Пернебай САПАР.
Шардаралық ақын Ұзақ Мамыттың «Сезімнің сергелдеңі..!» деп аталатын өлеңі бар.
«Ақ ұлпа қарсың, аспаннан түскен, ұстауға оны қимайсың,
Мақтадай нәзік сезімдеріңмен жүректі неге қинайсың..?
Жұпар иісі аңқыған гүлсің. Самалға билеп ырғалған,
Жарып шығатын жас теректейін көгеріп, өніп, бүр жарған,
Керемет неткен бұл жалған.
Қарақат қара көзіңде сенің сиқырлы жұмбақ сыр бар-ау,
Құпиясы бар қос жанарыңа бақытты сәтім бір қарау.
Алдыңда тұрып, тілім байланып, денеде қаным зулайды,
Міне, осылай махаббат дерті жан дүниемді улайды,
Тағатсыз сезім тулайды.
Сабыр маған «ақылдың ғана пікірін тыңда» деп еді,
Ақыл-ойларым топталғаннан соң, жүрекке әмір береді.
Албырт сезімдер толқындап келіп, көмейден аққан жыр мейлі,
«Бұл кеңестерің ерекше болса бөлекше өмір сүр» дейді,
Бір сөзбен айтсам жүрекке әмір, жүрекке әмір жүрмейді!» деп жазылған жыр шумақтарына әйгілі сазгер Лесбек Аманов ән шығарған екен. Кезінде Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдақ» деп аталатын өлеңіне ән жазып, халықтың рухын көтерген сазгердің «Сезім сергелдеңі» деген бұл әнін естімеген екенбіз. Сәті түсіп жақында Ұзақ Мамытқа жолыққанбыз. Ақын бізге әннің шығу тарихын айтып берді.
«2007 жылы Қазығұрт шағынауданында тұратын туған ағам Жақсыбай Мамыттың үйіне барған едім. Ағамның шаңырағында сазгер Лесбек Аманов қонақ болып отыр екен. Ол кісінің «Ақторғыным», «Оралыңның барында ойна да күл», «Әйелдер-ай, қандайсың», «Шолпанға сағыныш», «Бiздер де ғашық болғанбыз», «Қыз ұзату», «Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал», «Жас келiннiң сәлемi» секілді танымал әндердің авторы екенін білетінмін. Қарапайым ғана, ақжарқын, бауырмал сазгермен әңгімеміз жарасып жүре берді. Сол отырыста қаншама әндер шырқалды, талай тұщымды әңгімелер айтылды.
Отырыстың қызған шағында Жақсыбай ағам Лекеңе қарап: «Менің мына Ұзақ інім де өлең жазады» деп қалды. «Онысы жақсы ғой. Бір өлеңін оқысын» деді ол кісі. Мен іркілмей «Сезім сергелдеңі» деген өлеңімді оқып бердім. Өлең аяқталған кезде Лекең қалбалақтап орнынан тұрды да, қос қолын ұсынып, ризашылығын білдірді.
–Сазгерлер әдетте ән жазады. Содан кейін оған лайықты өлең іздеп ақындарға жүгінеді. Ал, сенің мына өлеңің әнге өзі-ақ сұранып тұр екен. Бірер күннен соң хабарласшы,- деді маған.
Арада бір-екі апта өткен соң Лекеңнің «хабарласшы» дегені есіме түсіп, үйіне іздеп бардым. Есікті жеңгеміз ашты. Ар жағынан Лесбек көкемнің төбесі көрінді де, елпілдеп мені асүйге қарай бастай жөнелді.
-Аға, өткенде өлеңіңді алып келші деген едіңіз. Мінекей, – деп ақ параққа шығарып алған өлеңімді ұсындым. Лекең парақтағы өлең жолдарына біраз уақыт үнсіз қарап отырды да, «кеше тойдан келіп едім» деді домбыра шертіп отырған күйі бәсең үнмен, жылы жымиып. Әрине, тұспалы түсінікті еді. Лып етіп сыртқа шығып кеттім де, қашықтау жердегі дүкеннен керегімді алып келдім. Шамасы бұрыннан ойында жүрсе керек, мен кіргенде Лекең «ән дайын» деді маған. Шынында әдемі ән екен, қатты ұнады» дейді Ұзақ Мамыт.
Сөз арасында әйгілі сазгердің баладай аңғал мінезінен де хабар беріп өтті.
