Тарих әркімнің отан мен халық алдындағы еңбегін өз орнына қойып, оларға лайықты бағасын беріп отырады. Тарих ұлтының рухани дамуына, туған жерінің өсіп-өркендеуіне ерлікпен еңбек еткен перзентін жадында мәңгі сақтайды. Олар туралы зерттеулер ғасырдан-ғасырға жалғасып, дәріптеле береді. Қазақ тарихына және тарихи санасына сондай игі істерімен, рухани жетістіктерімен енген Алаш қозғалысы. Тарих қойнауында өзіндік атымен, зор қызметімен қалған Алаш қозғалысының тарихына, Алаш идеясына әлі де тереңірек зер сала алмай келеміз. Оған «қазақтың әсіре ұлттық қозғалысы» деп секемдене қарайтындар бар.
ХХ ғасырдың басында Ресей империясының түркі тілдес халықтарында «қайта өрлеу» үрдісі жүрді. Түркі-мұсылман халықтардың зиялылары славян-христиандық халықтармен тең құқықтылығын бекіту мақсатында ұлттық бағыттағы әрекеттерін жандандырды.
«Алаш» партиясының құрылуын 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап берсе, ұлт зиялыларының қозғалысы 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан бастау алады.
«Алаш» сөзінің мағынасы ұлыс, ел-жұрт (алты алаш, он сан алаш—Б.А.), қазақ тайпалары одағы, қазақ халқының ұлттық ұраны. Қазақ хандығы тұсында рулық-тайпалық ұрандар болса, «Алаш» сөзі қайта Қазақ мемлекеті болудың ұраны еді.
1905 жылы 16 тамызда Төменгі Новгородта Ресей мұсылмандарының бірінші Бүкілресейлік съезі өтті. Съезге Еділ бойы, Орал, Қырым, Қапқаз, Қазақстаннан көрнекті 150 қоғам қайраткері қатысты. Бес айдан соң 1906 жылы 15-23 ақпанда Санкт-Петербургте өткен екінші Бүкілресейлік съез түркі тектес зиялы қауымының империяның саяси өмірінде белсенді екендігін көрсетті. Съезде Ресейдің түркі мұсылмандарының құқықтарын қорғаушы «Мұсылман одағы» партиясы құрылды. Партияның Орта Азия және Қазақстанның ірі 16 қалаларында филиалдары ашылды. Кейіннен «Мұсылман Одағы» партиясы Ресейдің сол кезеңдегі ірі әрі қуатты Конституциялық-демократиялық партиясымен (Кадет) бірігуді ұйғарып, олармен Думаға сайлау науқанындағы тактикасын жасады. Империяның заң шығарушы органы Мемлекеттік Думасына бірінші сайлау 1906 жылы наурызда басталды. Қазақстанда Мемлекеттік Думаға сайлау науқандары қызу жүрді. Бұл жөнінде Әлихан Бөкейханұлы өз естелігінде: «…үлкен және шағын съездерге халық жаппай жиылып…, манифест оқып, пікірлерін білдірді, Мемлекеттік Думаға алдағы сайлау мәселелерін талқылады. Орыс, татар, сарт пен қырғыздар ағайынды бір отбасы болып бірікті» деп жазды.
Бірінші Думаға түркі-мұсылмандардан 22 депутат қатысты, соның 6-ы қазақ болатын. Олар: Торғай облысынан Қазан университеті заң факультетінің түлегі Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан Петербург орман-техникалық институты экономика факультетінің түлегі Әлихан Бөкейханов, Орал облысынан Санкт-Петербург университеті шығыс факультетінің түлектері Алпысбай Кальменов пен Ақмола облысынан Шаймардан Қосшығұлов, Астрахан губерниясынан Бақытгерей Құлманов пен Уфа губерниясынан сайланған Мәскеу университеті физика-математика факультетінің түлегі Сәлімгерей Жантөрин. Екінші Думаға 7 қазақ депутаты өтті. Салыстырмалы түрде қарасақ, қазақтар түркі халықтарының ішінде саны мен сапасы жағынан оқ бойы озық тұр.
1906 жылғы 16-21 тамызда мұсылмандардың үшінші Бүкілресейлік съезі тағы да Төменгі Новгородта өтіп, оған 800 ге жуық депутат қатысты. Олар Думада «Мұсылман фракциясын» құруды шешті. Фракция төрағасының орынбасарлығына кадет партиясының мүшесі Ә.Бөкейханов таңдалды.
