Сирек талант иесі Серік еді

Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».

Серік Елеусізовті кейінгі жастардың бірі біліп, бірі білмес, бірақ аға буын түгел таниды десек қателеспейміз. Оңтүстік өңірін қазақтың рухани-мәдени байлығына толтырып, қазақ сахнасына қаншама жарық жүлдыздың шығуына себепкер болған бірден-бір асыл азамат Серік Елеусізов болатын.
Ол 1937 жылы Қызылорда облысының Шиелі стансасында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, Мәскеудегі мәдениет институтын, А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтын бітірген, актер-режиссер.
Серік Елеусізов Қазақстанның барлық облысына руханияттың дәнін септік десек қателеспейміз. Жезқазған филармониясында, Қазақ академиялық драма театрында, М.О.Әуезов атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрында, Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ театрында, Шымкент педагогикалық мәдениет институтында Серік Елеусізовтің басқан ізі жатыр. Сан жылдар бойы көрерменнің көзайымына айналған «Тамаша» ойын-сауық отауы Елеусізовтің «Алтыбақан» бағдарламасының негізінде ашылған. Ал Елеусізов алғашқы көркемдік жетекшісі болған «Гүлдер» қазақ жастар эстрадалық ансамблі әлемге танылды.
Актер Құдайберген Сұлтанбаев (марқұм) бір сұхбатында: «Серік аға қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер болды. Мұндай біртума азамат, үлкен талант сирек туады. «Гүлдерді» көргендер оның сахналық жүйесіне, динамикасының өте жылдамдығына таң қалатын еді. Тіпті, көз алдыңда бір сәтте өте шығып, аққан жұлдыздай әсер қалдыратын. Бұл қойылымдарда бірінен соң бірін хабарлау деген мүлде жоқ. Осының бәрі режиссердің атқарған адал еңбегінің жемісі. Керек десеңіз, қазіргі эстрада саласында жүргендердің біреуінде режиссура жоқ. Олар сахнада жүріп-тұра алмайды, әнді таңдай да алмайды, ойына не келсе, соны істейді. Егер Серік ағам тірі болса, ақсап жатқан эстрада саласын бір жүйеге келтірер еді» деген екен.
Серік Елеусізов «Гүлдердің» ізін ала әр облыста «Ұлытау», «Жез киік», «Достық», «Ақмаржан», «Достық» ансамбльдерін құрды. Бұл еңбегі де еш кетпей, халықтың көзайымына айналды. Басқаларының жетістігін айтпағанда, бір ғана «Достық» музыкалық-хореографиялык халық ансамблі Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне, КСРО ХШЖК-не, Бүкілодақтық халық биі ансамбльдері фестиваліне, Польша мен Германияда өткен фольклорлық ұжымдардың халықаралық фестиваліне қатысты. Республикалық көркемөнерпаздар фестивалінің дипломымен марапатталды. Бұл айтуға оңай болғанымен, қаншама күндер мен түндерді мазасыз, ұйқысыз, тынымсыз өткізген еңбектің нәтижесі болатын. Серік Елеусізовтің ұйымдастырушылық қабілетін, режиссерлік шеберлігін көзін көргендер әліге дейін жыр қылып айтады. Ол кісімен бірге қызметтес болған ҚР Мәдениет қайраткері
Бастарбек Пірімбетов Елеусізовтың бірбеткей адам болғанын айтады.
–Серік Елеусізов өз ісіне берілген нағыз тәжірибелі маман еді. Қандай деңгейдегі басшы болса да, жөн-жосықсыз киліктірмейтін. «Менен істің біткен кездегі нәтижесін сұраңыз» деп кесіп тастаушы еді. Ол көзінің тірісінде ешқандай атақ алған жоқ. Бірақ атақсыз-ақ атағы атырапқа жетіп жатты. Өз ісінің шебері еді. Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтетін іс-шараны түгелдей өзі атқарып шығатын. Стадионға отыз мың көрермен жиналады. Отыз адамды басқару қиын, ал, отыз мың көрерменнің көңілін табу деген оңай емес, әрине. Сәкең осындай қиын істі мүлтіксіз атқарып шығатын. Ол режиссерлік еткен мерекені түсіру үшін Мәскеудің орталық телевидениесінен арнайы адамдар келетін.