–…Кейінірек жалдап тұратын пәтеріме келіп, домбыра мен сырнайға қосылып ән шырқады. Жарықтықтың сол кездегі бір қылығы есіме түссе әлі күлкім келеді.
–Кешке үйіңе барамын,– деп алдын телефон соққан. Жұмыстан келсем, келіншегім асүйде тамақ әзірлеп жүр. Лесбек ағамыздың қасында бес адам бар, шағын бөлмеде думандатып отыр екен. Жайғасып алған соң, жөн сұрастық. Сөйтсем көкем қасындағылардың біреуін ғана таниды. Қалғандарының кім екенін білмейді. Алыс ауданнан қалаға жұмыс іздеп келіп, екі кештің арасында қайтуға көлік таппай, ескі автовокзалда сандалып жүрген екі-үш жігітпен кездейсоқ танысып қалған да: «Мына жерде інім тұрады. Мені қонаққа шақырған. Ақыры баратын жерлерің жоқ екен, бірге жүріңдер» деп ертіп келе салыпты. Ол жігіттер түнімен ән тыңдап, қонағым болып, Лекеңе алғысын айтып, ертеңіне қайтты. Олардың алғысын Лекең «маған берді»,– дейді ақын.
Ұзақтың айтуынша, ән жазылғаннан кейін оны біраз уақыт телефонда сақтап жүрген. Бәлкім сазгердің өзі бірер жерде орындаған да болуы мүмкін. Бірақ, кеңінен таратуға түрлі жағдайлар мүмкіндік бермеген.
–Кейінірек флешкаға көшіріп алып, сақтап қоямын деп жүргенде телефоным жоғалды. Өкініштен бармағымды тістеп қалдым. Бірақ ән, әлі есімде. Бір сәті келгенде жарыққа шығатынына сенемін,– дейді Ұзақ.
Әңгіме барысында Ұзақ «Лесбек Аманов менің отбасымның бұзылмай сақталып қалуына да зор үлес қосты» деп қалды.
–Ол кезде жас едік. Отбасы болған соң, кесе-шәйнек сылдырламай тұрмайды ғой. Сондай сәттердің бірінде әйелім біржолата ат құйрығын үземін деген ашумен екі-үш сөмкеге заттарын жинап, шығып кетті. Менің де қырсықтығым ұстап «Кетер болсаң өзім-ақ апарып тастайын» деп ілесе шықтым. Екеуміз аялдамада автобус күтіп отырмыз. Мен телефоннан ән тыңдап отырғанмын. Кенет әнін Лесбек Аманов жазған Ақшагүл Төлегенованың «Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал» деген әні шырқалсын.
«Ата-анаңның ақ үмітін ақтап бар,
Шаңырағыңды шайқалдырмай сақтап қал.
Тірлігіңде кездеседі әлі де,
Алдан талай, алдан талай соқпақтар» деген өлең жолдары құдды бізге арналғандай еді. Сол сәттегі көңіл күйіміздің пернесін дөп басқан ән жүйкемді босатып жіберді.
…Өз жолыңды өз жолыңды таба алғын.
Өз отыңды өзің бір күн өшірсең,
Жанашыр боп оны қайтып жағар кім?…
… Шаңырағыңа сезіміңді уық қыл,
Көңіліңнен күдікті ойды қуып жүр.
Өз тағдырын ойламаған жандарда
Қанша сәби тірі жетім туып жүр…» деген иірімдері көкірек көзімізді ашқандай болды-ау. Өлеңді екі-үш мәрте тыңдаған соң, бір-бірімізге тіл қатпаған күйі, әйелімнің алып шыққан үш-төрт сөмкесін сүйретіп, үйге кірдік.
Бүгінде алды ержетіп қалған бес балама қарап отырып, сол бір шалалығыма езу тартып қоятыным бар. Қайран, Лесбек Амановтың сол бір әдемі, ойлы әнін тыңдамағанда осы бір бақытты шағыма жетпес едім-ау. Бір отбасының шаңырағын шайқалтпай сақтап қалғанын, қайран көкем білмей де кетті,– дейді ақын.
Лесбек Амановтың ән әлеміндегі орны биікте екеніне дау болмаса керек. Талассыз таланттың тағы бір әні үлкен сахнадан шырқалса нұр үстіне нұр болар еді.