Қазақ халқын «оятуда» маңызды рөл атқарған М.Дулатовтың 1910 жылы жазылған «Оян, қазақ» кітабын атап кеткен жөн. Оның еңбегі қазақ баспасөзі мен баспа ісінің де жандануына түрткі болды. 1910 жылы баспа ісі жөніндегі Қазан қаласындағы комитет қазақ тілінде 25 кітап қараған болса, 1911 жылы олардың саны 80-ге жетті. Алаш зиялылары баспасөзде және мектептерде өз әдеби тілін қалыптастыру ісін қолға алды. Бұл қазақ әдебиетінің дамуына жол салды. «Ғалия» медресесінің шәкірттері 1916 жылы «Вакыт» татар газетінде қазақ тілінде оқуға ниеті екендігін білдірген «Ашық үндеу хат» жариялады. Олар қазақ әдеби тілін дамыту мақсатында 1915 жылдан жұма сайын шығатын «Садақ» журналын ұйымдастырған болатын. Ал, «Хусаиния» медресесінің шәкірттері қазақ тілін үйрену қоғамын құрды. Қоғамның мақсаты қазақ халық ауыз әдебиеті мұрасын игеру, мектеп пен медресеге арнап қазақ тілінде оқулықтар жазу, газет шығаруға жәрдемдесу болды. Шәкерім Құдайбердіұлы «Мұсылман кітабы» атты оқулығын 1 мың данамен 1909 жылы жариялады. Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпби» атты оқу құралын 5 мың данамен, Мыржақып Дулатұлы «Қирағат» кітабын 1914 жылы 3 мың данада жариялады. 1911 жылы 10 қаңтарда Троицк қаласында қазақ тілінде «Айқап» журналының алғашқы саны жарық көріп, Алаш идеясын таратуда осы журнал мен Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары жарияланып тұрған «Қазақ» газетінің ролі зор болды.
Дегенмен, патша өкіметі түркі тектес халықтардың осындай ұлттық мәдени-ағарту қозғалысына тосқауыл қою мақсатында «панисламшылдық» және «пантүркішілдік» дегенді ойлап тауып, оның Ресейге қауіп-қатерін негіздеуге тырысты. «Исламшылдық қозғалыс» дегенмен күресу үшін губерниялық жандармерия «панисламшылдардың қылмыстық іс-әрекетін әшкерелейтін», негізінен «мұсылман мектептері қызметкерлері мен дінбасы-ларының педагогикалық іс-әрекетін» және «панисламшылдық баспалардың» іс-әрекеттеріне тосқауыл қоятын» құпия агенттік құрды.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінің нәтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ақпан төңкерісін Алаш зиялылары зор қуанышпен қарсы алды. «Қазақ» газеті 9 наурыздағы санында: «…киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш»– деп жар салды. Ақпан төңкерісі қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Төңкеріс патша цензурасын жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдалана бастады.
Уақытша үкіметтің ұлт мәселелері бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурыздағы Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған Алаш қозғалысының өкілдері Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдірді. Ұлттық қозғалыс қайраткерлерінің патшаның 1916 жылғы «25 маусым жарлығының» күшін жоюға, «бұратаналарды» қара жұмысқа алуды тоқтатуға жасаған күресі өз нәтижесін берді. 1917 жылы 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жарияланды. Ескі әскери губернаторлық, уездік, болыстық және ауылнайлық басқару жүйелері жойылды. Олардың орнына Уақытша үкіметтің облыстық және уездік комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық және ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер және олардың атқару органдары құрылды.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1917 жылдың басында майдан штабы жанынан земскі және қалалық одақтардың бұратана бөлімін басқарып жүрген Ә.Бөкейханов 1917 жылдың 20 наурызы күні Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалды. Қазақ елі патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір өкілінің империяның әкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық деңгейді қойғанда, тіпті уезд бастығы дәрежесінде қызмет жасамағандығы мәлім. Империяның басқару жүйесінде қазақтар болыстық атқарудан жоғары қызметті иемденуге тиісті емес еді. Бұл тұрғыдан Ә. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші қазақ болатын. Жалпы, 1917 жылғы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттерінің құрылуы үлкен әсер етті. Қазақ сьездері ұлт зиялыларының белсенділігін арттырды, қара халық ұлты мен жерінің азаттығын ойлайтын, сол үшін күрескен азаматтарын өз көзімен көріп, таныды. Алаш партиясының мүшелері барлық қазақ облыстарында ең көп дауыс алды. Олар А.Байтұрсынов, М. Шоқай, М. Дулатов, Ж.Досмұхамедов, Х. Ғаббасов, Ж. Ақпаев, А. Бірімжанов, Ә. Кенесарин, Р.Мәрсеков т.б атауға болады. Бұл съездер ұлт азаттығына, жер мәселесіне, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көрсетіп, оны шешуді қарастырды. Алаш зиялылары майдандағы «қара жұмысқа» жегілген қазақтарды еліне тезірек оралуға үгіттеді. Соғыстың барлық сұрапылын бастан өткерген оларға елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға шақырды.
