Наурыздың мәні ас ішіп, алтыбақан тебу емес

«Өлмеген құлға келді жаз» дегендей, қыстың қысылтаяң шағынан шығып, наурызға да жеттік. Әрбір жыл өзіндік ерекшелігімен есте қалады емес пе? Қымбатшылық қысып тұрғаны болмаса, көктем биыл Оңтүстікте ерте туды. «Көктемнің әр күні жылға азық». Диқан қауымы жерін жыртып, дәнін себуге кіріскен шақ. Малшы қауымының «қойы қоздап, түйесі боздап, қорасында шу» болып жататын мезет бұл. Абай бұл кезеңді «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп көктемнің шуағы, табиғаттың оянуын нанымды берген.
Тарихтан қозғасақ, Наурыз кешегі советтік дәуірде соңғы рет 1929 жылы тойланыпты. Содан кейін жадымызда қайта жаңғырып, Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашындай өткен ғасырдың 90 жылдары қайта оралды. Сол жылдары Наурыз тойы Созақ ауданындағы «Қаратау» ауылында да тойланды. Шағын ауыл бейне бір дүр сілкінгендей болған. Әр көше өзіндік дайындығымен келген. Жұрт сандықтағы көненің көзіндей бабаларынан қалған асыл дүние-мүлкін жарқырата шығарды. Тұрмыстық бұйымнан бастап, ұлттық киім, төрт-түлік мал өнімдері, сирек қолөнер бұйымдарын сонда көрдім. Сол жылғы Наурыз әлі күнге дейін көкейімде сайрап тұр. Кейін қалаға ойыстық. Наурыз тойы жылда тойланады. Бірақ көбіне той-думан, аста-төк ас, көпірме сөзден аса ала алмай жүргендейміз. Бұл мерекенің маңызы көжеге тойып, алтыбақан теуіп, киіз үйден кекірік атып шығумен шектелмесе керек. Әз-Наурызда қазақтың ұлттық дәстүрі, қолөнер шеберлерінің туындылары, көнеден жеткен жәдігерлер насихатталуы қажет. Бұл жас ұрпақтың кешегіден алатын сабағы болар еді.
Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы халқымыздың бабадан қалған дәстүрі мен құндылығын дәріптеп жүрген республикадағы жалғыз мекеме. Әр өңірден, тіпті алыс-жақын елдерден қонақтар үзілмейтін орталық халқымыздың төл мәдениетіне барынша үлес қосып келеді. Орталықтың ұйымдастыруымен өткен ұлттық қолтума өнерімізді дәріптейтін «Төрге жайдым текемет!», «Алтынға бергісіз Алаша!», «Киелі кимешек» жобалары халықтың көңілінен шығып, елдің қызығушылығын туғызды. Бұл жобаға көрші елдерден де танымал қолөнер шеберлері қатысты. Бір әттеген-айы, қырғыз, қарақалпақ, өзбек ағайындарға қарағанда қолөнерді қазақтар қолға кештеу алғандай көрінді маған. Ал оның төркіні тым тереңде емес пе еді?! Тағы да тарихқа үңілсек: Кезінде советтің қылышынан қан тамып тұрған заманында Орталық комитетте ірі қызметте жүріп-ақ ұлт мәдениетінің жанашыры, этнограф-ғалым Ө.Жәнібек ағамыз ел арасынан көне жәдігерлерді тірнектеп жинаған. Қаншама ұлттық музей соның арқасында құрылды. Бүгінде ұлттық жәдігерге деген жанашырлық аздап бәсең тартқандай тұр. Елге барғанда көненің қайталанбас мұрасындай сирек жәдігерлердің аяқасты болып жатқанына қынжыласың. Анамның көз майын тауысып тоқыған алаша, кілем, басқұр, текеметтері, әкемнің сеңсең сары тоны, ер-тұрманының қолды болып кеткені өкінішті. Қазақ — тарихтан талай теперіш көрген ұлт. Кешегі 30-жылдарғы ашаршылық, асыра сілтеу, қуғын-сүргін, қала берді Созақ көтерілісінің қасіреті әлі толық жарасы жазылған жоқ. Содан болар тоз-тоз боп, үдере көшкен елден там-тұмдап болса да тарихи жәдігерлер табылып қалар деген үміттпен жүреміз.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, біздің қолөнер шеберлерінің де мұң-мұқтажы шаш етектен. Дана Еріктің көне мұралар коллекциясы да қолдау таппай келеді. Дәстүрдің озығын алып, тозығынан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Көбіне бесік той, тұсау кесу, беташар сынды ғұрып, жоралғыдан әрі аса алмай жүрміз. Өткен жылғы ел рухын оятатын «Бес қару» атты этно-фестивальге алыс-жақын елдерден ұсталар, жыршы-жырау, әскери жекпе-жек өнерінің сайыпқарандары, әлемдік деңгейдегі «Номад» каскадерлері, «Тұран» этноансамблі өнер көрсетті. Әсіресе, қырғыз манасшысы, ғылым докторы Т.Бакчиев, халықаралық дәрежедегі ұста, көне қару-жарақтарды тірілткен М.Құлментегінің өнеріне қалың жұртшылық аса құрметпен қарады. Осындай іс-шараларды жүйелі өткізіп тұруға кейде қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.
«Сөз өнері – өлеңде, қолөнері – кілемде» дейді қазақ даналығы. Қазақ қолөнерінің, біле білген адамға, беймәлім тылсым сыры жатыр. Аңыздарда: Бір бойжеткен тұрмыс тауқыметінен өз теңіне қосыла алмай, ата-анасының ұйғарымымен ұзатыларда арман-мұңын тоқыған өрнегіне түсірген ғой. Сөйтіп, базарға шығарған. Шаһар аралап жүрген ханның көзі сол ерекше кілемге түсіп, сатып алады да, сатушыдан кілемнің қайдан келгенін табуды бұйырады. Сол арқылы иесін тауып, қыздың арманына қол жеткізуіне себеп болған екен дейді. Ондағы кілемге түскен өрнектің құпясы өз алдына бір хикая.
Еуропа бүгінде көшпелі тұрмысқа қолайлы баспанамызға қызығушылық таныта бастады. Түркиядағы жойқын зілзалаға да сол бабаларымыздың көзіндей Киіз үй жәрдемін тигізді. Киіз үй тек баспана қызметін атқармаған. Оның сүйегінен бастап, жасау-жабдығы түгелімен биік өнер туындысына айналған. Төрт-түлік малдың жүні, сүйегі мен мүйізі, тіпті тұяғына дейін шикізат көзі. Киізден жасалған жылы, ыңғайлы киім, тұрмыстық бұйымдар қайталанбас өнер шыңына көтерілген. Бабалар оны ұқсатудың қыр-сырын терең меңгерген. Дәстүрлі көрмелерде қытайдың арзан, жасанды маталарынан түрлі бұйымдар қойылып жүретіні жасырын емес. Мал өнімдері, жүн-терілер кез келген ауылда шашылып, өртелуде. Ішің ашиды. Оны ұқсатар қолөнершілер де санаулы. Бұған дұрыс көзқарас қалыптаспай келеді.
Халқымыз «Шебедің қолы ортақ» деп неге айтты екен? Бүгінгі заманауи технологияның дәуірлеп тұрған шағында ұмыт болған төл мәдениетімізді ұлықтап, хас шеберлерге үкімет тарапынан оң көзқарас танытсақ, ұтарымыз мол болмақ. Сонда ғана ұлттық мерекелердің шырайы арта түсер ме еді?!
Мырзабай ОМАР,
ҚР мәдениет саласының үздігі, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts