Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық бағыты қарқынды дамып келеді. Бұл – жетістік өңірдегі театрлардың материалдық жағдайынан да байқалады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің Вице-Президенті, театртанушы Аманкелді Мұқан өңірдің эконмикалық ахуалын театрынан байқауға болатынын айтады.
Жалпы театрдың бес негізгі функциясы бар. Соның ішіндегі көрерменді тәрбиелеу функциясы біреуі ғана. Кеңестік дәуір қалыптастырған көзқарас, одан бергі жылдары да театр осы үлгімен жұмыс істеп келді. Бірақ ХХІ ғасырда жаңа буын, жас ұрпақ жетілді. Театрға мүлдем басқа тәрбиеде өскен, Z, Y аталатын ұрпақтың жасарған көрермені келді. Олардың ой-санасы, дүниетанымы мүлде бөлек. Әлеуметтік желілерден нешетүрлі мюзикл мен шоулар көріп, клиптік оймен өскен бүгінгінің баласын бұрынғы дәстүрлі үлгідегі бағыт қызықтырмайды. Елу жыл бұрынғы эстетикамен қойылған спектакльге қазіргі ұрпақ бармайды. Баяғыдай, Аристотель белгілеп берген үлгідегі спектакль оқиғасының басталуы, шиеленісуі, шарықтауы, сияқты қағидалар қазіргі көрерменге қызықсыз. Әлемнің классикалық драматургиясын жаңаша форматта ұсыну қажеттілігі туындады. Сол жазылған күйіндегі мәтінді, сол ғасырдағы эстетиканы қайталау мүлдем жарамайды. Сондықтан да болар ХХІ ғасырда әлемдік классик драматургтерді заманға сай жаңалықтарымен қазақ сахнасына тоғыстырған жаңа режиссура қалыптасты. Олар мың жарым жыл бұрын өмір сүрген Қозы мен Баянның махаббаты мен қайғылы тағдырын пьесаға негіз еткен Ғ.Мүсіреповтің трагедиясын бүгінгі күнге бейімдеді. Басты кейіпкерлерді, олардың іс-әрекеті мен оқиғаны алға жылжытуға деген мотивациялық әрекеттерін қазіргі қоғам, адамдарының бойынан тауып, бүгінгі күннің психологиясы мен проблемасына лайықтап шығарды. Бұрынғы заман кейіпкерлерін толғандырған мәселелерді замандастарымыздың тыныс-тіршілігімен, арман тілектерімен байланыстыра біріктірді. Көрерменге спектакль етіп ұсынуда дәстүрлі емес, заманауй постдрамалық театр үлгісімен беретін болды. Бірақ осы мәселе театрдың кейбір байырғы көрермендері қабылдай қоймады. Мысалы Оңтүстікте қойылған режиссер Әлібек Өмірбекұлының «Қораз» спектаклі жаңа бағыттағы заманауи қойылым еді. Режиссер бір-бірімен қабысбайтын бірнеше оқиғаны біріктіріп, постдрамалық театрдың үлгісін жасап, жаңа бағыттағы режиссура үлгісінде қойды. Бомба болып жарылды, көрермен екіге жарылды, олардың арасына жік түсті,. Бұл жаңалық жас көрермен қабылдаса, дәстүрлі театрға үйренгендер мүлдем қабылдамады. Спектакль белгісіз уақытқа тоқтап қалды. Классикалық дүниелер көріп үйренген, баяғы драматургиямен бой түзеген көрермен жаңа бағыттан жол таппай тығырыққа тірелгенде еді. Бүгінгі драмада «театр көрерменін тәрбиелеу керек» деген функциясы балалар театрында көбірек маңызды роль атқарады.
Театрларымыз көрсеткен спектакльден күреп қаржы тауып жатыр деп айта алмаймын. Қаржылық түсім маңызды. Бірақ бар болып, әлемдік деңгейдегі режиссерлерді шақырып, тамаша қойылым жасағанға не жетсін. Бұл спектакль қазір де репертуарда жүріп жатқан көрерменге тартымды қойылымдардың бірі. Кезінде Түркістанда «Келіндер көтерілісі», «Бөрте» спектакльдері қойылғанда оларға бөлінген қаржы көлемі біраз әңгіме арқауына айналды. Өзге театрлар тамсана қарағаны рас. Бұл Түркістан облысының әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсы екенін білдіреді. Марқұм Дулат ағамыз «Бөрте» спектаклінің қаламақысына алты миллион теңге алғанын айтқан еді. Бұл драматургтің еңбегін бағалаған жоғары жетістік болды. Өкініштісі, еліміздегі басқа театрларда ондай мүмкіндік жоқ. Шалғай орналасқан театрлардың бюджеті ойдағыдай емес. Бес миллион теңгеге бес спектакль қоясыңдар деген талапты естіген театр режиссерлері де бар. Ал бәзбір жас драматургтердің қаламақысына отыз-елу мың теңге қаламақы ұсынған театрлар бар. Тіпті «сен алдымен пьесаңды жазып драматург екеніңді дәлелде, қаламақыңды содан кейін көреміз» деген басшылар да кездеседі. Әрине әркім көрпесіне қарап көсіледі. Дегенмен театр мен автордың терезесі тең болғанға не жетсін. Қаржылық қажеттілігі оң шешімін тапса автордың да шығармашылық шабыты, театрдың қажетін өтеуге деген құлшынысы арта түспек.
Бұл жағынан алғанда Түркістан музыкалық драма театры үлгі болуға лайықты.
П. Гүлім.