Жалпылай айтқанда, қазақ халқы отаршыл үкіметке ұлттық мемлекеттілігін осы съездер нәтижесінде танытты. Қазақ сьездері 1917 жылдың сәуір айында басталып, 1919 жылға дейін жүрді. Бүкілқазақтық екі сьезд ұйымдастырылды. Одан бөлек облыстық, уездік және болыстарда да әртүрлі деңгейде съездер мен жиындар өтті. Олардың жалпы саны 68 ге жуық болған. Қазақ съездерін шақыру туралы алғашқы ұсыныстар 1905-1907 жылдары Ресейде орын алған буржуазиялық-демократиялық төңкерістің нәтижесінде құрылған Мемлекеттік Думаға сайлау науқандары кезеңінде жасалды. Оны Барлыбек Сыртанов, Серәлі Лапин, Мәмбетәлі Сердалин, Райымжан Мәрсеков, Бақытжан Қаратаев секілді зиялылар көтерген екен. Бодандықтың қамытын киген қазаққа халық жиналыстарын ол кезде өткізуге патшалық жазалау органдары мүмкіндік бермеді.
Қазақстанның оңтүстігінде мұсылман депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы 16-21 сәуірде Ташкентте мұсылман депутаттары Кеңестерінің Түркістандық бірінші өлкелік съезі өтіп, ол Уақытша үкіметті қолдады. Одан бөлек Түркістан өлкесін автономия берілетін жағдайдағы Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Ол үшін Құрылтай съезге дайындалуға және «Шура-и Ислам» мұсылмандар партиясының бағдарламасын тануға шақырды.
Осы кезеңде Алаш қозғалысына қосылған жаңа есім Әзімхан Ахметұлы Кенесарин болатын. Ол 1917 жылғы 21-28 шілдеде Орынборда өткен бірінші жалпықазақ сиезіне делегат болып қатысып, Алаш партиясының қатарына қабылданды. Сол сиезде Петербор қаласында 1917 жылы қыркүйек-қазан айының бірінде өтуі тиіс Бүкілресейлік құрылтай жиналысына Әулиеата уезінен делегат ретінде ұсынылды. Бірақ, Құрылтай жиналысы большевик-тердің қарулы төңкеріс жасауына байланысты өтпей қалғандығы белгілі.
Әзімханның тікелей ұйымдастырумен 1917 жылғы 12 қарашада Әулиеата уезі қазақтарының сиезі өтті. Сиезде қазақ халқының тәуелсіздігі жолында Алаш туы астына жиналып, ұлттың болашағы үшін саяси күрес жүргізудің жолдары қарастырылды.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлының шақыртуымен 1917 жылғы желтоқсанның 5-13 күндері аралығында Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезіне Сырдария облысы қазақтары атынан Кенесарин Әзімхан, Сарымсақов Иманбек, Ержігітов Иманберді, Алдабергенов Серқұл, Байзақов Мәулемқұл, Ақжолов Есет қатысады. Сиезде Әзімхан жер-су мәселесі жөнінде баяндама жасайды. Ол Әлихан Бөкейханұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ғұмар Қарашпен қатар сиез төрағасының төрт орынбасарының бірі болып сайланды.
Сырдария облысының Алаш партиясының өкілдері мен Түркістан автономиясының төрағасы М.Шоқаймен бірлесе отырып, 1918 жылы 5-9 қаңтарында Түркістанда өңірлік сиез өткізуді шешеді. Бірақ бұл сиезге М.Шоқайдың өзі қатыса алмады. «Қазақ» газеті таратқан ақпаратқа сәйкес сиезге белгілі Алаш партиясының мүшелері Бақыткерей Құлманов, Мыржақып Дулатов және Абайдың баласы Тұрағұл Құнанбаев қатысады. Олардан басқа Әзімхан Кенесарин, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Санжар Асфендияров, Садық Өтегенов, Алдабек Мангелдин, Сұлтанбек Қожановты қоса есептегенде 82 делегат болды. Бұл жөнінде баспасөзде «…уақыт өте тар.., Түркістан қазақтарының Ал-аш автономиясына қосылуы маңызды іс болды» деп жазды.