Серік Елеусізовтің тағы бір қасиеті—жастарды тарта білуі. Шымкенттегі Мәдениет институтында оқыған Нағима Есқалиева, Асан Мақашов, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Сейдулла секілді таланттарды концерттен қалдырмайтын.
Мінезі бірбеткей деп айттым ғой, бір жолы халыққа танымал атақты әртісті концертке кешігіп келгені үшін сахнаға шығармай қоя жаздады. Араға қаншама лауазымды шенеуніктер түскенде де илікпей қойды. Тәртіп үшін ешгкімнің шеніне де, шекпеніне де қарамайтын. Ақыры әлгі атақты әртістің өзі кешірім сұрап, сахнаға зорға шыққаны бар, — дейді Бастарбек Пірімбетов.
Серік Елеусізовтің заманында біраз жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтеген кездері де болған. Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, Мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұлов: «Ақмаржан» ансамбльінде ән салдып жүрген маған: «сен әншілікпен жүре бермей театральныйға түс. Үлкен өнер иесі болу үшін білім алуың керек» деп жөн көрсеткен Серік ағасы болғанын айтады. «Сол кісінің ақылымен Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтына драма және кино актері мамандығына түсіп, үлкен өнер жолына біржола ден қойдым» дейді Еркін Шымырқұлов. Серік Елеусізовтың қырағы көзі жас талантты алыстан танығаны анық. Еркін Шымырқұлав кейін Серік Елеусізов қойған «Алдар көсе» спектаклінде Шораяқ, Райымбек Сейітметовтың Шерхан Мұртаза ағамыздың пьесасы бойынша қойған «Сталинге хат» спектаклінде Тұрар Рысқұлов, Тастан Өтебаев ағамыз қойған Әділбек Тауасаровтың «Арманшыл қыз» спектаклінде Болат болып ойнады. «Өмірдің өзі новелла», «Бәсеке», «Көке», «Кілт» сияқты туындыларға түсті.
–Серік ағамыз үнемі энергиясы тасып тұратын, бастаған ісін аяқтамай тынбайтын адам еді. Үлкен концерттердің прологы мен финалына баса мән беретін. «Ең маңыздысы концерттің ашылуы мен аяқталуы» деп отыратын. Киелі сахнаны қызғыштай қорғап жүретін. Қашан көрсең де қым-қуыт жұмыстың ортасында, ылғи асығыс жүрді. Бәлкім, өмірінің тым қысқа боларын сезді ме екен, кім білсін,– дейді актер Еркін Шымырқұлов.
Бүгінде сахнадан кие қашқандай. Кім көрінген, қалаған уақытында, ойына не келсе соны айтып шыға беретін болды. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа қалмай барады. «Атақты әртіс болсаң қайтейін, кешігіп келгенің, сахнаны сыйламағаның» деп шорт кесіп, шенеуніктердің өзін зыр жүгірткен Серік Елеусізов секілді режиссер бүгінде жоқтың қасы. Көзден кетсе, көңілден кетеді деген рас, жыл өткен сайын қазақтың талантты перзенті ұмытылып барады. Ол көзінің тірісінде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған. Серік Елеусізов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Оны да Қуаныш Айтаханов шаһар басшысы болып тұрған кезде орнатыпты. Одан кейін Елеусізовтің елеген жан болмаған сыңайлы. 85 жылдығы секілді атаулы күндер ұмыт қалды. Арысы Мәскеуді, берісі бүкіл қазақ даласына еңбегі сіңген талантты азаматқа еңселі ескерткіш орнатса да артық болмас еді. Сахнаның берекесін қашырған бейәдептерге тас тұғырдан түйіле қарап тұрса, бейбастық азаяр ма еді, кім білсін?!

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Амановтың айтылмаған әні бар

Пернебай САПАР. Шардаралық ақын Ұзақ Мамыттың «Сезімнің сергелдеңі..!» деп аталатын өлеңі бар. «Ақ ұлпа қарсың, аспаннан түскен, ұстауға…