын ішіп уының.
Күнәға батып Адам мен Хауа-анадай,
Пейіштен мүлдем қуылып,
Өмір сүргім келеді.
Тамшы боп тұнып жанарын ашқан хауызда,
Қалтырап тоңып қаһарлы дүлей дауылда.
Бітірген ісім, зая жұмсалған күшім де,
Айналып кетіп аңызға.
Өмір сүргім келеді.
Самалды сайдың оятып әнмен бұлбұлын,
Жаңбыр боп шәйіп бойжеткен нәзік қыр гүлін.
Ақ торғын шәйі орамал болып оралып,
Мықынын қысып құрбының,
Өмір сүргім келеді.
Аптығып сезім, күніне қырық жаңылып,
Ат жалы, атан түйе қомында сабылып.
Тасыған қанның серіппесіне шыдамай,
Кеткенде жүрек жарылып,
Қалғып кеткім келеді.
ТОПЫРАҚ
Періштелік дарыған қазағыма,
Сайтандықтың жат емес мазағы да.
Күнәһармын әрине,
бірақ та мен,
Зорласаң да бармаймын тозағыңа.
Адалдық пен аярлық арбасуда,
Бірде көпшік, бірде тас жамбасымда.
Мұсылмандық жетеді менде,бірақ,
Байласаң да тұрмаймын жәннатыңда.
Мынау Ұлы табиғат жасар мәңгі,
Бөлшегі боп осының жасалғанмын.
Ғажабымен арбама хор қызының,
Азабымен қорқытпа жаһаннамның.
Туған далам – киелі қасиетім,
Үмбетіңмін алдыңда бас иетін.
Топырақтан жаралғам,
топырақ боп,
Қара жердің бөлісем қасіретін.
Қасым Ботанов
Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Түсіме ылғи өлгендер кіреді

Түсіме ылғи өлгендер кіреді, Барлығы тұнжыр, көңілсіз. Тірілер оған несін береді, Жетісіп жүр ғой дермісіз? Аурақ жебеп жүреді…
Толығырақ

Бола ма?..

Ақты – қара, қараны – ақ деп тануға, Бола ма екен аққа күйе жағуға? Бола ма екен қараны…
Толығырақ

ҚАРАҚАТ КӨЗДІ ҚАРЫНДАС

Кексе тартып, қалса да артта арын жас, Жүрек нəзік лүпілінен арылмас. Жырыма осы себеп болған бүгінгі, Қарақат көз,…