Қазақ даласы Ресейдегі ең ірі ұлт аумақтарының бірі болатын. 1897 жылы жүргізілген халық санағы барысында 4 млн. 84 мың 139 қазақ тіркелді. Бұл санақ ісіне Ә.Бөкейханов та қатысқан болатын. Ол осы қазақтарды біріктірсе, автономиялық мемлекеттік құрылым болатындығын жақсы ұқты. Ә.Бөкейханов бастаған дала өлкесінен шыққан қазақтардың лидерлері «Алаш» партиясына бірігіп Орынборда қазақ жерлерін біріктіру және қазақ автономиясын құру қажеттігін айқындады. Ал, Түркістан губерниясы қазақтарының басшылары Ташкентте жиналып Түркістан халқының түрік және мұсылман кеңесі («Шура-и-Ислам» партиясы—Б.А.) негізінде бірігу идеясын ұстанды.
Дегенмен, 1917 жылғы Қазан төңкерісі Алаш ұлттық-демократиялық қозғалысы мен Түркістан ұлттық қозғалысының жоспарларын түбегейлі өзгертіп жіберді. Алаш зиялылары жаппай қолдаған Уақытша үкімет демократиялық өзгерістер жасауға, елді экономикалық дағдарыстан алып шығуға, мерзімі жеткен ұлттық және аграрлық мәселелерді шешуге қабілетсіз болатын. Ең өзекті жер, азық-түлік, бейбітшілік сынды өмірлік мәселелердің шешілуін талап еткен халық наразылығын тоқтату былай тұрсын, оған қалай жауап беруге қауқары болмады. Ал, большевиктер уақытша үкіметтің бұл әлсіздігін шебер қолданып кетті.
Қорыта айтқанда, Алашорда үкіметі Қазақстан әрі қарай өз тәуелсіздігіне қол жеткізе алатын жаңа мемлекет құру үшін барлық алғышарттарды жасап, беріп кетті. Айталық, Автономиялық Республиканың шекарасы туралы большевик үкіметімен болған өткір пікірсайыс барысында бұрын Ресейге өтіп кеткен өте маңызды территориялардың қайтарылуына қол жеткізді. Олардың қатарында – Коростылевская даласы, Семей, Ақмола облыстары және Каспий теңізінің жағалауы бар. Бұл Бөкейхановтың бастауымен автономия лидерлерінің В.Ленинмен ҚазАКСР-ң сыртқы территориясын анықтау мәселелері бойынша келіссөздің нәтижесінде жүзеге асты.
Алаш ұлттық автономиясы 1917 жылдың шілдесінен 1920 жылдың орта шеніне дейін, ал Түркістан автономиясы 1917-1918 жылдары арпалыста өмір сүрді. Екеуі де большевиктік биліктің қысымымен жойылды. «Алаш» партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді. Жалпы, Алаш қозғалысы мен Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы, оны кеңестік әдебиеттерде «басмашылар қозғалысы» деп те атайды. Бұл қозғалыс Ферғана, Бұхара аумақтарында 1930 жылдардың басына дейін әрекет етті.
Кеңестік кезеңде қазақ съездерінде қабылданған шешімдерге теріс баға берілді. Олар «буржуазиялық», «ұлтшылдық» бағытта болды деген желеумен Тәуелсіздікке дейін жасырылып келді. Қазір де олардың мәніне тиісінше баға берілмей оқулықтарда қазақ-қырғыз кеңестері немесе қырғыз (қазақ) комитеттері деп қысқа жазылып келеді.
Бүгінгі тарихи пайым 1917 жылғы ақпан төңкерісінің ұлт аймақтарының саяси және ұлттық мәселелерін өз қалауынша шешуге кең жол ашқандығын көрсетіп отыр. Ал, большевиктердің «Ұлы Қазан төңкерісі» сыртқы күштердің арқасында жеңіске жетті. Атап айтсақ, Халықаралық Коммунистік интернационал (коминтерн-Б.А) шын мәнінде халықаралық террористік ұйым болатын. Оның қанқұйлы таптық күреске негізделген идеологиясы халықтарға тек қасірет әкелді. Қазақты айтпағанның өзінде түркі тектес халықтардың ішінен 1917 жылға дейінгі мерзімде бірде-бір кәсіби революционер шықпағанынан байқауға болады. Революция (төңкеріс-Б.А.) идеясы Қазақ қоғамына күштеп таңылды.
Большевиктердің жасаған оңды ісі орыстың ұлтшыл-шовинизміне қарсы қатты соққы бергені болатын. Орыс шовинистерін билікке жолатпады. Өйткені, жауапты жоғары билік орындарының 90 пайызға жуығын еврей ұлтынан шыққандар құрады.
Бахадыр АЙТАЙ,
тарих ғылымдарының кандидаты.